зәулім үйдің төбесіне жалаң қолмен өрмелеп шықты
Жұртшылық арасында «өрмекші адам» деген ат алған белгілі жартасқа өрмелеуші Ален Робер жалаң қолымен, ешқандай сақтандыру құралдарынсыз Париждегі биіктігі 187 метр болатын зәулім үйдің төбесіне жерден бастап өрмелеп шықты.
Француздың 53 жастағы спортшысы қаланың Дефанс махалласында орналасқан маңдайы көк тіреген ғимараттың ең төбесіне дейін өрмелеп жетуге 45 минут уақыт жұмсады.
Біраздан бері осындай қауіпті биіктіктерді бағындырып жүрген «өрмекші адам» өзінің мұндай кез келген «жорығына» сақтандыру құралдарынсыз аттанады екен. Мұны Ален альпинизмнің өз өмірінің мәні, мазмұны, бөлшегі екендігімен түсіндіреді.
«Альпинизм – менің құмарлығым, менің өмірлік философиям. Әртүрлі бақытсыз жағдайлар іс жүзінде 66 пайызға мүгедек етіп қойғанына, мұндай биік деңгейлерде басымның айнала бастайтынына қарамастан, мен жорыққа жалғыз аттанатын альпинистердің арасындағы үздігі бола алдым», деп жазыпты Ален Робер осы оқиғадан кейін Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасына.
Ален бұл кезге дейін Эйфель мұнарасын, Сидней опера театрын, Дубайдағы Бурлд-Халиф ғимаратын және Малайзия астанасы – Куала-Лумпурдегі Петронас мұнарасын бағындырған.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.