Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Діни бірлестіктер өкілдері жиналысының кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктердің, Қазақстан Дінтанушылар конгресінің, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің басшылары және өкілдері қатысты.
Отырыс аясында мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықтың, рухани келісімді нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды, сонымен қатар, Қазақстанның діни бірлестіктер өкілдерінің атынан Наурыз мейрамына байланысты Қазақстан халқына құттықтау хаты бекітілді.
Ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін жиналыстың мүшелері мен қонақтары үшін «Әзірет Сұлтан» мешітіне экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның ресми бөлігінен кейін оған қатысушыларға ыстық шәй, «Наурыз көже» дәстүрлі тағамы, шығыс тамақтары ұсынылды.
Сондай-ақ, түрлі конфессия өкілдері «Асық ату», «Арқан тарту» ұлттық ойындарына белсене қатысты.
«Егемен-ақпарат».