Қашанда қоғамдық-саяси өмірдің бел ортасынан табылатын теміртаулықтардың бүгінде ел тыныс-тіршілігіндегі белсенділіктері де ерекше. Бұл ретте жұртты жасампаз істерге жұмылдыруда «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының ықпалы зор. Ол осы күнде 7 мыңнан астам азаматты қатарына қамтыған облыстағы ірі ұйымдардың бірі саналады. Олардың арасынан сайланған делегаттар кезекті есеп беру-сайлау конференциясында алда тұрған міндеттерді бірге талқылады.
Сөз сөйлеушілер атап өткендей, қалада партия беделі жылдан жылға нығайып келеді. Былтыр «Нұр Отанға» 192 адамның өз еркімен мүше болуы – соның жарқын айғағы.Филиал біріктірген 15 бастауыш ұйым партиялық бағдарламаларды іске асырудың ұйытқысы болып отыр. Барша қазақстандықтардай, теміртаулық нұротандықтар да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекетімізді басқарудағы өкілеттігін ұзартуға бірауыздан қолдау көрсетуде.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сөз алып, есеп беру-сайлау жиналыстарының бірінші кезеңі аяқталғанын, оның 6 мың бастауыш партия ұйымдарында үлкен белсенділікпен өткенін айтты. Бұл жиындарда партияның 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жобасы кеңінен талқыланғаны аталды. Ақпан айында болатын съезде қабылданатын жаңа бағдарлама «Нұр Отанның» іс-қызметіне тың серпін береді.
Жиналыста қалалық филиал ұйымының іс-шаралары белгіленді.
Айқын НЕСІПБАЙ, Теміртау.