АҚТӨБЕ. 18 наурыз. Наурыз мейрамы қарсаңыңда Ақтөбе қалалық әкімдігінің ғимаратында «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы тұрғын үйі бағыты бойынша пәтер кілттерін табыстау салтанаты болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қала әкімі Бекбол Сағын мерекелік шараға қатысушыларды келе жатқан Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған 17 азаматқа №12 шағын аудандағы «Кендала» және №41 разъездегі «Алтын дала» тұрғын үй кешендерінен су жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.
Жалдамалы пәтерлер кезекте тұрған бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерге, толық емес, көп балалы және мүгедек балалары бар отбасыларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери қызметшілерге берілді.
«Қазіргі таңда үстіміздегі жылғы 18 наурызға дейін кезектегі азаматтардан «Батыс-1» шағын ауданындағы 192 пәтерге және Ленинградская көшесіндегі 9 пәтерге электрондық нұсқада құжаттар қабылдануда. Сонымен қатар, «Жас отбасыларға араналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 234 пәтерге азаматтардың төлем қабілеттерін тексеру бойынша жұмыстар жалғасуда», – деді Бекбол Сағын.
Шаһар басшысы атап өткендей, Ақтөбе қаласында Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру барысында тұрғын үй құрылыс бағдарламалары жүзеге асырылып, 2013 жылдан бастап бүгінге дейін 4 215 отбасы баспаналы болған. Биыл «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Тұрғынүйқұрылысжинақ» жүйесі бойынша құрылысы өткен жылы басталған 540 пәтерлік 10 блок-секциялы 3 үй тапсырылады деп күтілуде. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында облысымызға қосымша қаражат бөлінетін болды. «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабының №3 және №4 шағын аудандарында жалдамалы тұрғын үйлерді салу қарастырылған. Биыл мұнда 1 728 пәтерлік 9 тұрғын үйді салу жоспарлануда.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.