АСТАНА. 25 наурыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев VI шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты. Бұл туралы akorda.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мемлекет басшысы депутаттарды Мәжіліс жұмысының басталуымен құттықтап, өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екенін айтты.
«Сайлаудың нәтижесі қазақстандықтардың қазіргі және болашақ біртұтас ұлт ретіндегі тұтастық деңгейі жоғары екенін нақты көрсетіп берді. Сайлау қазақстандық бірлікті нығайтқан тарихи актіге айналды. Дауыс беру Ұлт жоспарын бүкілхалықтық қолдаудың көрінісі болды. Мен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жылында өткен сайлаудың тарихи нәтижесімен қазақстандықтарды тағы да құттықтаймын. Сондай-ақ, Мәжілістің жаңа құрамындағы барлық депутаттарды парламентші мәртебесін алуымен құттықтаймын», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар үшін қоғам тіршілігінің бірқатар маңызды салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан Ұлт жоспарын жүзеге асырудың аралық нәтижелеріне де егжей-тегжейлі тоқталды.
Қазақстан Президенті алтыншы шақырылымдағы Парламенттің заң шығару жұмысына қатысты бірқатар маңызды міндеттерді атады.
«Біріншіден, барлық қаржы үдерістерінің жариялылығын қамтамасыз ететін бірыңғай салық және кеден кодексін қабылдау керек. Екіншіден, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті қабылдау арқылы осы саладағы қатынастарды реттейтін барлық нормалар бір заңда шоғырландырылады. Үшіншіден, қолданыстағы электр энергетикасы мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бұл энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру үдерісі үшін керек. Төртіншіден, монополияға қарсы саланы реформалаудың екінші кезеңі аясында бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. Бесіншіден, мемлекеттік қызметтерді бәсекелі ортаға беру саласындағы заңнаманы жаңғырту керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттары заң шығару үдерісінде Парламент Сенатымен арадағы сындарлы өзара іс-қимыл дәстүрін жалғастыратынына сенім білдірді.
«Мәжілістің жалпы өкілеттік мерзіміне арналған заңнамалық жұмыстардың перспективалық жоспарын әзірлеу маңызды міндет болып саналады. Жаңа ахуал жағдайында Парламенттің және оның палаталарының қоғамдық саяси рөлі мен жауапкершілігі артып отырғанын айрықша айтқым келеді. Парламентшілердің партияаралық өзара іс-қимылын күшейтіп, барлық фракциялар мен депутаттық топтардың үйлесімді жұмысына қол жеткізу керек. Қазақстан депутаттарының халықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсене қатысуы да маңызды міндет. Жаңа депутаттар жұмысқа жедел қосылатынына, ал бұрынғы құрам депутаттары сабақтастықты қамтамасыз етіп, «жаңа арнаға» жедел көшетініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.
Іс-шара барысында Парламенттің жаңадан сайланған депутаттары ант берді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: akorda.kz.