• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2016

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері

301 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Ұлт Жос­пары – қазақстандық ар­манға бастайтын жол» атты ма­қаласында елімізде транзиттік жолдарды жаңғыртып, Еур­азия кеңістігінде көліктік-логис­ти­калық хаб орнатуға аса ма­ңыз берді. Осыған орай Ин­вес­тициялар және даму минис­тр­лігінің Автомобил жолдары комитетінің төрағасы Мереке ПІШЕМБАЕВПЕН әң­гімелескен едік. – Мереке Құдайбергенұлы, Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында «Нұр­лы Жол» мемлекеттік бағдарламасында қаралған республикалық ма­ңызы бар 7 мың шақырымнан ас­там ав­томобиль жолдары қайта жаңғыртылатынына баса назар аударған. Атап айтқанда, бұл авто­мобиль жолдарына қандай автомагистральдар кіреді? Сон­дай-ақ, бүгінгі таңда оларды жаң­ғырту жұмыстары қалай жүр­гізіліп жатыр? – Автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мен оларды дамытудың ма­ңыздылығын ескеріп, Елбасы жа­риялаған 5 институттық реформа және оларды іске асыру бойынша «100 нақты қадам» шеңберінде, ми­нистрлікте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық дамудың мем­лекеттік бағдарламасы бекі­тілді. Осы бағдарлама шеңберінде ұзақтығы 7 мың км. 11 автожол жо­­басын іске асыру қаралған. Бұл Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Ал­­маты – Өскемен, Астана – Петро­павл – РФ шекарасы, Орал – Ка­мен­ка, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды, Жетібай – Жаңаөзен, Үшарал – Достық, Астана қаласы және Оңтүстік – Батыс айналма жобалары. Олардың жалпы құны 2,4 трлн. теңгені құрайды. Жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан 2015-2016 жылдарға 301,3 млрд. теңге бөлінді. Оған қоса, Үкімет ХҚИ займдарын тартып отыр. Ол  қажетті қаржының 75 пайызын құрайтын болады. Бүгінде халықаралық қаржы инс­­титуттарымен 5,5 млрд. АҚШ долларын тарту жөнінде ке­лі­сім бар. Осы қаражат есебінен Ор­­­­­та­лық – Оңтүстік, Орталық – Батыс, Ұзынағаш – Отар, Жетібай – Жаңаөзен жобалары іске асырылатын болады. Ағымдағы жылы осы жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аяқталады. Біріншісі бойынша Бурылбайтал – Күрті, екіншісінің Ақтөбе – Мақат және Атырау – Ас­­­трахань телімдері, Жетібай – Жа­ңаөзен, сондай-ақ, Ұзын­ағаш – Отар учаскелері бойынша осы 1 жартыжылдықта ХҚИ-мен келісімге қол қойылып, жол-құрылыс жұмыстары басталады. Бұлармен бірге, Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал және Ас­­тана – Арқалық – Қандыағаш те­лімдеріне қатысты келісімшарт та таяу уақытта жасалып болады. Бұдан өзге былтырғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының Бейжің қаласына сапары кезінде «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ автомо­биль жол­дарын басқару бойын­ша ұлттық операторы мен Қытайдың Эксимбанкі» арасында 2,6 млрд. АҚШ доллары сомасына 11 автожол жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Көрсетілген займ 20 жылдық мер­зімге  5 жыл жеңілдік кезеңімен 2 пайыз жылдық  мөлшерлемемен ұсынылады. Қытай тарапымен өткізілген келіссөздер нәтижесінде тепе-тең негізде қытай және қазақ­стандық жол-құрылыс компанияларымен құрылған консорциуммен автожол жобаларын іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді. «Нұрлы Жол» жобаларын іске асыруға өткен жылы 302,2 млрд. теңге бөлінді, оның 178 млрд. тең­­гесі Ұлттық қордан алынған. Бөлінген қаражат есебінен Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Бейнеу – Ақтау, Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл – РФ шекарасы және Орал – Каменка жобаларын іске асыру жалғасып, 2,3 мың км. жол төселді. Нәтижесінде 72 мың адам жұмысқа тартылды. – Автокөлік жолдарын ақы­лы ету шарасын қазіргі таңда қалың ел қызу қолдай бастады. Ақылы жолдардың қызметі қаншалықты сапалы болады? Сондай-ақ, транзиттік дәліздердің бойындағы сервистік орталықтар халықаралық та­лапқа сай боларына кепілдік бар ма? – Қазірше елімізде бір ғана ақылы жол – Астана – Щучье  те­лі­мі қызмет етуде. Халықаралық мамандардың  бағалауы бойынша, біздің ақылы жүйе алдыңғы қатарлы жобалардың бірі болып табылады. Алайда, автоматты түрде ақшаны қабылдайтын қабылдағыштар бойынша бірқатар кемшіліктер бар. Атап айтсақ, ақшаны ақырын санап өңдеуі, әсіресе, кептеліс кезінде  кезектің көбеюіне әкеліп соғуда. Кемшіліктерді жою мақ­­­сатымен жолақтардың санын көбейтіп, терминал арқылы алдын ала төлеудің баламалы тә­сілін енгізудеміз. Сондай-ақ, жүріп өткені үшін төленетін ав­томаттандырылған борттық  құ­рылғыны – транспондерді таратудамыз. Қуанарлығы, Еуропа, Қытай, Ресей және Қазақстанда ақылы жолдарды пайдалану тәжі­рибесі  көрсетіп отырғандай, ЖКО саны 3 есеге, ауыр жарақат алу деңгейі 8 есеге дейін азайды. Бұйыртса, 2020 жылға дейін  республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 7 000 ша­­­қырымы ақы алу жүйесіне ен­гізіледі. Автомобиль жолдарын­да ақы алу жүйесі тек қайта жаңғыр­тылған учаскелерде ғана болады. Өткен жылдың шілде айынан бастап «Жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдары мен жол сервисі объектілеріне және олардың қыз­меттеріне қойылатын талаптар» туралы еліміздің ұлттық стандарты күшіне енді. Осы ұлттық стандарт халықаралық тәжірибелерді ескере отырып жасалған және жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында ұсынылатын қызметтеріне, жол-сервис нысандарына және жол қызметіне, сондай-ақ, оларды орналастыру мен абаттандыру ережесіне жалпы талаптарды бекітеді. Осылайша сервистік орталықтар салуға мүдделі  кә­сіп­­­керлер құрылысты  ұлттық стандартқа сай жүргізуге міндетті. – Көпшілік қауымның бір білгісі келетіні, ақылы жолдардан түскен қаржы қайда түсіп, қа­лай жинақталады және ол қайда жұмсалады? – Қазіргі уақытта автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға шамамен 12 млрд. теңге бөлінеді. Ал  күтіп-ұстау нормативі бойынша жыл сайын  шамамен 45 млрд. теңге қажет. Сондықтан, автомобиль жолдарын бабында ұстауды ақылы жолдар есебінен де жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бү­гінде Астана – Шучье ақылы те­лімінен жиналған қаражат рес­публикалық бюджеттен жолды күтіп-ұстауға және ағымдағы жөн­деуге бөлінетін ақшаның орнын толықтай жауып отыр. Іске қо­сылғаннан бастап, ақылы учаскеден жиналған қаражат 2,767 млрд. теңгені құрады. – Республикалық маңызы бар жолдар толық жаңғыртылып болған соң «Еуразиялық транс­­құрлықтық дәліздің» қа­зақ­стандық бөлігі дайын бола­ды. Бұдан халықаралық жүк тасымалдаушылар мен Қа­зақ­станның өзі не ұтады? Жалпы, осы шараға халықаралық жүк та­сы­малдау­шылар қаншалықты мүдделі? – Мультимодальды Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізді құру жобасын дамыту бойынша Қа­зақстан жоспары Азия мен Еуропа арасындағы тауарлар, адамдар және ақпараттар үздіксіз ағылуына жету үшін маңызы өте зор. Бұл тұрғы­да өткен жылдың 21 желтоқсанында Астанада ЕО мен Қазақстан ара­сындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімнің стратегиялық рөлі зор. Аталған құжат құрамында сауданы қол­дау және дамытудың көлік саласында ынтымақтастықтың ба­сым бағыттарын, оның ішін­де негізгі көлік байланысын Еу­ро­памен тиімді, қауіпсіз және се­нім­ді жүк тасымалдаудың кең элементтері қаралған. Оған қо­са, ол Қазақстан аумағында темір­жол инфрақұрылымын құру, экс­порттық әлеуетін кеңейту ғана емес, қосымша жұмыс орындарын құруды да мұқият қадағалайды. Қазақстанда теміржол желісінің жос­парлы түрде кеңейтілуін Еуро­одақ үлкен қызығушылықпен қа­­даға­лайды. Азия мен Еуропа арасындағы аса тығыз байланыс бизнес және жұмыспен қамтуды, бар­­лық мүдделі тараптардың өсуіне жә­не дамуына мүмкіндіктер жасайды. Батыс Еуропа мен Батыс Қы­тай арасындағы дәліздің жалпы ұзақ­тығы 8,4 мың км.-ден  астам. Қазіргі уақытта Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық тран­зиттік дәлізінің РФ шекарасынан Алматы облысының шекарасына дейінгі аралықта – Ақтөбе, Қы­зылорда, Шымкент, Тараз қа­ла­лары арқылы, жалпы ұзақтығы 2 мың км. қашықтықта жаңа жабынды арқылы көлік қозғалысы ашылды. Алдын ала жасалған зерттеулер бойынша, бұл жобаны іске қосқанда транзит көлемі жә­не жүк тасымалы 2,5 есе, АТС қарқындылығы 1,5 есе ұл­ғаяды. Аяқталған учас­келерде қазірдің өзінде өсу  байқалады. Дә­ліздің орташа жүріп өту уақыты егер екі жүргізуші мен қозғалыстың орташа жылдамдығы 80 км/сағ., жолда тәулігіне 10 сағат болғанда, кедендік ресімдеуді есептемеген жағдайда шамамен 10 тәулікті құ­райды. Бұл тран­зиттік жол Қытай, Қазақстан және Ресейді ғана байланыстырмайды, оған Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан, Тә­жікстан келіп қосылады. Сондай-ақ, келешекте Түрікменстан және Таяу Шығыс жалғасуы мүмкін. Өйткені, болашақта Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолы  Маңғыстау ба­ғы­тында, әрі қарай Парсы шы­ғанағына жалғасады. Бұл тармақ­тың құрылысы 2020 жылға дейін аяқ­талады. Жоба жүк тасымалдарын негізгі үш бағытта, Қытай-Қазақстан (25%), Қытай-Орталық Азия (35%), Қытай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еуропа (40%) қамтамасыз етеді. Енді экономикалық зерттеулерге сүйене отырып, бұл жо­­­ба Қазақстанға қандай пайда әке­летініне тоқталайық. Бірінші, АТС ұстауға кететін шығындарды қысқартудан жыл сайын 63 млн. АҚШ доллары үнемделеді. Екінші, жол жүру уақытын қысқартудан жыл сайын 226 млн. АҚШ доллары ел пайдасында қалатын болады. Үшінші, ЖКО-да өлім-жітімді азайтудан жыл сайын 332 мың АҚШ доллары ел игілігінде қалады. Төртінші, 2020 жылға дейін сыртқы сауданың өсуі, экспорт пен импорттың үлесі 32 және 33 пайызға ұлғаяды. Тоқсан тарау жолды түйістіріп айтқым келетіні, «Нұрлы Жол» мем­­лекеттік бағдарламасы шең­­­­бе­рінде жүзеге асырылып жатқан жо­балар өз мерзімдерінде жобаға сай жүргізілуде. Нәтиже­сінде, көліктік-логистикалық инфра­құ­ры­лым құ­руға мүмкіндік молынан туып тұр. Ендігі міндет кө­лік жолдарын әлеуметтік-эконо­ми­калық дамудың драйверіне айналдыра білу болып отыр. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».