Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінде «Біз – Ұлы Дала елінің жастарымыз» атты толеранттылық фестивалі болып өтті. Бұл шараға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев және облыста тұратын түрлі ұлт өкілдерінің жастары қатысты.
Фестивальді таяуда ғана қалалық ішкі саясат бөлімі жанынан құрылған «Ақтөбе жастары» КМК ұйымдастырды. Оның белсенді өкілдері тәрбие мен бірлік сезімі өскелең ұрпақтың бойында тәуелсіз Қазақстанның басты мемлекеттік саясатын бекіте түсетініне сенімді. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Дариға Исмағамбетованың айтуына қарағанда, шараның басты мақсаты «Қазақстандықтар – бір отбасы» идеясын насихаттау, сонымен бірге, елде бейбітшілікті ұстап тұратын ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес, «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы» қадамы азаматтық қоғам қалыптастыруда қазақстандықтардың бірегейлігін көрсетеді.
Фестиваль аясында 11 экспозициядан тұратын Қазақстан тарихы мен мәдениетін, ұлттық киім үлгілері мен тағам түрлерін қамтитын көрме ұйымдастырылды. «Достық конвейері» атты дөңгелек үстелдің қатысушылары халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту барысын талқылап, Қазақстан халқы жастар ассамблеясын құру туралы шешімге келді.
Фестиваль қатысушылары «Елбасы жолы» фильмінен үзінді көрді. Шара соңында флеш-моб ұйымдастырылып, барлығы достық биі мен жастар әнұранын орындады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.