Қарағандыда бір ұрылар тобының ұрлаған заттарын балалар үйіне тапсырғаны туралы ақпар бұдан бірқатар уақыт бұрын тарап еді. «Бақсам, бақа екен» демекші, нағыз кәнігі үш баукеспеден тұратын қылмыстық топты Эдуард Семин деген басқарыпты. Ол бұған дейін қарақшылық шабуыл жасағаны үшін түрмеде жазасын өтеп келген басбұзардың өзі екен. Ал бостандыққа шыққаннан кейін жас шамалары 18 бен 20-ның аралығындағы екі сыбайласты тауып алып, өзінің ежелгі ісімен қайта табысқан.
Қылмыстық топ негізінен қала шетіндегі гараждарды тонаумен айналысып келген. Олар бұл мекендердің есіктерін бұзып кіріп, ішіндегі дүние-мүліктің бірін де қалдырмай алып кетіп жүріпті. Бірде олар жайма базардағы темір контейнерге түсіп, құны шамамен алғанда, 1 миллион теңге тұратын киім-кешек пен аяқ киімді үптеп кетеді. Тауардың көптігі сондай, ұрылар оны қайда апарып қоярын білмей сасыпты. Содан ойлана келіп, қолды болған тауардың біраз бөлігін балалар үйіне апарып, тегін таратып берген. Жетімдер үйінде олар өздерін қайырымдылық ісімен айналысып жүрген кәсіпкерлер ретінде таныстырыпты.
Алайда, «қайырымды жандардың» көп ұзамай арты ашылып қалады. Жезқазған қалалық соты топ серкесін үш жылға бас бостандығынан айырса, жанындағы екі серігіне екі жылдан жаза берді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.
Жезқазған қаласы.