Біз бақытты ұрпақпыз. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осы жолда талай айқастар болып, елі үшін еңіреген ерлеріміздің қаны төгілгені белгілі.
Бұл қазақ сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген сақтар, ежелгі ғұндар дәуірінен өтіп, көне көк түркілерден таралып, өз тілін, дінін, мәдени мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, сөз мәйегін жоғалтпай келе жатқан халық. Өзінің өркенді тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, тарихын мыңжылдықтар тереңінен тартқан Ұлы Дала иесіміз. Иә, бүгінгі бейбіт күндеріміз өзінен өзі келіп басымызға бақ болып қона қалмағанын да жақсы білеміз.
Басымызға «коммунизм» орнатамыз деп жетпіс жыл жасаған Кеңес Одағын да бастан өткердік. Біздің балалық шағымыз сол кеңес кезеңінде өтті. Сол заман ағымына ілескендердің көбі ана тіліне шорқақтап, орыс тілді ұрпақ пайда болды. Соның салдарынан өз ұлтымыздың салт-дәстүрлерінен ажырап қала жаздадық. Мешітке бару түгілі, Наурыз мерекесін атап өтуге тыйым салынған уақыттар болды. Сонда да әке-шешелеріміз айт кезінде жеті шелпек пісіріп, үйде молда шақырып, құран оқытатын, Наурыз күндері жеті дәмнен жасалатын көже ішіп өстік. Отаршылдықтың солақай саясаты санамызға қанша соғылса да, ойымызда ұлтқа деген сүйіспеншілігінің сағы сынбаған біздер, сол кездегі аудан орталығындағы жалғыз қазақ орта мектебінде оқыдық, мектеп бағдарламасына енген ай атаулары өзге тілде берілсе де, Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңін жаттап, содан қаңтар, ақпаннан кейін «жаңа күн» – Наурыз басталатынын біліп жүрдік.
Шүкіршілік айталық, бүгіндері сол отаршылдық озбырлықтың ауылы алысқа кетті. Ажырап қалған әдет-ғұрыптарымыздың мол ғибратын пайдаланып кешегі кеткен есеміздің орнын толтыратын уақыт келді. Еліміз өз Тәуелсіздігінің жиырма бес жылында мың жылға татырлық іс тындырды. Биыл мемлекетіміз алғаш рет 1 наурызда «Алғыс айту күнін» атап өтті. Бұл дегеніміз репрессия жылдарында түрлі ұлт өкілдерін Қазақстанға күштеп жер аударғанда, азып-тозып келген жұртты қабылдаған, қонақжайлық танытып, қолындағы жарты құртын жырып беріп, қиыншылық кезеңді төзімділікпен көтере білген қазақ халқына мейірімділігі мен пейілдері үшін ризашылық білдіретін күн болмақ.
Ендеше, көктемнің алғашқы күнінен жылулық пен мейірімділіктен басталатын, дастарқан басына жиылып жақын туыс бауырларымен қауышуға асығатын, Қош келдің, әз Наурыз! – демекпіз. Ежелден қазақ халқы Наурыз айын асыға күткен. Ақ көрпесін жамылған қыс ұйқысынан оянып, қасиетті Жер-анаға күн мейірімі төгіліп, қыстан қысылып шыққан барша жұрттың тілектері теңелетін, төрт түліктің артынан төл өретін, сөйтіп, арқа-басы кеңейген ағайынның қуанышқа кенелетін көңілді мерекесі болып бұрыннан қалыптасқан.
Ұлыс мерекесін ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін, ежелден бері елмен жасасып келе жатқан түрлі спорттық ойындарымызды жаңаша сипатта дамытып, әлемдік аренаға шығарсақ қандай ғанибет. Меніңше, оған мүмкіндігіміз мол.
Осындайда аламан бәйгелерде шапқан жылқы мінезді өр қазақтың көкпары мен «қазақша күресін» осы Наурыз тойы үстінде ерекше дәріптей отырып, төрткіл дүниеге танылатындай дәрежеге көтеріп, тіпті, төрт жылда бір өткізілетін Олимпиада ойындары төрінен көрсек деп армандаймын.
Мәселен, мен спорт мектебінің жаттықтырушысы ретінде допқа жиналған балаларға алдымен біраз асық атқызып, ләңгі тепкізіп аламын. Мұның баланың дене бітімінің икемге келіп, ептілігін арттырып, допты да ұршықша йіруіне септігі тиетінін байқап жүрмін.
Бала деген дайын балқытылған алтын ғой, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де, ұстамы мықты ұстаз қолында. Сондай-ақ, қазақтың «Не ексең соны орасың» – деген қарапайым тәмсіл сөзіне мән берсек, бала бойына бүгін дарытқан тәрбие күні ертең жеміс пен жеңіс болып, өзімізге ораларын түсінеміз. Ең бастысы, бала бойына тәлім-тәрбиені дұрыс сіңіре білейік.
Сұлтанғазы ҚОҚАБИ,
Панфилов аудандық
№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушы-жаттықтырушысы.
Алматы облысы,
Жаркент қаласы.