Майра АЙСИНА:
– Жалпы, депутат болу адамға өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздің экономикалық дамуына, әлеуметтік әл-ауқатының артуына ықпалын тигізетін заңдарды барынша тиімді етіп қабылдау адамнан өте көп еңбектенуді, ұзақ уақыт бойы сарылып ізденуді талап етеді.
Мен өткен сайланымдарда өз басымнан осындай ахуалдарды өткердім.
V сайланымның депутаттарды үйлесімділікпен жұмыс істеді деп айта аламын. Бәрі де заңдарды қажетті деңгейге жетілдіруге белсене атсалысты. Енді жаңа әріптестерімізбен де тез табысатын шығармыз. Өйткені, бұл жолы да Мәжіліске өте білікті, өз ісінің шеберлері сайланғанын көріп отырмыз.
Әрине, өткен сайланымдағы кейбір әріптестеріміздің орнын солар секілді білікті адамдар басқанына сенімдімін.
Балайым КЕСЕБАЕВА:
– Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғаныма қуаныштымын, сонымен қатар, бұл жұмыстың өте ауыр жауапкершілік жүктейтінін де сезінемін. Өзім біраз жыл Қызылорда облыстық әділет департаментінің басшысы болып қызмет атқарғандықтан, заңдармен жақсы таныспын. Алайда, солардың кейбірінің қазақша мәтіндері қарын ашыратынын көріп жүретін едік. Енді соны өз қолымызбен түзеп, халыққа сапалы сәнімен ұсынуға қолғабыс тигізермін деген үмітім бар.
Бүгін Елбасының сөзі маған қатты әсер етті. Ол кісі бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Бес институттық реформаның іске асуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін заңдар да жетілдірілетінін және осы бағыттағы жаңа заң жобалары біздің қарауымызға көптеп келетінін сезіп тұрмын. Міне, осылардың бәрін әрі тиімді, әрі халыққа барынша ұғынықты жасай алатын болсақ, біздің міндетіміздің орындалғаны сол деп білемін.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ:
– Елбасының жаңағы айтқан сөздері мені қатты толқытты. Ол кісі өзінің сөзінде біздің шығарған заңдарымыздың бәрі Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын атап көрсетті.
Қаржы үдерістерінің жариялылығын қамтамасыз ететін бірыңғай салық және кеден кодексін қабылдау керек деген тапсырмасы да қатты ұнады. Бұл заңның әртүрлілігін пайдаланып, мемлекеттік қаражатты жең ұшынан жалғасып, қымқырғысы келетіндердің жолын кесетіні айқын. Жалпы, бір мәселе бойынша заңда ешкімді тапжылтпайтын бірізді шешім болуы керек қой. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі.
Елбасының осындай мәселелерге назар аударатыны мені қатты тәнті етті. Мен өзім өзбек тілінде шығатын «Жанубий Козогистон» атты облыстық газеттің бас редакторлығы қызметінен «Нұр Отан» партиясының тізімімен сайланған журналист депутатпын. Сондықтан да, ашықтық пен мөлдірлікті қалаймын.
Мәулен ӘШІМБАЕВ:
– Мемлекет басшысы өз сөзінде Парламенттің алдында тұрған келелі міндеттерді айқындап берді. Ол негізінен еліміздің құқықтық базасын қалыптастыру төңірегінде өрбіді. Алдағы уақытта бәсекелестікке, салық кодексіне, кеден кодексіне қатысты заңдарды жетілдіру мәселесі алдымызда тұр. Депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасына орай осы төңіректе белсене жұмыс істейді. Түйіндеп айтқанда, Парламент Мәжілісінің бүгінгі ең басты міндеті еліміздегі реформаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету болмақшы.
V шақырылымда депутаттар 59 заң қабылдады. Әйтсе де, Ұлт Жоспарына байланысты, басқа да реформаларға қатысты құқықтық базаны толыққанды қалыптастырдық деп айту қиын. Басқа да заңдарды, басқа да шешімдерді қабылдау қажет. Бұдан басқа, «Нұр Отан» партиясының фракциясы үшін сайлауалды бағдарламасы біздің басым бағыттарымыздың бірі болып табылады. Сондай-ақ, қазіргі Парламент Мәжілісінің алдында тұрған басты мәселе – бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытында жұмыс істейміз.
Геннадий ШИПОВСКИХ:
– Бүгін VI шақырылымның алғашқы отырысына қатыстық. Ант қабылдадық. Парламенттік қызметіміз енді басталып жатыр. Осы күннен бастап халық үшін қолдан келген қызметімізді көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені, халықтың көпшілігі «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына сенімін артты, өздерінің түйінді мәселелерінің шешілетіндігінен үміттеніп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта әріптестерімізбен бірге халықтың ойынан шығуға тырысамыз.
Парламент Мәжілісінің құрамында әртүрлі саланың өкілдері бар. Оның ішінде экономистер де, елге танымал саясаткерлер де жеткілікті. Халықтың проблемасы да әртүрлі. Сондықтан әр депутат өзінің терең білетін саласына байланысты, заңдардың сапалы қабылдануына үлес қосатыны сөзсіз. Мен жұмысшылар тобының өкілі болғандықтан шығар, әлеуметтік желілерде сын тезіне алғаны байқалады. Мен машиниспін, пойыз жүргізетін, ал ол қанша адамның тағдырына жауап беретінін білесіз бе? Жауапкершілігі тым жоғары. Білмеген жерлеріміз болса, үйренеміз, сөйтіп, депутаттық қызметімізді жауапкершілікпен атқаруға тырысатын боламыз.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.