ҚОСТАНАЙ. 28 наурыз. Қостанайда таэквондодан кадеттер арасында республикалық чемпионат бірінші рет өтті. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан кадет спортшылары қатысты. Бұл туралы ng.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
2002-2004 жылы туған 360 таэквондошы 10 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың арасында 3 әлем чемпионы да болды. Осы чемпионатта бәсі басым болғандар республика құрамасына өтіп, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Мамандардың айтуынша, жарыс әлемдік стандартпен өтті.
Айта кетейік, спорттың бұл түрі Қостанайда кенжелеп қалған болатын, облыс құрамасы республика бойынша соңғы орында.
Облыстың таэквондодан бас жаттықтырушысы Ахтам Одилов: «Бүгін қостанайлық біраз балалар қатысып жатыр, бірақ олардың тәжірибесі әлі аз, республикалық құрамаға өтпейді. Оның есесіне бұл чемпионат олар үшін жақсы жаттығу болып тұр», – деді.
Еліміздегі кадеттер арасындағы аға жаттықтырушы Мырзағали Сұрағановтың айтуынша, алдымен халықаралық турнир Мәскеуде өтеді, содан іріктелгендер Кореяда қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Өткен жылғы әлем чемпионатынан қазақстандық кадеттер 3 қола медал алған болатын. Бұл жолы олардың алтын мен күмістен үміті бар.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: ng.kz.