Бір ауыз сөз
Дін – көркем мінез қалыптастыратын жемісті де берекетті имандылық бұлағы екендігі құлаққа әу бастан сіңіріліп жүр. Оның кәусарынан қанып ішкен әр пенде ерте ме, кеш пе бақытқа, кеңірек алсақ, елдік қауіпсіздік пен сенімділікке қол жеткізері кәміл. Ал мұндай құндылықтан құр қалғандар уақыт өте келе өз бармақтарын өздері тістейтінін жадында ұстағандары жөн деген қағида және салтанат құрған. Қайткенде де имандылық шырағы әр жүректе жанып, жан жылытқанға не жетуші еді!
Тәуелсіздік сыйлаған Астана елеулі ғұмырлық өлшемдерімен халық ілтипатына бөленіп келеді. Терең сараптап көрсек, Астананың оңғарылып жатқан әлемдік деңгейдегі абыройлы ісінде ислам дінінің өркен жаюы – өзіндік үрдіспен зор маңыз иеленетінін жасыруға болмайды. Осы тұрғыда не айтқымыз келіп отыр?
Иә, осы елдік мінберге шығарылып отырған елдік мәселінің түйіні мынадай. Халқы үдемелеп өсіп келе жатқан Астанада Алла үйі – мешіттің әлі де болса, көбейе түскенін оқырмандарымыз әрдайым ауызша да, жазбаша да білдіріп жатады. Бұл сайып келгенде, жалпы жұртшылықтың көкейіндегі құнды пікірі, үкілі үміті десек жарасар.
Астана мешітсіз емес. Бар. Салынып та жатыр. Дегенмен, халық өсімінің шапшаңдығы ойлантпай қоймайды. Мешіт саны соған ілесе алар ма екен деген қауіпті күнібұрын ойлағанның еш әбестігі жоқ секілді. Мешіттің жиілігі – имандылық иірімінің мәнді бастаулары деп білсек, бұл орайда батыл қадамдар жасалғаны абзал.
Бүгіндері Жұма намазы оқылғанда, мешіт біткеннің сыртына да мұсылмандар сыймай кетеді. Қай мешітті алмаңыз, солай. «Нұр Астана» орталық мешітінде де, Садуақас қажы Ғилмани мешітінде де сыртта жұма намазға қатысушылар саны 2-3 мыңға жетеді екен. Қақаған сарышұнақ аязда ашық далада тұрып, имандылық парызын өтеу оңай болып па?! Ол жағын тәптіштеп жатпайық.
Бұдан шығатын қорытынды сол, мешіт санын көбейтуге бағыт ұсталғаны жөн болар еді. Рас, Есілдің сол жағалауында Хазірет Сұлтан мешіті салынып жатыр. Ол мұсылмандық жаппай сұранысты толық өтей алады деуден тағы аулақпыз. Бұдан басқа да «Қырқыншы стансада», Астрахан трассасының бойында әлі тіркеліп үлгермеген шағын мешіттер ашылуға дайын тұр екен. Көңіл өсіреді, әрине. Бәрібір бұлар қажеттілікті түгендей алмайтындай.
Ірі мұсылман мемлекеттерінде әр 500 адамға бір мешіттен келеді екен. Барып, мінәжат етуге ыңғайлы. Көлік сарсаңымен әуреге түсіп жатпайды. Азан шақырылды ма, бар тіршілігін жиып тастап, мешітке жүгіреді. Бізде ше... Қаланың бір қиырынан екінші алыс аумағындағы мешіттерге жету үшін тауың шағылады. Шаршап, шалдығасың. Асыққан – шайтанның ісі десек, имандылық жолында жүріп, мұндай дүрбелеңде имансыздыққа ұрынып қалуың да кәдік... Елордадағы жапырайған ескі үйлердің түптің-түбінде ысырылып тасталып, орнына зәулім үйлер тұрғызылатыны асқан болжауды қажет етпес. Міне, сәулетшілер істің қыбын осы тұстан таба алса деген ұсынысымыз бар.
Шүкір, елімізде тәуелсіздік жылдары мешіт саны күрт өсіп, бүгіндері 2200-ге жетіпті. Қуанатын үрдіс. Қалада да, далада да имандылыққа ұйытатын Алланың үйі ұшан-теңіз тәрбиелік жұмыстар атқарып жатқаны көкейге қонымды.
Ислам дінін қабылдаушылар қатары да молыға түсуде. Тек Астанадағы Садуақас қажы Ғилмани мешітінде тәуелсіздік жылдарында ғана 182 адам осындай ишаратпен берік сенімге келген екен. Былтырдың өзінде «Нұр Астана» орталық мешітінде мұндай сауапқа 25 адам тартылыпты. Бұл нені көрсетеді? Бұл ислам дінінің әлемдік өркениетте алатын асыл да қасиетті орнының аса бөлекше екендігін дәлелдейтін мысалдар ғой.
... Алла рахымымен, сәтін салып, Астанада мешіт көбейе берсе, тәубе, мың шүкіршілік дейміз де!
Қайсар ӘЛІМ, Астана.