АСТАНА. 28 наурыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лахор қаласында болған террорлық актіге байланысты Пәкістан президенті Мамнун Хусейнге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы akorda.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жеделхатта көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы қайғылы хабарды Қазақстан Президентінің зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген. Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар екенін, бұл жағдайдың ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты.
«Қазақстан бүкіл әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікке зор қатер төндіріп отырған халықаралық экстремизм мен терроризм әрекеттерін үзілді-кесілді айыптайды. Лахордағы жантүршігерлік оқиға қатыгез радикалды топтар мен олардың идеологиясына өркениетті қоғамда орын жоқ екеніне тағы да көз жеткізді», – делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына, сондай-ақ, барша Пәкістан халқына жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: akorda.kz.