Әлемде шикізатқа деген сұраныстың азаюы экономикасы әлсіз елдер үшін небір қиындық туғызатыны айдан анық. Оның үстіне сол шикізатқа деген баға да төмендеп жатыр. Ал бұның салдары еңбек қатынасына салқынын тигізбей қоймайды. Осыған орай еліміздегі кейбір ұйымдар жұмыс уақытын қысқартып, еңбек ұжымын сақтап қалса, қайсыбір қызметкерлерін ұзақ демалысқа жіберіп жатқаны тағы шындық. Бірақ, солардың ішінде бірден мүлде қысқарып жатқандары да бар. Сондай қысқартуға түскендердің бірі Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны Жиенгүл Камалова.
Тұрақты істеп келе жатқан жұмысынан бір күнде айырылып қалған Жиенгүл редакциямызға арыз хат жазып, бұл қысқартудың тұрмысына ауыр тиіп отырғандығын айтыпты. 2010 жылы «Жол жөндеуші компания» ЖШС-нің Бейнеу жол жөндеу жөніндегі дирекциясына жолсерік болып орналасқан Ж.Камалова аталған серіктестіктің Қызылордадағы филиалында міндетін біраз уақыт атқарып, 2014 жылдың наурызынан бастап Бейнеуге қайта ауыстырылады. Оның айтуынша, 2015 жылдың 2 наурызында «Жол жөндеуші компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы болып табылатын Бейнеу жол жөндеу дирекциясының басқарушы директоры оны шақыртып алып, қолына жолсеріктік қызметінен қысқарғаны туралы хабарламаны ұстатқан. Қызылорда филиалында жұмыс істеген кездерінде не ауызша, не жазбаша ескерту алмаған Жиенгүлдің күйеуі бұрын қайтыс болғаны, отбасының жалғыз асыраушысы екені және Альянс банктен алған несиесін сол жалақысымен жауып отырғаны еш ескерілмеген. Басында баспанасы жоқ, балаларын осы қызметі арқылы асырап отырған жалғызбасты әйелдің мынадай аянышты тағдыры кімге болса да ой салардай. Осы тұрғыдан келгенде балалары үшін жанталасқан ананы тағдырдың тауқыметіне итере салып, жұмысынан шығарып жіберу қаншалықты заңға да, адамгершілік қағидаттарына да саяды деп айта аламыз ба?
Жалпы, қазіргі таңда жұмыстан «қысқарып» қалған бір Жиенгүл ғана емес екенін статистика деректері көрсетіп отыр. Мысалы, дағдарыс жайылған 2015 жылы 13,5 мың қазақстандық қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалған. Бұл одан арғы жылмен салыстырғанда 3,7 есеге көп. Бұл нарықтың заңы. Осыдан әлемдік жағдайдың күрделене түсуінен Қазақстан нарығындағы өзгерістерді де бағамдауға болады. Жаңа Еңбек кодексінің қабылдануы да осы тығырықты мәселені жүйелі шешу мақсатынан туындағаны тағы белгілі. Optimum Recruitment & Executive Search компаниясын құрған Салтанат Әбілтаева биыл «Курсив» басылымына берген пікірінде, мәселе қысқартуда емес, қажеттіліктің болмауына орай жаңа қызметкерлерді жұмысқа алмауда дегенді білдіріпті. «Компаниялар жұмыс істеп жатқан қызметкерлерін өзара алмастыру арқылы оларға қосымша салмақ салып отыр. Сөйтіп, өздерінде барын пайдалануда. Бүгінгі таңда көптеген компаниялар үшін қызметкерлерін сақтап қалудың өзі – кәдімгідей жетістік», депті С.Әбілтаева өз сөзінде. Сарапшы бұл орайда қысқартуға, ең алдымен, компаниялардың жас немесе жаңадан келген қызметкерлері түсіп жататындығын алға тартады.
Алайда, кейіпкеріміз Ж.Камалованың жағдайында ол басқаша сипат алған сияқты. Жиенгүл өзінен кейін 2012-2013 жылы жұмысқа орналасқан өзгелердің жолсерік қызметінен қысқармағандығын айта келіп, мұның сыры неде деген заңды сауалын да келтіре кеткен. Шынында да, компания беделін ойлаған жандар бұндай алалауға бармаса керек. Бұл орайда Ж. Камалова 2006 жылға дейін оралман мәртебесінде болғаны оның шетқақпайлануына да ешқандай негіз бола алмайды. Оның үстіне ол сол жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.
Ал Ата Заңымыздың бірінші бабында адам және адамның өмірі ең қымбат қазына екені тайға таңба басқандай жазылып тұр. Осы Негізгі Заңымыздың 27-бабында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады делінген. Оған қоса Еңбек кодексінің 4-бабында адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу ерекше мәнге ие. Елімізде экономикалық қиындықтарға байланысты жұмыс орындары қысқарғанымен, жұмысшылардың өзге жерлерге ауыстырылып жатқаны, сондай-ақ жақында ғана жеңіске жеткен «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да жаппай жұмыссыздықты болдырмау мәселесінен жұртшылық жақсы хабардар. Сөз реті келгенде экономикалық қиындықтарға орай көптеген компаниялармен жұмысшыларды қысқартпау жөніндегі екіжақты меморандумдарға қол қойылды да. Соның нәтижесінде кейбір кәсіпорындар жұмыс уақытын қысқартты немесе жалақыларын төмендетуге мәжбүр болды.
Осы ретте Antal Kazakhstan рекрутингтік компаниясының директоры Анна Ковинскаяның пікірін бергенді жөн көріп отырмыз. Сарапшының пайымынша, қазіргі кезде елімізде көптеген жұмыс берушілер әліптің артын бағуда дейді. Штат саны ұлғаймай, тек қызметкерлер орын ауыстыруда көрінеді. Ал шетелдік компаниялар болса жаңа қызметкерлер алуды тоқтатып, барларын ұстап қалуға тырысуда.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің келтірген деректеріне қарағанда, 2016 жылғы ақпандағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраған. Егер осыдан екі жыл кейінге шегінер болсақ, қайтадан сол санға кезігеміз. 2014 жылы жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына 5,1 пайыз болыпты. Тарқатып айтқанда, 2014 жылғы шілдеде жұмыссыздар саны 463,4 мың адам деп шамаланған. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2014 жылғы шілденің соңына 59,2 мың адамды немесе экономикалық белсенді халық санына 0,6 пайызын құраса, жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санының 0,3 пайызына жетіпті.
Әрине, статистика мәліметтері өмірдің шындығымен қаншалықты ұштасып жатыр деп айта аламыз? Өйткені, шынайы өмірдегі жұмыспен қамту мен жұмыссыздық деңгейлерінің арасындағы сәйкессіздіктер туралы Парламент қабырғасында бірнеше рет айтылды да. Сондай-ақ, оны күнделікті ресми мәліметтермен жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар ғана емес, сарапшылар да ашық айтып жүр. Солардың бірі Мемлекет-жекеменшік әріптестігі орталығының сарапшысы Жанар Шурекенова. Ол өзінің Tengrinews агенттігіне берген мәліметінде, еліміздегі жұмыссыздардың саны бес пайыз деген көрсеткішпен келіспейтіндігін жеткізіпті. «Қазақстанда тоқсан сайын жұмыспен қамту мен жұмыссыздар деңгейі зерттеледі. Статистикалық мәліметтер сұрау салу барысында таңдау тәсілімен анықталады. Байқау бірлігі – үй шаруашылығы және онда тұрып жатқан 15 жастан жоғары жандар. Сұхбат берушілер соңғы төрт аптада жұмыс іздеу жөніндегі сұраққа жауап береді. Мұндай қадам жағдайды толық ашып көрсетпейді. Сұхбат ауаны шынайы жауапқа құрылмауы мүмкін», депті.
Ауласында бірнеше малы немесе бақшасында азын-аулақ көкөнісі бар ел азаматтарының әрбірі жұмыссыз емес деп саналады екен. Келтірілген деректерге қарағанда, 2014 жылы ел тұрғындарының: ерлер (16-62 жас) және ал әйелдер (16-57 жас) саны 10700389 адамды құраған. Ал Ұлттық банктің сол жылдың 1 қаңтарындағы мәліметі 9 449 901 адам міндетті зейнетақы аударымдарын жасап отырғандығын көрсетеді. Арадағы айырмашылық – 1250448 адам.
Біз жоғарыдағы статистикалық мәліметтерді келтіру арқылы еліміздегі жұмыссыздық деңгейін анықтаудың тәсілі әлі де жетілдіруді қажет ететіндігін меңзеп отырмыз. Елімізде анау айтқандай, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешілген деген ақпараттарды үнемі баспасөз бен теледидардан көріп келе жатқан Жиенгүл сияқты жалғызбасты аналар дәрменсіз жағдайда қалмауы тиіс. Заң бойынша еңбек жағдайларының өзгеруіне сәйкес жұмыскерлердің санын немесе штатын қысқартуға тура келер болса, онда жұмыс берушінің жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында толық емес жұмыс уақыты режімін енгізуге құқығы бар екендігін де қаперге сала кеткен жөн. Жиенгүлдің сұрап отырғаны да осы, жоғары жақ түсіністік танытса деген ниет. Бұл ретте Еңбек кодексінің 53-бабы бойынша еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу тәртібі де айқындалғандығын айта кеткен орынды. Дей тұрғанмен, Еңбек кодексінің 54-бабында еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу мүмкіндігін шектеу қарастырылғандығын да естен шығармаған жөн. Онда екінші тармақта былай делінген: «Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен осы кодекстiң 52-бабы 1-тармағының 2 және 3 тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді».
Бұл орайда, прокуратура органдары мен кәсіподақ ұйымдарының араласуымен қаншама азамат өз жұмыс орындарын сақтап қалғандығы өз алдына әңгіме. Прокурорлардың араласуымен 2010 жылдан бері жұмыс берушілер қарыздары 4,6 миллиардтан 623 миллион теңгеге дейін, яғни 7 есеге қысқарған. Ал биыл жыл басынан бері 40 проблемалық кәсіпорындағы 668 миллион теңге көлеміндегі қарыз толығымен өтелген. Орайы келгенде кейбір кәсіпорындарда жұмысшылардың кәсіподақтарға кіруіне мүдделілік танытылмай келе жатқанын да айта кету керек. Жаңа Еңбек кодексі қазір бұл мәселені жүйелі шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Қорыта айтқанда, жалғызбасты әйелдің басындағы ауыртпалық мемлекетіміз үшін үлкен сын. Бұл жалғыздың емес, осындай ондаған немесе жүздеген жандардың жанайқайы деп қабылдаған жөн. Соған үлес қосып отырған «Жол жөндеуші компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы болып табылатын Бейнеу жол жөндеу дирекциясының басшылары ойланар. Өйткені бұндай әрекет заңдылыққа, мемлекет саясатына, жалпы адами құндылықтарға қаншалықты сай келеді дейміз. Себебі, еліміздің әрбір адамы ең қымбат қазына екенін ұмытпағанымыз орынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».