Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Бек Эйр» әуе компаниясы ұшағына қатысты Астана әуежайында орын алған оқиға бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысына Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас көлік прокуратурасының, ІІМ, ҰҚК өкілдері қатысты.
Инвестициялар және даму министрлігі дайындаушы-зауыт өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды шақыра отырып, оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрды.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мұндай авиациялық оқиғалардың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар қабылдауды тапсырды.
Азаматтық авиация комитетіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Бек Эйр» АҚ-тағы ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Оның сыртында 29 наурыздан әуе тасымалдаушылар қызметін жоспардан тыс инспекциялық тексеру басталады.
Кеңес барысында, «Бек Эйр» АҚ-тың басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов әуе компаниясының таяу уақыттарда IOSA халықаралық авиациялық аудиттен өтуге кірісетінін хабарлады.
2016 жылдың 27 наурызында 10 сағат 36 минутта Астана әуежайында «Қызылорда-Астана» бағыты бойынша №2041 рейсін орындаған «Бек Эйр» әуе компаниясының «Фоккер-100» маркалы әуе кемесі апатты жағдайда қонды. Бортында 121 адам болды, олардың 116-сы жолаушы да, 5-еуі экипаж мүшелері. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның алдын ала себебі ұшақтың алдыңғы шассиінің шықпай қалуы болып табылады.