Кеше Астана қаласында Ақтөбе облысы әкімдігінің бастамасымен және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Ақтөбе: инвестициялар – даму» тақырыбында «Дипломатиялық бизнес клубының» отырысы өтті. Онда елшілер мен дипломатиялық миссия басшыларына аталған облыстың инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктері таныстырылды.
Аймақтар мен мемлекеттер арасындағы сауда, экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайту, сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудыру мақсатында ұйымдастырылған шараға 43 мемлекеттің өкілдері қатысты. Жиын барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов аталған бизнес-клубтың тартымды жобаларды таныстыру үшін тиімді алаңға айналғанын айтып, оның жұмысына жоғары баға берді.
Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып: «Елбасының негізгі саясаты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп, халықтың тұрмысын жақсарту екені баршамызға белгілі. Осы ретте, бүгінгі кездесу еліміздегі, оның ішінде Ақтөбе өңіріндегі экономиканың дамуына және инвестиция тартуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді.
Облыс басшысының айтуынша, қазіргі таңда өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін айрықша шаралар қолға алынуда. Бұл ретте көлік әлеуеті, минералды шикізаттың мол қоры, энергетикалық және еңбек ресурстары ерекше рөл атқармақ. Әсіресе, аталған тетіктер аймақтағы тау-кен өндірісін, химия өнеркәсібін, металлургия және ауыл шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Бердібек Мәшбекұлы соңғы 5 жылда Ақтөбе облысының негізгі капиталына 12,6 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын айтып: «Бұл соманың 4,7 млрд.-ы тікелей шетел инвестицияларының үлесіне тиесілі. Осы ретте Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Германия сынды елдерді ерекше атап өткен жөн. Биыл да шетел инвестициясының қатысуымен бірқатар жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде цемент, никель зауыттары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кәсіпорны бар», – деді.
Одан бөлек, облыс әкімі жыл басынан бері Сыртқы істер министрлігінің ықпал етуімен ақтөбелік делегация бірқатар елге арнайы сапар жасап, озық іскерлік орта өкілдерімен кездескенін жеткізді. Сондай-ақ, ол Үндістан, Индонезия, Чехия, Германия, Финляндия, Норвегия және Швеция мемлекеттері дипломатиялық миссияларының басшылары Ақтөбеге келіп, тәжірибе алмасып қайтқанына да назар аударды.
Облыстың халықаралық қаржы ұйымдарымен де бірлесіп нәтижелі жұмыс жасап отырғаны жөнінде Б.Сапарбаев: «Биыл Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағытындағы жолдың құрылысы басталады. Бұл жұмысты Азия даму банкі қаржыландырады. Сондай-ақ, бүгінде Астана – Арқалық – Ақтөбе облысы – Ақтау бағытындағы жолдың құрылысы қарастырылуда. Аталған жоба да халықаралық ұйымдардың есебінен қаржыландырылмақ. Ал қазіргі таңда құны шамамен 7 млрд. теңге болатын сумен және жылумен қамтамасыз ету саласында қолға алынған жобаларды Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырып отыр», – деді.
Ақтөбе облысының территориясы бойынша елімізде 2-орын алатынына назар аударған өңір басшысы жер көлемінің өзі инвесторлардың қызығушылығын оятатынын айтты. Сондай-ақ, өңірдің Азия мен Еуропаның арасын жалғап жатқанын, елдегі автомобиль, әуе және теміржолдардың басым бөлігі облыс арқылы өтуіне байланысты транзиттік аймақ болып саналатынына тоқталып, инвестиция салуға мүмкіндік мол екеніне ерекше мән берді.
Жалпы, жиын барысында қатысушылар назарына облыстағы азық-түлік, тау-кен өндіру, химия өнеркәсібі, металлургия және қонақ үй бизнесі бойынша құны 1,2 млрд. АҚШ доллары болатын 11 жоба ұсынылды. Бұдан бөлек, биыл облыста 104,7 млрд. теңгенің 6 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отырғаны айтылды.
Шара соңында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын ай сайын қадағалап отыратын елшіліктер мен әкімдіктің жауапты қызметкерлерінен тұрақты жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев қызығушылық танытқан елдерге бірлескен бизнесті күшейту үшін ақтөбелік кәсіпкерлерден құрметті консулдар тағайындауды ұсынды және осы бағытта толыққанды көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.