Күршім ауданында екі жыл бұрын «Төретоғам» ЖШС атты ірі балық ресурстарын аулау және өңдеу кәсіпорыны ашылған. Аудандағы жұмыс сапарымыздың аясында аталған зауыттың жұмысымен танысқан едік. Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаевтың айтуынша, аудан көлемінде 6 елді мекен жағалауда орналасқан. 300-ге жуық тұрғын тікелей балық аулау кәсібімен шұғылданады. Бұл – Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы жұрттың ежелгі кәсібі. Аудан әкімі Сейсенғазы Жұмағалиұлы соңғы жылдары «Төре» консорциумына қарасты «Төретоғам» және «Дигам» ЖШС өңдеген балық өнімдері еурокодтарға ие болып, Қытай мен Еуропа елдері, Ресей нарығына шыға бастағанын және жылына экспортқа шығарылатын 4 мың тонна балықты аулау мен өңдеу бойынша тиісті лицензияға ие болғанын, кәсіпкерлермен заңды түрде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Жуырда облыс әкімі Даниал Ахметов халықпен есепті кездесуінде жергілікті балықшылардың өндірістік кооперативке бірігіп, балық аулауға рұқсат алуына басымдық берілетінін айтқан болатын. Өңір басшысы Күршім ауданына жұмыс сапары кезінде де аталған мәселенің маңыздылығына тоқталған еді. Қазіргі кезде ауданда осы тарапта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қайыңды мен Құйған ауылдық округтерінің балықшылары тендерге қатысу талаптарын орындау мақсатында несие қаражатын қарастырып, өз мүмкіндіктерін сынап көрмек. Ал «Төретоғам» ЖШС бұл талапты әу баста орындаған кәсіпорындардың бірі.
«Төретоғам» ЖШС бас директоры Нұрлан Қасымхановпен әңгімелескенімізде, кәсіпорын басшысы балық шаруашылығы туралы егжей-тегжейлі сөз қозғады. Бұл өзі қатпары көп, қажыр-қайратты қажет ететін сала. Нұрлан Есімханұлының айтуынша, ұзақ жылдар бойы балық шаруашылығы саласынан аудандық бюджетке салық түспей, балықшылардың шаруасы өнбей, шатқаяқтап тұрған кезеңдер өтті. Сондықтан осы салада жүрген күршімдіктер бас қосып, оның ішінде 13 кәсіпкер жаңа кәсіпорынды құрған екен. Яғни, қайығы мен кемесін, ау мен басқа да құралдарын «Төретоғам» ЖШС меншігіне өткізген жаңа компания жетекшілері банктен ғимарат сатып алады. Оған 120 миллион теңге көлемінде инвестиция құяды.
Шаруашылық қатысушылары – Зайсан көлінің жағалауында орналасқан Күршім ауданына қарасты Балықшы ауылдық округінің Аманат, Ақсуат, Жолнұсқау және Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылдарының тұрғындары. Осылайша жаңа өндіріс орны аудан тұрғындарының қатысуымен 2013 жылы ашылды. Балықты кешенді өңдеу зауытының заманауи технологиялы құрал-жабдықтары сатып алынды. Жаңа жүйеге көшуді қалаған кәсіпорын инвесторлары зауытқа Еуропалық одақтың талаптарына сай келетін жоғары қуатты германиялық-ресейлік тоңазытқыш құралдарын алып келді. Балық өнімдерін 40-45 градусқа дейін қатыра алатын жаңа құралдардың 20 жылға дейінгі сапа кепілдігі бар. Сондай-ақ, Санкт-Петербургтен келген білікті технологтардың көмегімен жаңа өндіріс жүйесі жолға қойылып, іске қосылды. Орналасқан жеріне орай, кәсіпорынға аудан орталығындағы Төретоғам атты көне тоғанның атауы берілді. 2014 жылдың көктемінде кәсіпорын ғимараттары толығымен күрделі жөндеуден өтті. Шетел нарығын игеру мақсатында Қазақ ветеринарлық инспекциясы, Кеден одағы елдері бойынша Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығын бақылау қызметі мен Еуроодақтың Франция, Италия, Германия, Швейцария елдерінің мамандарынан құралған комиссия сарапшылары өнім өңдеудің еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін тексерді. Осы аудиттік жұмыстың нәтижесінде зауыт өнімі еурокодқа ие болды. Бұл – халықаралық нарыққа «Төретоғам» өнімі тоқтаусыз кіреді деген сөз. «Төретоғам» брэнді қазір Еуропа нарығына жолдама алып, жылына 500 тонна көксерке сүбесін Литва, Германия, Дания, Белгия, Норвегия елдері мен Қытайдың Бейжің қаласына тасымалдауда. Бұл елдермен үш жылға бекітілген келісімшарт бар.
Нұрлан Қасымханов Қытайдың Сары теңізінің жағалауындағы Чиндау портты қаласында өткен халықаралық аквамәдениет көрмесіне қатысып, «Төретоғам» өнімдерін таныстырғанын жеткізді. Жалпы, Қытай елімен 1 мың тоннаға дейін балық өнімдерін өткізуге келісімшарт жасалып, бүгінде дайын өнім Майқапшағай кеден бекеті арқылы тасымалдануда. Қытай әлемде балық экспорттаудан алғашқы орында болса да, миллиардтар елінің «Төретоғам» өніміне сұраныс білдіруі бекер емес.
– Бүгінде бүкіл әлемде балықты арнайы акваторияларда өсіреді. Ал біздің өніміміз экологиялық таза табиғи ортада – Зайсан көлінен ауланатындықтан, сапасы жағынан әлемде жоғары бағаға ие болды. Сондықтан, біз алтынға бағаланатын балығымызды аулаудан бұрын оның өсуін, сақталуын да ойластыруымыз керек, – дейді кәсіпорын жетекшісі. – Әлбетте, ата-бабасынан бері балық шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан жағалаудағы тұрғындар көлдің жағдайын жетік біледі. Олар бір күндік пайда ойлаған браконьерлерге қарағанда, көлге қамқор. Елімізде уылдырық шашар мезгілде 45 күнге дейін балық аулауға тыйым салынған. Көксерке 300 мың дана мөлшерінде уылдырық шашады. Табиғаттың теңдігі де сонда, көксеркенің аталығы уылдырықты шаяндар мен құстардан сақтау үшін жағалауда қалып, «күзетеді». Уылдырықтың 20-30 пайызының сақталуының өзі балықтың өсіміне жол ашады. Осыған орай, зауыт басшылығы балықты қолдан өсіруге көңіл бөліп отыр. Мәселен, ТМД елдерінде көлемі жағынан үштікке енген Күршім ауданындағы балық питомнигі және уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылығына 2 миллион теңге аударып, балық өсіруге тапсырыс берді. Сонымен бірге Алматы облысындағы Шілікті тоған шаруашылығымен жасалған келісімшарт негізінде 15 миллион теңгеге 700 мың дана дөңмаңдай, ақ амур құртшабақтары Бұқтырма су қоймасына жіберілді. Бұл балық түрлері көл санитарлары іспетті. Яғни, жағалаудағы қоға-қамысты жеп, тазарту арқылы көксерке сынды жыртқыш балықтарға жағымсыз әсер ететін ластанудан сақтайды. Уылдырық шаруашылығында Кеңес өкіметі кезінде тұқы, сазан өсірілгенімен, көксеркені өсірудің ғылыми негіздемесі жасалмаған екен. «Төретоғам» зауыты осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қытайлық әріптестермен көксерке аквамәдениетін енгізу жобасын жүргізуді жоспарлап отыр. Соңғы жылдары балықшы елді мекендер тұрғындарының көмегімен жағалауды тазалау және аэрация жұмыстары дәстүрлі түрде жүргізіле бастады. Аэрация дегеніміз – қыстыгүні суда ауа болуы үшін мұзды тесіп, ойыққа қамыс түсіру жүмыстары. Одан бөлек, көлшіктердегі құртшабақтарды құтқару, айдынға жіберу жұмыстарына көңіл аударылды. Сондай-ақ, «Төретоғам» басшылығының шешімімен балықшылар тойын ұйымдастыру қолға алынды. Оған балықшылармен бірге басқа сала мамандары, көрші аудандардан қонақтар келіп, көптеген спорттық сайыстар өткізіледі. Қыстың аязында, жаздың аптабында толқынмен алысып, теңіз кешіп жүретін балықшылар қауымы бұл тойда бір серпіліп қалады.
«Төретоғам» – аз уақытта 36 қазақстандық компанияның ішінен оза шауып, онжылдық лицензияға ие болған кәсіпорын. Тендерден ұтқан ұзақмерзімді балық шаруашылығы акваториялары Тұғыл, Жолнұсқау, Аманат ауылдарының тұсында орналасқан. Облыс әкімінің қаулысымен бекітіліп, жылына 2200 тонна балық аулауға рұқсат алған кәсіпорынға қойылатын талаптар жетерлік. Мәселен, төретоғамдықтар табиғатты пайдаланушы ретінде жылына бюджетке 50-60 миллион теңге төлемақы құя бастады.
Қазіргі кезде кәсіпорында жоғары сұранысқа ие көксерке мен сазаннан басқа табан, нәлім, шортан, алабұға балықтары өңделеді. Ең бастысы, зауытта балық ресурстарын қалдықсыз өңдеуге жете мән беріліп отыр. Осы ретте балық сүбесі ғана емес, қыл аяғы қалдықтарынан құс фабрикаларына қажетті құнарлы балық ұнын әзірлеу жолға қойылған. Бүгінде «Төретоғам» әзірлеген балық ұнына Астана, Өскемен мен Семей қалаларындағы құс өнімдерін өндірушілер тұрақты тапсырыс беріп отырса, соңғы кезде ресейлік тарап та қызығушылық таныта бастады. Бұл зауыт аумағына балық шикізатын қабылдаудан дайын өнім болып шыққанға дейінгі өндіріс жүйесін қайта қарауды қажет етті. Яғни, балық тиелген көлік зауыт аумағына кірерде толығымен санитарлық тазалаудан өтеді. Қоршаған ортаға зиян келтірмеудің барлық қадамдары ескерілді. Зауыт жұмысшылары да санитарлық тазалықты қатаң сақтайды. Бұл ретте кешенді өңдеу цехында барлық қажетті жағдайлар жасалғанына куә болдық. Кәсіпорын цехының өндірістік қуаты 1020 тонна балықты салқындату мен мұздатуға және сақтауға жетеді. Сүбе өндіру цехы тәулігіне – 14, балық қақтау цехы – 15, балықты тұтас күйінде өңдеу цехы – 10, балық ұнын әзірлеу цехы 10 тонна шикізатты өңдеу қуатына ие. Ал балық аулау флотында 46 техника жұмыс істейді. Негізгі өндірісте 100-ге жуық адам еңбек етсе, көл аумағында 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыт цехы толық қуатында жұмыс істеуге көшкен кезде 300-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Халықаралық хабқа қосылу мақсатында зауыт өнімдерінің маркетингтік жоспары мен логистикалық орталықтарын құру тәрізді ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламалар да қарастырылып отыр.
«Қазақ балық шаруашылығы қауымдастығы» ұйымының басқарма мүшесі ретінде Нұрлан Есімханұлы кәсіпорынның кешенді даму бағдарламасы мен мәселелері республикалық деңгейде көтеріліп отыратынын жеткізді. Айталық, биоалуандылықты сақтау. Қарапайым мысал: көксеркенің негізгі жемі – табан балығы. Егер, кәсіп көзі ретінде көксеркені өсірсе, су қоймасындағы басқа да жыртқыш балықтарға қауіп төндіретін көрінеді.
– Зайсан – үлкен ауқымдағы аквамәдениет, тағамы асып-төгілген қазан іспетті. Өйткені, су қоймасының жоғарғы жағында Қара Ертіс болса, төменгі жағында Бұқтырма су электр стансасы бар. Айдынның үстінен қарасаңыз, қара жасыл болып жалқынданып жатады. Бұл – балықтың мол кездесетін табиғи жемінің қоры. Табиғи ортасы тамаша болғандықтан, балықтың өсуіне барлық мүмкіндік бар. Бірақ, балыққа төнер қауіп азаймай тұр. Ең басты қауіп – адам факторы. Мәселен, тыйым салынса да көлден қытай ауы көп табылады. Ауды рұқсатсыз құрғаны үшін балықшыдан емес, кеденнен сұрау болуы тиіс. Яғни, табиғатты қорғау саласындағы көптеген мемлекеттік органдар мен құрылымдар браконьерлермен түбегейлі күрес жүргізуі керек. Біздің қорықшыларымыз браконьерлерден көлді түгел қори алмайды. Оның үстіне, олардың қауіпсіздігі де қамтамасыз етілмеген. Сондықтан мемлекеттік құрылымдардың ауды табиғат пайдаланушыға уақытша беру жүйесін енгізуі тиімді болар еді деп ойлаймын. Сол кезде көлдің тазалығы да сақталады. Жеке кәсіпкерлер аудың суға тасталмауын қадағалайды. Әйтпесе, кеденнен өткен заңсыз ау құралдары айдын түбінде қаншама балықты апатқа ұшыратады. Сондай-ақ, балық уылдырығын жағаға шашатындықтан, шабақтар жағалау мен көлшіктерден айдын ортасына оралғанға дейін Бұқтырма су электр стансасының шлюзін жабық ұстауға көмек көрсетілсе құба-құп. Бізге көп жағдайда шабақтардың көлшікте қалып, қырылып кетпеудің алдын-алуымызға тура келеді. Үшінші үлкен қауіп – құс. Мәселен, суқұзғын бір күнде 100 дана балық жейді. Бір маусымда 7-8 мың суқұзғын ұшып келсе, көлдің жағдайы қалай болатынын болжай беріңіз. Қазір Зайсан көлінде суқұзғын шамадан тыс көбейіп кетті. Онымен де күрес жүргізу қажет. Мұның барлығы табиғат қорғау саласында кешенді жұмысты үйлестіруді қажет етеді. Барлығымен күрес жүргізуге әлеуетіміз жетпесе де, шама-шарқымызша туған жеріміздің байлығын сақтауға, тиімді пайдалануға жұмыс істеудеміз, – деді Нұрлан Қасымханов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы.