ҚОСТАНАЙ. 29 наурыз. Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы «Сан Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Ерқоныс Бектібаев шаруашылық жұмысшыларының жалақысын төлемегені үшін екі тәулікке қамалды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ерқоныс Бектібаев өткен жылы шаруашылықта жұмыс істейтін 140 жұмысшының 6,7 миллион теңге жалақысын төлемеген. Серіктестік директорына еңбек туралы заңнаманың бұзылу фактісін жою туралы Қарабалық аудандық прокуратурасының нұсқамасы жолданған. Нақтырақ айтқанда, «Сана Агро» жұмыскерлеріне 2015 жылдың желтоқсан айындағы еңбекақы қарызын ағымдағы жылдың 28 қаңтарына дейін төлеуі туралы нұсқауды орындамаған.
Қарабалық аудандық сотының қаулысымен серіктестік басшысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 665- бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған екі тәулік қамаққа алыну түріндегі жаза тағайындалды. Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бірінші инстанциялы сот қаулысын өгеріссіз қалдырды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.