Апат айтып келмейді. Оның қашан болатынын да нақты ешкім біле алмайды. Бірақ сол орын алуы ықтимал табиғи жағдайға әзір болу, оның алдын алу тілсіз апаттардан сақтану болып табылады. Біздің елімізде бұл күрделі де аса жауапты міндетті Төтенше жағдайлар министрлігі атқарады. Кеше министрлікте «2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын жүзеге асыру аясында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы қызметінің қорытындылары туралы» алқа мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, сөз сөйледі.
Аталған министрліктің қызметі мен міндетіне сай соңғы жылдар төтенше болып отыр. Алқа мәжілісінде баяндама жасаған министр В.Божко да «өткен жыл күрделі болды» деп атап өтті. Алматы, Шығыс Қазақстан облысындағы қар көшкіндері мен су тасқындары, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрғын жайларды су басып қалуы, далалар мен орман, тоғайлардағы өрттер, жалға алынған көлдер көлемінің ұлғаюы, коммуналдық шаруашылықтағы апаттардың бәрі төтенше жағдайлар қызметкерлері үшін күрделі жағдайда қызмет етуді талап етті. Сақтандыру компанияларының мәліметі бойынша 2010 жылы дүние жүзі бойынша табиғи апаттардан 130 миллиард доллар көлемінде шығын келген екен. Ал антропогендік апаттар бойынша 222 млрд. доллар шығын келген. Соңғы кездердегі әлемдегі, соның ішінде Еуропадағы, Австралиядағы, Оңтүстік Америкадағы адам өмірін жалмап жатқан орасан қар көшкіндері, су тасқындары, мұзды жауындар, энергия қуатын өндіретін өндіріс орындарындағы апаттар дүние жүзінің қауымдастығына, әр мемлекетке табиғи апаттарға қарсы тұру үшін бірлесе күш біріктіру және барлық шараларды қарастыру қажеттігін ескертіп отыр.
Бұл күндері Қазақстан аймағы да табиғи апаттардан кенде емес. Қақаған аязды күндері ауылдарды мұзды судың басып қалуы, қаладағы жылу қазандықтарының істен шығуы, электр қуаты көздерінің үздіксіз өшуі, т.б. толып жатқан апаттардың орын алуы алаңдатарлық ахуал. Жарықтың, жылудың неліктен болмауы немесе өрттің шығуы, судың басуы неліктен орын алып жатқандығы адамдарды толғандыруы тиіс емес. Бұл орайда өзіне тапсырылған міндетті орындамаған, дер кезінде өртті сөндіре алмаған немесе техникасы жеткілікті болмаған, табиғи апаттың алдын ала алмаған тиісті мекемелер жауап беруге тиіс. Ол проблемаларды халықты апаттан құтқару ісіне араластырмау қажет. Енді министрлік осы мәселелерді түбегейлі шешу жолына бет бұрған көрінеді Бұл орайда министр негізгі басымдық өңірлерді тасқындар мен өрттерден қорғау деңгейін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру болып табылады дейді. Министрлік төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардабын жою саласында өткен жылы дүлей зілзаланың және апаттардың салдарын жоюмен тікелей айналысып қана қоймай, ең бастысы, олардан туындайтын қауіп-қатерлерді ауыздықтауға, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жүйелерге ықпал етуін төмендетуге үрдіс қалыптасқандығын айтты. Бұл жұмыстарды тиімді атқару үшін министрлік өткен жылы Мемлекет басшысының, Парламенттің және Үкіметтің қолдауын алып, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шараларды мемлекеттік жоспарлауда негізге алатын құжаттарға енгізуге бастамашылық жасады.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзенінде Көксарай су реттегіштің бірінші су жіберу кешенінің іске қосылуы көктемде 920 млн. текше метр тасқын суларын шоғырландыруға, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы 71 елді-мекеннің жыл сайынғы су астында қалу қаупінен құтылуына мүмкіндік берді. «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау» кешенін жобалық қуатына шығару өткен жылғы көктемде 30 млн.текше метрден аса тасқын суларға бөгет болу мүмкіндігін берді және қаланың сол жағалауы мен шет жақтарын су басуының алдын алды. Сол сияқты Щучъе-Бурабай курортты аймақтағы қазіргі заманғы үш өрт депосының пайдалануға берілуі елді мекендерді орман алқаптары мен Бурабай ұлттық табиғи бағын тілсіз жаудан қорғауды айтарлықтай күшейтті.
Баяндамашының айтуынша, тау-кен және мұнай саласындағы ірі кәсіпорындар қауіпсіздігі министрліктің үздіксіз бақылауында тұр. Қауіпті нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қабылданған кешенді шаралар ауыр жағдайдағы жаралануды 2 есеге, өлім жағдайларын 1,4 есеге кемітуге мүмкіндік береді екен. Білім және денсаулық сақтау ғимараттарында өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Республика бойынша барлығы 1478 балаларды сауықтыру лагерлері, 2086 білім беру, 2426 денсаулық сақтау нысандары тексерілген. Осындай көптеген тексерістің арқасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы материалдық шығынды 9,9 пайызға азайтуға қол жетті.
Қазіргі уақытта мемлекетаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей Федерациясы және Қазақстанның шекаралық аумақтарында төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою саласындағы өзара іс-қимыл қалыптасты. Өрт және өнеркәсіптер қауіпсіздігі мәселелерінде ЕҚЫҰ Саммитін өткізген күндердегі жұмыстың оң тәжірибесін есепке ала отырып, Астана және Алматы қалаларындағы Қысқы Азия ойындары өткізілетін нысандарда кешенді пысықталуда. Сол сияқты өңірлік құрылымдарды жасақтау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Министрліктің шұғыл ден қою күштері 2010 жылы 8976 адамды құтқарды, төтенше жағдайлар туындаған аймақтан 12486 адам көшірілген. 64916 жедел шығу орындалып, 879 зардап шегушіге алғашқы медициналық жәрдем көрсетілген. Бұл мақсатта төтенше жағдайларға шұғыл медициналық ден қою жүйесіне түбегейлі өзгерістер жүргізілді. «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен бірлесіп, «Денсаулық» және «Жәрдем» мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойыздар шығарылды. 2010 жылдың қорытындылары бойынша «Денсаулық» пойызы «Қазақстандағы жылдың №1 таңдауы» Ұлттық сыйлығының «Әлеуметтік жауапкершілікті жоба» номинациясында жеңімпаз атанды.
Министрлік жұмысын қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елдегі төтенше жағдайлармен жақсы таныспын деді. Өткен жылы жедел және жүйелі түрде үнемі сіздердің министрлікке қатысты мәселелерге назар аудардық. 2010 жыл өте күрделі болғаны анық, кейбір орын алған жағдайларды дер мезетінде ақша бар ма, жоқ па немесе техника бар ма, жоқ па деген мәселелерге қарамастан сол сәтте шешуге тура келді. Сондықтан мен осындай қысыл-таяң кезде өздеріне жауапкершілікті алып, ауыртпалықтарды көтере білген адамдарға алғысымды білдіргім келеді.
Дегенмен, соған қарамастан өзекті мәселелер әлі барлығын айтқан Үкімет басшысы оны жою жолдарын қарастыру қажеттігін ескертті. Барлық бағыттар бойынша негізгі міндеттер белгіленді. Енді оларды тек орындау ғана қажет. Әрине, үстіміздегі жыл 2009 немесе 2010 жыл емес, экономикамыз әлденіп келеді, сондықтан қаржы мәселесін тағы бір пысықтап алған дұрыс болады. Қазір жақсы бір жеке серіктестік туралы жаңа заңның жобасы Парламент қарауына ұсынылды. Тек бюджеттік қаржыландыруға ғана қарап қалмай, бюджеттен тыс қорларды тарту, әсіресе жеке серіктестіктерді қарастыру қажет. Мұндай амал әлемдік тәжірибеде бар. Ал төтенше жағдайлар тікелей мемлекеттің мәселесі болып табылады. Халық төтенше жағдайларға тап болғанда проблемаларды сұрамайды, көмек көрсетілуін талап етеді. Көмек қолын созу сіздердің тікелей міндеттеріңіз, деген Үкімет басшысы төтенше жағдайдың барысы тиісті жауапты адамдардан қатаң сұралатынын жеткізді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.