АСТАНА. 31 наурыз. Грузин пианисткасы Тамар Бабилуа фортепианода тоқтамастан 25 сағат ойнап, өз елінің жаңа рекордтық нәтижесіне қол жеткізді. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Эксперимент Грузия ұлттық парламент кітапханасының акт залында 28 наурыз күні сағат 12:00-де басталып, 29 наурыз күні сағат 13:00-де аяқталған. Осы уақыттың ішінде музыкант қыз өзінің шығармалары мен белгілі композиторлардың туындыларынан 500-ге дейін композиция ойнаған. Бұл грузин пианисткасының осы тұрпатта рекорд жасаудағы бірінші талпынысы емес. Тамар Бабилуа мұндай экспериментке 2015 жылы жүгінген екен. Алайда, көп ұзамай қыздың қатерлі ісік ауруының үшінші кезеңімен ауыратыны анықталған. Осы науқасына байланысты Тамар экспериментті тоқтата тұрған. Себебі, ол мұның көп күшін алып кететін болған.
«Мен 2015 жылы Гиннестің рекордын жаңартқан Бенс Питердің ойынын YouTube-тан көрдім. Осыдан кейін мен де өзімнің алдыма сондай мақсат қойдым. Мен сол кезде-ақ тоқтаусыз 25 сағат ойнап, рекордты жаңартқым келген. Ол кезде ең жоғары көрсеткіш 22 сағат 10 минут болатын. Алайда, денсаулық жағдайыма байланысты бұдан бас тартуға тура келді. Осыдан кейін үндістандық бір ер кісі 127 сағат 8 минут кідіріссіз ойнап, рекордты мүлдем өзгертіп жіберді. Мен осы рекордтың өзінен асып түспекші едім. Бірақ дәрігерлерім мұның тәуекелі тым жоғары екенін айтып, денсаулығыма қарауымды сұрады. Сондықтан мен өзіміздің ұлттық рекордпен шектелгенді жөн көрдім», – деді Бибилуа.
Грузия рекордтар федерациясының президенті Давид Бегиашвили Бибилуаның рекордын нағыз ерік-жігердің көрінісі ретінде бағалады.
Тамар Бабилуа фортепианода үш жасынан бері ойнап келеді. Ол - көптеген ұлттық және халықаралық конкурстардың лауреаты. Грузиядағы музыка орындаушыларымен және дыбыс жазба студияларымен жұмыс жасасады. Тамар 2014 жылдан бері Niutone вокалистер тобының пианисткасы болып келеді.
Талғат Райымбек.
Дерек: ras.kz.
Фото: dolcevita-magazine.com.