ҚАРАҒАНДЫ. 8 сәуір. Бүгін қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин 34 жасқа толды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Геннадий Головкин Қарағанды облысындағы Майқұдық елді мекенінде кенші мен химиялық зертхана қызметкерінің отбасында дүниеге келді. Боксқа ағаларының айтуымен барған. Мектепті бітірген соң Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсті.
2003 жылы әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанса, 2004 жылы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болды. Кейін кәсіпқой боксқа ауысып, орта салмақта WBA, IBF, IBO және WBC (уақытша) тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарды жеңіп алды. The Ring журналының мәліметіне сәйкес, салмақ дәрежелеріне қарамастан әлемдегі ең үздік үш боксшының бірі.
Геннадий Головкин «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Таяуда боксшы «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми елшісі атанды.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, фото: egemen.kz.