• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

Түбі бір туысқан

366 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитіне қатысу үшін Ыстамбұлға сапары барысында Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен де кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Осыған байланысты Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы бүгінгі ынтымақтастық туралы қысқаша айтып өткенді жөн көрдік. Астана мен Анкара арасындағы байланыстардың даму серпіні қазақ пен түрік халықтарының туыстық, тарихи тамыр және мәдени құндылықтар ортақтастығы негізінде қалыптасып, аймақтық және халықаралық мәселелер, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өзара бірлескен іс-қимылдың негізіндегі ын­тымақтастық сипатында алға басып келеді. Түркия Қазақ­стан­­ның Орталық Азиядағы көш­басшылық рөлін мойындап, оны осы аймақтағы ең маңызды әріптесі деп санайды. Бүкіләлемдік саясатта ойып алар орны бар ең ықпалды түркі­­­­­тілдес мемлекет ретінде Қазақстан жағы да өзінің сыртқы саясат стратегиясында Түркияның маңыздылығын жоғары қояды. Екіжақты конструктивті үнқатысу­лармен қатар, Қазақстан мен Түркия БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, Түркі кеңесі және т.б. сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінің пішімінде де көпқырлы өзара іс-қимылды дамытып отыр. Екі мемлекет көшбасшы­лары­ның жиі кездесіп тұратын­дығын соңғы уақыттардағы мына деректерден-ақ көруге болады. 2012 жылдың 11-12 қазаны күндерінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында ол осы елдің сол кездегі Президенті А.Гүлмен және сол кездегі Пре­мьер-министр Р.Ердоғанмен екіжақты келіссөздер жүргізді. Осы сапарының барысында Н.Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Осы сапарында Елбасы Анкарада түріктің жетекші іскер азаматтарымен де кездесіп, оларды Қазақстан экономикасының перспективалы жобаларына инвестиция салуға шақырды. Сондай-ақ, Р.Ердоғанмен бірге Қазақстан-Түркия бизнес-форумына қатысты. Ал, Президент А.Гүлмен бірге Қазақстанның Түркиядағы өнерінің күндері шеңберінде ұйымдастырылған гала-концертті тамашалаған еді. 2014 жылдың 4-5 шілдесінде Н.Назарбаев Түркияның Бодрум қаласында болған Түркітілдес мемлекеттердің ІV саммитіне қатысты. Осы жылдың 27-28 тамызы күндері Н.Назарбаев Анкараға жұмыс сапарымен барып, сайлауда жеңіп шыққан Президент Р.Ердоғанды ұлықтау салтанатына қатысты. Жоғары деңгейдегі екіжақты кездесудің ең соңғысы былтырғы 15-17 сәуір күндері Астанада өтті. Осы күндері Түрік Респуб­ликасының Президенті Р.Ер­доған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында екі ел Президенттерінің қатысуымен Стратегиялық ынтымақтастықтың екінші отырысы ұйымдастырылды. Екі мемлекеттің парламент­аралық қатынастары да толық түсіністік пен конструктивті үн­қатысу арнасында өрбу үстінде. Түркия Қазақстанның ма­ңызды сауда-экономикалық әріп­тестерінің қатарына жатады. Екі елдің арасындағы сауда айналымы 2014 жылы 3,29 млрд. АҚШ доллары көлемінде болды. Соның ішінде экспорт – 2,27 млрд., импорт 1,02 млрд. долларды құрады. 2015 жылдың алғашқы жартысындағы тауар айналымы 1,2 млрд. доллар көлемінде болды. Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға екі елдің ара­сындағы Үкіметаралық эконо­микалық комиссия тиімді тетік рөлін атқаруда. Оның соңғы отырысы 2014 жылдың 24-26 сәуір күндері Астанада болған еді. Келесі отырыс Түркияда өтеді деп белгіленген. Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуы өте жо­ғары белсенділік сипатында деп саналады. Екі жақтың мәдени шараларға қатысу, шығармашылық делегация­лармен алмасу, туысқан қалалар мен аймақтар арасындағы байланыстар тығыздығы артып келеді. 2010 жылы Астанада Түрік Республикасының алғашқы Пре­зиденті Мұстафа Кемал Ататүрікке ескерткіш ашылды. Сол жылы Анкарада да Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды. Бұл да екі елдің жақындастығының айқын көрінісі. Бұлардан басқа, түрік жағының бастамасымен Түркия аумағында Абайға, Абылай ханға, М.Әуезовке және Қабанбай батырға ескерткіштер ашылды. Ал, Мағжан Жұмабаевқа түрік жерін­дегі ескерткіш Қазақстан Тәуел­сіздігін алмай тұрып-ақ ашылған еді. Міне, қысқаша айтқанда, екі елдің арасындағы байланыстардың қарқыны осындай. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».