• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Астана экономикалық форумы

531 рет
көрсетілді

Ол биыл да әйгілілердің басын қоспақ Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында алдағы 24-26 мамырда өтетін Астана экономикалық фо­румы туралы айтылды. Оған «Эконо­мика­лық зерттеулер институты» АҚ бас­қарма төрағасы Әсет Ерғалиев қатысты. «АЭФ-тың басты тақырыбы – «Жаңа экономикалық ақиқат: әртараптандыру, иннова­ция­лар және білім экономикасы». Аталмыш тақырып шеңберінде әлемдік экономиканы дамытудың негізгі үрдістері мен сын-тегеу­рін­дері, сонымен қатар, жаңа эконо­микалық ақиқат дәуірінде ұзақ мерзімді экономикалық өсумен қамтамасыз ету мәсе­лелері талқыланады», деді Ә.Ер­ғалиев. Оның айтуынша, форум жаһандық экономиканы орнық­ты дамытудың сын-тегеурін­дері мен тәуекелдерін, әлемдік қаржы-экономикалық жүйенің қазіргі мәселелерін шешу жол­дарын талқылау үшін жетекші халық­аралық сарапшылар, бизнес пен мемлекет өкілдерінің үлкен тобын біріктіретін ауқымды алаң болып табылады. Жыл сайынғы Астана эконо­мика­лық форумы Қазақстан Рес­­­пуб­­­ликасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың баста­масы бо­йынша өткізіліп келеді. Форум биыл тоғызыншы мәрте өткізілмек. Биылғы жылы да оған әдеттегі­дей бизнес және сараптау қауымдас­тық­тарының әлемге танымал өкілдері, ірі қаржылық құрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында ғаламтор-коммерция сала­сында қытайлық AliBaba Group компа­ниясының негізін қалаушы Джек Ма, ХВҚ басқарушы-директоры Кристин Лагард, ЕҚДБ президенті Сума Чакрабарти, британдық «The Economist» журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең беделді экономистердің үштігіне кіретін Колумбия университеті Жер институтының директоры Джеффри Сакс, Массачусетс технологиялық институтынның экономика профессоры, «Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity, and Poverty» әлемдік бестселлерінің авторы Дарон Аджемоглу, АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганның және Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчердің бұрынғы кеңесшісі Артур Лаффер, Леонтьев сыйлығының лауреаты Ха-Джун Чанг, «Валюталық соғыстар» бестселлерінің авторы Сун Хунбин, сондай-ақ, эконо­мика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес пен Томас Сарджент бар. «Биылғы жылы пленарлық отырыс негізгі шарадан алғаш рет жекелей «Қазақстан» орталық концерт залында өткізілмек. Ал форум аясындағы басқа жиындар бұрынғыдай Тәуелсіздік сарайында болады. Форум шеңберінде 20-ға жуық іс-шара жоспарланған. Оның қатарында дүниежүзіне танымал «The Economist» халықаралық беделді журналымен бірлесе ұйымдастырылатын Қазақстан инвестициялық саммитін, Боао азиялық форумы хатшылығымен бірлесе ұйымдастырылатын Ұлы Жібек жолы елдерінің форумын, «The Financial Times» халықаралық беделді басылымымен бірлесе өткізілетін жекешелендіру жөнін­дегі Қазақстан форумын айрық­ша атап өтуге болады, деді «Эко­номикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы. Сондай-ақ, ол АЭФ-2016 қарсаңында 24 мамыр күні ХВҚ басқарушы-директоры Кристин Лагард және Орталық Азия, Кавказ және ЕАЭО-ға мүше елдер үкі­меттерінің қатысуымен ХВҚ аймақтық форумы өтетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, форум аяқталған соң, келесі күні Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанындағы Ше­тел инвесторлары кеңе­сінің 29-шы пле­нарлық отырысы өткі­зіл­мек. Астана экономикалық форумы шеңберінде экономикалық тақырыптар бойынша негізгі спикерлердің дәрістер өткізуі, қатысушылар үшін Blockchain технологиясын қолдану бойынша воркшоптар сериясы, бизнес-гуру және жетекші әлемдік сарап­шылардан нетворкингтер, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда, сондай-ақ, қазақ­стан­дық жоғары оқу орындарының сту­денттеріне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал ЭЫДҰ, БҰҰ, Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚДБ секілді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары форумның серіктестері болып саналады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»