• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Қан майданнан қалған қолжазба

314 рет
көрсетілді

Бір күні жұмысқа қала тұрғыны Ұлтай Исмаилова телефон шалып, қолында Ұлы Отан соғысы жылдары санитарлық пойызда медбике болған ақтөбелік жас қыздың жазып қалдырған естелік қолжазбасы бар екенін және оны жұртшылық назарына ұсыну үшін музей қорына тапсырғысы келетінін айтты. Апай қолжазбада жас медбике қыздың соғыс жылдары санитарлық пойызда қызметте жүрген кездегі басынан кешіріп, көзімен көргендері баяндалғанын жеткізді. Бұл естелік қолжазбаның маңызының жоғары екенін түсініп, тез арада қолыма алып, оқып шыққым келді. Сондықтан Ұлтай апайдың үйіне барып, өзімен кездесіп, қолжазбаның қалай қолына түскенін және оны жазған медбике туралы толық білуге асықтым. Оның да сәті түсті. Ақтөбе қаласының «Мәскеу» шағын ауданындағы үйлердің бірінің есігінен мені жылы шыраймен, күлімдеп қарсы алған Ұ.Исмаилова Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, 40 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өске­лең ұрпақты білім нәрімен сусын­датқан ұлағатты ұстаз болып шықты. Ол Шалқар ауданында, одан кейін қаладағы №33 орта мектепте мұғалім болған екен. Естелік қолжазбаны жазып қал­дыр­ған 1942 жылы 17 жасында майданға медбикелер даярлайтын курсты бітірген соң өзі сұранып санитарлық пойызда медбике болған Нинель Солонина атты жас қыз көрінеді. Ұ.Исмаилованың қолына бұл қолжазба он жылдай бұрын түсіп­ті. Бір күні оқушысы «көрші әже берді, мұғаліміңе апарып көрсет» деп ескірген дәптер алып келеді. Ұлағатты ұстаз дәптерді оқи келе, оның Ұлы Отан соғысы жылдары жазылған қолжазба екенін түсініп, осыншама жыл қызғыштай қорып, сақтаған. Бүгінге дейін қолында сақтап келген қолжазбаны облыс­тағы бірден-бір көненің көзі – ескі жәдігерлер сақталатын орын әрі насихат орталығы музейге тапсыруды жөн санайды. Естелік қолжазбада Нинель Солонинаның соғыста жара­ланғандар тиелген санитарлық пойызда медбике бола жүріп, өз басынан кешірген ауыр да жантүршігерлік оқиғалары тізбек­теліп, баяндалған. Сұм соғыстың басталғанын аса ауыр тебіреніспен қабылдаған нәзік жан әкесі мен өгей анасынан жырақта жүргенде, фашистердің қолынан зардап шегіп, қатты жараланып өлім аузында жатқан қызыл әскерлерді емдеп, жарақаттарын таңып, олардың көңілдеріне медеу бола білген. Нинельмен бірге санитарлық пойызда көптеген жас қыздар қызмет атқарған. Күн-түн дамыл таппай вагон іштерін тазалап, жаралылардың жарақаттарын таңып, аса ауыр жарақатпен түс­кендерді уақытша ем-домын жасап, жолда кездескен сани­тар­лық стансалар мен пункт­терге зембілдермен түсіріп, ауру­хана­ларға тапсырып отырған. Кей­біреулерінің жанында түні бойы отырып, олардың көздері ұйқыға кеткенше жарақаттарының жанына батпауы үшін қолдарынан келгенінше көмектерін аямаған. Жас медбикені санитарлық пойыздың №14 вагонына жауапты етіп бекітеді. Бірде Нинельдің вагонына жаралы барлаушы жауынгер түседі. Денесі, бет-әлпеті ұйыған қан. Немістер оны ұстап алып, ая­май жәбірлеп, тірілей өртеу үшін сарай ішіне отқа тастаған. Пар­тизандар оны от ішінен алып шығып, аман қалған. Мұрны мен құлақтары отқа күйіп кеткен. Пойыздың барлық қызметкерлері оның жарақатын таңу үшін бірлесе жұмыс жасаған. Тағы бірде оның вагонына қан­сыраған 8 жауынгер қыз түседі. Олар партизан тобынан екен. Фашистердің тұтқынында болып, аяусыз зәбір көрген. Денелерінде сау жер қалмаған. Пышақпен тілініп, кесілген. Тіпті, фашистер сұрағандарына жауап ала алмаған соң, қыздардың болашақта ана болуына да үлкен кедергі жасаған. Тырнақтарының арасына ине тығып, кейбіреулерін жұлып тастаған. Шаштарын да жұлған. Осындай ауыр жарақаттарына қарамастан, олардың көздерінен Отанға деген махаббатты, сүйіс­пеншілікті көруге болатынын медбике қыз қолжазбасында аса зор тебіреніспен жазады. Осындай оқиғалардан кейін Нинель Солонина 1943 жылы Васильев станицасында гос­питальға айналған бай помещиктің үйінде офицерлік корпуста соғыс аяқталғанға дейін медбике қыз­метін атқарады. 9 мамырдағы Жеңіс күнін өзі емдеп жатқан жара­лы жауынгерлермен бірге қарсы алып, «Біз жеңдік!» деген қуанышты хабарды әр жара­лы жауынгерге жеке-жеке зор ықы­лас­пен жеткізеді. Осылай 1418 күн мен түнге созылған, қаншама боз­дақтың, қаншама қыршын жастың өмірін қиған сұм соғыс аяқталды. Жеңісті жақындатуға бар күш-жігерін сарп етіп жұмсаған, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» жұдырықтай жұмылып, жауына қаймықпастан қарсы тұр­ған халық үшін 1945 жылғы 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні – қасиетті күн! Қан майдан даласы да, еңбек даласы да, жаралыларды емдеп, жазып қайтадан жауға атой салуы үшін қатарға қосқан дәрігерлер де, өзгелер де асыға күткен күн! Бұл күн бүгінгі жас ұрпақтың жүре­гінде қасиетті Отан, туған жер ұғымдарымен пара-пар. Қан май­данда ерлікпен шайқасқан сол сұрапыл ХХ ғасырдың батырларына тағзым етіп, мәңгі есте сақтайтын күн! Айбек ЕРТЕМІРОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Ақтөбе