• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Математика майталманы

759 рет
көрсетілді

Ашығын айтайық, талантты ғалым, тамаша ұйымдастырушы деп айтуға тұрарлық бір жан болса, ол осы біздің ұстазымыз Тынысбек Қалменов. Бұл кісі қазақ математикасының бүгінгі таңдағы маңдайға басар мақтанышы, көрнекті ғалым, ұлт ғылымының шын жанашыры. Оның өмір жолына қарап, тек қана алдыңғы қатардан көрінген жан екенін аңғарамыз. Тынысбек Шәріпұлы 1946 жылы сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Төле би ауданы, Көксәйек ауы­лында дүниеге келген. 1953 жылы өзі қатарлы балалармен бірге ауылындағы білім ұя­сының табалдырығын аттап, кейін Шымкент қаласындағы Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасова атындағы №12 интер­натқа ауысып, мектепті алтын ме­дальмен аяқтайды. Оқушы кезін­де көркемөнерпаздар үйір­месіне қаты­сып облыстық, рес­публикалық байқау­лардың лауреаты атанады. Қазақтың ұлттық домбыра, асатаяқ, сыбызғы сияқ­ты аспаптарын, сонымен қатар, баян мен гитараны да еркін мең­гереді. Керемет әншілік қабілетін де айта кеткен жөн. 1964 жылы Новосібір мемле­кеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсіп, Лениндік стипендия­мен оқып, қызыл дипломмен үздік бітіреді. 1969-1972 жыл­дар аралығында КСРО ҒА Сібір бөлім­шесінің Математика инс­титутының аспиранты атанып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Елімізге танымал ғалым Мұқ­тарбай Өтелбаев 1972 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының жас ғылыми қызметкері ретінде бір теореманы дәлелдеп жат­қанда, залда отырған байырғы ғалымдар бұл дұрыс емес деп қарсы шығады. Сонда Мұқаң араларыңызда мына теореманы түсінетіндеріңіз бар ма деп сұрағанда, ортада отырған Тынысбек суырылып шығып, бірге дәлелдесіп қарсыластарынан басым түскендіктерін айтады. Сөйтіп, екеуінің ғылымдағы және өмірдегі достықтары осылайша басталады. Үлкен жүректі азамат ака­демик Мұқтарбай Өтелбаевпен бірлесіп жас ғалымдарға семинарлар ұйымдастырып, іргелі іске білек сыбана кірісіп кете­ді. Осы кездерде Мұқаң «Диффе­ренциялды операторлар» теориясын Тынысбек замандасынан үйреніп, «Дифференциялды операторлардың тартылуы және кеңеюі» теориясын шешіп, көп­теген ғылыми мақалаларды бірге жариялағанын еске алады. Бұл еңбектерді қазір әлем ғалымдары пайдаланады. Кейіпкеріміз 1978 жылы КСРО-да жастарға бері­летін ең жо­ғарғы марапат – ғылым мен техника саласындағы Бүкілодақтық Ленин комсомо­лы сыйлығының лауреаты атағын алады. Ал 1972-1985 жылдар аралы­ғында ҚазКСР ҒА құрамындағы Мате­матика және механика инс­­титутында кіші, аға, бас ғы­­лы­ми қызметкер, лаборато­рия мең­герушісі болып кәсіби бас­­пал­дақтар бойынша жоғары қарай өрлей береді. Сол жылдары оның көптеген мақа­лалары Мәскеуде шығатын беделді ғылы­ми басылымдарда жарияланады. Оның ұстаздары КСРО ҒА кор­респондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Андрей Ва­сильевич Бицадзе мен физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Адам Маремович Нахушевтің жетекшілігімен тың ізденістерге ден қойып, физика-математика ғылымы бойын­ша докторлық диссертациясын жазып, оны 1983 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі ғылыми ке­ңесте сәт­ті қорғап шығады. Мұны үл­кен жетістік ретінде бағалауға болады. Өйткені, алдыңғы буын­ның айтулы өкілдері Асан Тай­манов, Орынбек Жәутіков, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұқ­тарбай Өтелбаевтардан кейін Мәскеуді мойындатқан осы Тынысбек Қалменов болды. ҚР ҰҒА академигі, биология ғы­лым­дарының докторы, профессор Р.Бер­сімбайдың әңгімесіне құлақ түріп көрелік. «Тынысбек Қалменовпен менің танысқаныма елу жылдан астам уақыт өтіпті. 1964 жылы біз Новосібір мем­ле­кеттік университетіне оқу­ға түскен едік – дейді ол кісі.  Тынысбектің математика саласында үлкен ғалым болып қа­лыптасуына есімдері дүние жүзіне белгілі ғалымдар ұстаздық ететін аталмыш оқу ордасы қомақты үлес қосты. Сабақтан бос уа­қытының бәрін ол университет кі­тапханасының оқу залында өт­кі­зетін. Факультетте және Мате­матика институтындағы  семи­­нарларға қатысып, баяндама жасап, білімпаздығымен ма­мандардың көзіне бірден түсті. Аспирант кезінде Новосібір уни­вер­ситетінің механика-ма­те­ма­тика факультетінің студент­теріне семинарлық сабақ­тар жүргізіп, дәріс берді. Мате­ма­тиктерге жақ­сы таны­мал профессор А.На­хушевтің жетекшілігімен кан­дидаттық диссертация қорғап, сол кездің өзінде-ақ келешекте ғылымда үлкен табыстарға жететін қабілетін байқатты. Кездесіп қалып әңгімелескен сәттерде ол КСРО ҒА корреспондент-мү­шесі А.Бицадзе мен профессор А.Нахушевтің есімдерін әр­дайым ілтипатпен атап, сол мар­ғас­қалардың өзіне көрсеткен әріптестік көмектерін айтатын. 1985-1991 жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дифференциялды тең­­­­деулер кафедрасының мең­геру­шісі, механика-математика факультетінің деканы болды. Ол кісі кафедраны, факультетті басқар­ған тұста университеттің қоғам­дық, ғылыми істеріне бел­сенді араласып үнемі алдыңғы орындарда жүрді. Техника ғылымдарының док­­торы, профессор Мемле­кет­­тік сыйлықтың лауреаты Ал­тынбек Шәріпбай ағамыз бірде Тынысбек Қалменов туралы ағынан жарылып тұрып мы­наны айт­ты. «1985 жылы Ты­нысбек Шә­ріпұлы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситеті механика-ма­тема­тика факультетінің деканы еді. Сол жылы «Информатика» же­ке пән ретінде жоғары білім берудің барлық мамандықтарына енгізілсін деген Үкімет қаулысы шықты. Осы пән бойынша оқу үде­рісін қамтамасыз ету үшін мені механика-математи­ка фа­культетінде ашылған ин­­­форматика кафедрасының мең­герушісі қызметіне шақырды. Мен оған келісім беріп, жаңа жұмысқа кірістім. Ал 1986 жыл­дың 16 жел­тоқсанында Ал­матыда жастар кө­терілісі болды. Дәл сол күні сағат 11.30-да мен механика-математика факультеті ғи­маратының 316-аудиториясында лекция оқуым керек болатын. Келсем сту­­денттердің саны аз, сабаққа келмегендерді белгілеп, журналға қол қойдым да дәрісті бастап кеттім. Бірақ, біраз уақыттан кейін коридордан «алаңға жүріңдер» деген дауыстар естілді. Алдымдағы студенттер «ағай бізді де алаңға жіберіңізші» деп сұрай берген соң, сол жақта бір мереке басталған шығар деп ойлап, жібере салдым. Кеш­ке алаңда көтеріліс болғанын теледидардан білдім. Осы оқиғадан біздің С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті көп жапа шекті. Біраз адамдар партиядан, жұмыстан, студенттер оқудан шығарылып, сотталып кетті. 1987 жылдың наурыз айында мені КГБ адамдары «Қазақстан» қонақ үйінің 8-қабатындағы бір бөлмеге шақырып, бірнеше сағат бойы таныс адамдардың атын атау үшін көптеген суреттерді көр­сетіп, ұлтшылдық туралы түр­лі сұрақтар қойып, соның ішінде 1983 жылы студенттердің дипломдық жұмыстарды қорғау бойынша мемлекеттік комиссия алдында неге қазақ тілі қам­қорлықсыз қалған тіл деп айттың деген қитұрқы сөздер айтып мазамды алды. Сол жылдың мамыр айы­ның аяғында тағы да КГБ мені шақырып: «1986 жылдың 16 жел­тоқсанында сен неге сту­денттерді сабақтан босатып жібер­дің?» деген сұрақпен қорқытып, әбден әбігерімді шығарды. Мен сол күні өз сабағымды уақытында өткіздім, оған дәлелім бар деп тұрып алдым. Содан тергеуден шыға салып, артыма қа­ра­май жүгірген бойда Тынысбек Шәріпұлының кабинетіне ентіге кіріп келдім. Сыртқа шығуға ым­дап едім, ол кісі түсінді де, ғимараттың артындағы есікпен далаға шықтық. КГБ адамдары ешкімге айтпа десе де, болған жағдайды толық баян­дадым. Ол кісі біраз ойланып тұрды да студенттерді түгендеген жур­налыңды менің сейфіме сал, оны менен басқа ешкім көре алмайды. Ал өзіңді докторантураға жіберейін. Жақында ректор жиналыста докторантураға бір орын бар деген, соны саған берейін. Сен мәскеуліктермен жұмыс жасап жүрсің ғой. Солардан өзіңді қабылдаймыз деген келісім хат алып кел деді. Сол күні кешке Мәскеуге ұшып кеттім де, үш жерден тиісті құжаттарды әкелдім. Ішінен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің келісімін дұрыс көріп мені докторантураға жі­бер­ді. Бұйрықты Мәскеу уни­верситетіне шығартып, Зеле­ноградқа кетіп қалдым да, сол жердегі Ғылыми өндірістік ор­талықта жабық тақырып бойынша ғылыми зерттеулермен айналыстым. Сол кеткеннен Кеңес Одағы тарқағаннан кейін ғана елге оралдым». Ағамыз міне осылайша қуғын-сүргіннен аман алып қалған Тынысбек Шәріпұлына алғысын білдіреді. Тынысбек Қалменов елдің эконо­микалық, әлеуметтік жағ­дайы қиын шақта ректорлық қызметке тағайын­далған. Ол қа­зіргі М.Әуезов атындағы ОҚМУ материалдық-техникалық база­сының нығаюына көп еңбек сіңір­ді. Бұл кісінің тұсында жа­ңадан мамандықтар ашылып, көптеген кафедралар ұйым­дастырылды. Математика фа­куль­теті құрылды. Лаборато­риялық құрал-жабдықтар алынып, жастардың терең білім алуына жан-жақты жағ­дай жасалды. Студенттер мен аспи­ранттардың саны екі еселенді. Жаңа оқу ғимараттары салынып, ескілері күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл кісі басқарған тұста М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың елу жыл­дық мерейтойы халықаралық деңгейде кеңінен аталып өтілді. Мұғалімдердің жалақысын сол 90-жылдардағы қиындықтарға қарамастан көтеріп, сырттан профессор-оқытушылар құрамын шақырып, үлкен ғылыми база қалыптастырды. Бүгінде шетелдерде, Қазақстанның түп­кір-түпкірінде, әртүрлі дең­гей­дегі әкімшіліктер мен минис­трліктерде Тынысбек ағамыздың тәрбиелеген шәкірт­тері жауапты қызметтер атқа­руда. Алдыңғы қатарлы шәкірттері об­лыстардың, қалалардың әкімі, ми­нистрліктің тізгінін де ұстап үлгерді. 1996 жылы Тынысбек Шәріп­ұлының тікелей ұйымдас­ты­руымен Шымкент қаласында Қазақстан математиктерінің I съезі өткізілді. Оған алыс-жақын шет­елдерден көптеген көрнекті ғалымдар қатысты. Съезде олар математика ғы­лымының мәйекті мәселелері бойынша пікір алмас­ты. Математиканың түрлі салалары бойынша талқылаулар болып, алдағы даму бағыттары айқындалды. Бұл бүгінгі күнге дейін үлкен мәнге ие алқалы жиын болып тарихқа енді. Қандай болмасын басшы ға­лым­дардың кеңсесіне кірсең үлкен үстел, қымбат сурет, бағалы мебель көресің. Ал Тынысбек Шәріпұлының кабинетіне бар­саң ғылыми журналдар, әлем әдебиетінің классикалық туындылары, шәкірттерінің ғылыми еңбектері, ені екі, ұзындығы төрт метр тақта тұрады. Бұл оның ғылымға шын берілгендігінің белгісі. Көп ғалымдар Тынысбек Шәріп­ұлының алдында баяндама жасаудан жасқанып, есеп шығарып, теорема дәлелдеуден қаймығып тұрады. Өйткені, мате­матик ғалымның терең энци­клопедиялық білім иесі екендігін олардың бәрі біледі. 2013 жылы «Дифференциял­дық теңдеулердің бас­тапқы-шекаралық есептер теория­сы» атты жұмыстар топ­тамасы үшін Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым минис­трлігінің Ғы­лым комитеті Математика жә­не математикалық модельдеу институтының бас дирек­торы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ғылым ака­де­миясының академигі Тыныс­бек Қалменов Мем­лекеттік сый­лықтың лауреаты атанды. Тынысбек Шәріпұлы елу жыл­ға жуық уақыттан бері мате­ма­тика ғылы­мының ішінде воль­терлік емес трикоми опера­то­рының проблемаларын шешумен, гиперболалық, эллипстік және аралас типтегі теңдеулер үшін локальді емес шекаралық есептердің спектрлік теориясын құрумен айналысып келеді. Со­нымен қатар, еліміздегі аралас типтегі теңдеулер жүйесі мек­тебінің негізін қалаған ғалым. Бү­гінгі күнге дейін Томсан Рей­терс базасының импакт фактор басылымдарында жарияланған 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Басқа да елеулі еңбектері баршылық. Тынысбек Шәріпұлының Қазақ руханияты мен мәдениетіне, жаңа дәуірдегі Қазақстан ғылымына қосқан еңбегі мол. 1993 жылы Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Президентi Н.Назарбаев пен Өзбекстан Пре­зидентi И.Кәрімов Төле би ба­бамыздың (халық арасында «Қарлығаш би», «Қарлығаш әулие» деген атпен де танымал болған) мазарына келiп, зиярат жасайды. Тозығы жеткен кесенені көріп көңілсіз қайтқан бір топ ел ағалары ақылдаса келе қайта жөндеу жүргізу қажет деп тауып Төле би қорын құрып, жаңғырту жұмыстарын бастап кетеді. Қор­дың басшысы Тынысбек Қал­менов қаржы көзін тауып, сәулет өнерінің небір майталмандарын іске тартып, екі жылға жуық уа­қыт тер төгіп көп істі тындырады. Қазақстан Республикасы Ел­таң­­басының авторы Жандарбек Мәлі­беков те бала-шағасын Қазақстанға көшіріп жіберіп, өзі Төле би бабамыздың басын­да күні-түні дамыл таппай, қона жатып қайта қалпына кел­тіру жұмыстарын жасай­ды. Құл­пытасты дайындауға тамаша сәулетшілерді аралас­тырып, өз ісінің шеберлеріне әсем­детіп Құран­нан алынған қа­сиетті сөздерді қашап жаздырады. Ал алдыңғы бет жағына – Төле бидің туған және өмірден өткен жылдары көрсетіледі. Қапталына Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәңірім қазаққа елдікті де, ер­лікті де, даналықты да берген» деген қанатты сөзін ойып жаздыртады. Бұған дейін кесене ресми түрде «Қарлығаш би кесенесі» деп аталып келгені мәлім. Бұл кісінің еңбегінің арқасында нақ осы жолы ғана «Төле би кесенесі» деген шынайы атын қайтара алдық. Исі қазаққа аты мәшһүр болған Төле бабаның сүйегі Ташкент шаһары­ның қақ ортасында, Мұхам­мед Пайғам­барымыздың (с.а.у.) ұрпағы – Шейх Хаванд Тахурмен қатар жатқаны белгілі. Заманында «ақылдың алдас­паны», «кемеңгердің кемелі», «бі­лімдінің білгірі» атанған Шейх Хаванд Тахурдың XVI ға­сыр­да салын­ған кесенесін Таш­кенттегі аса көрнекті сәулет ес­керткіштерінің біре­гейі десе болады. Тынысбек ағамыз қосымша қаржы шығарып осы Шейх Хаванд Тахурдың кесенесіне, Төле би бабамыздың кесенесімен бірдей қайта жаңғырту жұмыстарын жасайды. Кесене жанынан бар жағдайы жа­салған зияратхана салдырады. Жақын жылдары тағы да қосымша жаң­ғырту жұмыстарын жасап берді. Тынысбек Шәріпұлы болашақ ұрпақтар алдында өзінің зор міндетін осылайша абыроймен атқарды. Барлық алға қойған міндеттер орындалып, жұмыс аяқталғасын ел жанашырлары, атса­лысқан азаматтар бірігіп имам­ға құран оқытты. Сол күннен бас­тап 26 мамыр Төле бидi еске алу күнiне айналды. Жыл сайын осы күні баба басына барып Құ­ран оқы­тып, ас беру дәстүрге айналған. Тынысбек Шәріпұлының осын­­дай биік-биік белестерді ба­ғындыруына ол кісінің үйін­дегі аяулы апамыз Жанар Тұр­далықызының қосқан үлесі зор. Олар он баланы өмірге әкеліп, құтты орнына қондырып, үбірлі-шүбірлі ұрпақ өсірген, мерейлі отбасын ұстап отыр. Егер біреулер сен ғылымда кімнің баласысың, ұстазың кім деп сұрай қалса, мен академик Тынысбек Қалменовтің он бірінші баласымын және төл шәкіртімін деп жау­ап беремін. Сүндет КӘРІМОВ, техника ғылымдарының кандидаты АСТАНА