Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың төрағалық етуімен министрліктің орталық аппаратының, Ұлттық ұланның басшылық құрамының, өңірлік ішкі істер, төтенше жағдайлар және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, сондай-ақ жергілікті полиция қызметі және ведомстволық оқу орындары басшыларының қатысуымен ІІМ-нің алқа мәжілісі өтті.
Онда ағымдағы жылғы 1-тоқсандағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы қаралды. Жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алуда ішкі істер органдарының өзге де қызметтерімен, жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлескен практикалық жұмыстарын жетілдіру және ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Алқа мәжілісінің барысында су тасқынын ескерту, су тасқынының салдарларын жою, зардапқа ұшыраған өңірлердің тыныс-тіршілігін қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан шаралар да қаралды.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша министрліктің орталық аппараты қызметтерінің және өңірлік департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.