Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы және ауылдық өңірлерді дамыту жөніндегі еуропалық комиссар Фил Хоганмен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан Республикасы-Еуропалық одақ желісі бойынша өзара іс-қимылдардың жағдайы мен перспективаларына, соның ішінде, 2015 жылдың 21 желтоқсанында қол қойылған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қатысты мәселелер ауқымын талқылады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Еуропалық одақтың Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды векторларының бірі және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдардың басым бағыты болып табылатынын атап көрсетті.
Бақытжан Сағынтаев Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімнің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды жан-жақты дамыту үшін берік негіз қалауды мақсат ететінін атап өтті.
Құжат екіжақты өзара іс-қимылдар үшін, соның ішінде аграрлық азық-түлік саласында, ауыл шаруашылығын дамытуда, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті сын-тәуекелдерді шешуде жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өз кезегінде Фил Хоган ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықтың кең ауқымды перспективалары бар екенін атап өте отырып, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы үнқатысудың даму динамикасына оң баға берді. Сондай-ақ, Еуропалық комиссар Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің сауда-инвестициялық бағыттардағы өзара іс-қимылдарды бұрынғыдан бетер нығайта түсетініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асырудың кешенді мәселелерін сындарлы талқылауды одан әрі жалғастыра беруге ниетті екендіктерін растады.