• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Өкілдік басшысымен өзекті әңгіме

336 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Траян Христеаны қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Мейман Б.Ізмұхамбетовті Мәжіліс Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, осы жауапты жұмыста табыс тіледі. Палата Спикері атап өткен­дей, Еуропалық одақпен әріп­тестік байланысты кеңейту әрі терең­дету біздің еліміздің сыртқы сая­сатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Оған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяу­да ғана Брюссельге сапармен барып қайтқаны дәлел бола алады. Кездесу иелері Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қол қойылған Кеңейтілген ынтымақтастық пен әріптестік туралы келісімді сөз етті. Аталған құжат Парламент Сенатында рати­фикацияланып, үстіміздегі жыл­ғы 25 наурызда Президенттің қолы қойылды. Тараптар бұл келі­сімнің Қазақстан мен ЕО халық­тарының әлеуметтік-эко­но­микалық, мәдени-гума­нитарлық салалардағы, сонымен қатар, екі­жақты және көптармақты бай­ланыстарын нығайтуға ерек­- ше серпін беретініне сенімді. Б.Ізмұхамбетов сауда-эко­но­микалық байланысты сөз ете келіп, Еуроодақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық әріп­тесі екенін айтты. Мәселен, 2015 жылы Еуроодақпен сыртқы сау­да 31 млрд. АҚШ долларын құра­ған. Соңғы 10 жылда қос тарап арасындағы тауар айналымы 13 есе, ал еуропалық инвестиция көлемі 10 есе өскен. Мәжіліс Төрағасы шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан ұсынып отырған қосымша ынталандыру шараларына тоқталды. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Еуропалық одақпен визалық режімді оңайлатудың өзектілігін алға тартып, өкілдік басшысын қолдау көрсетуге шақырды. Палата Спикері елшіні Мә­жі­лістің жаңа құрамымен таныс­тыра келіп, Қазақстан Прези­ден­тінің 5 институттық реформасын заңнамалық қамтамасыз ету жо­лында атқарылып жатқан жұмыс­тардан хабардар етті. Мә­жіліс еуропалық әріп­­тес­­­тері­мен қайтадан құрылған «Қа­­зақ­­стан Республикасы – Еуро­па­лық одақ» парламенттік ынты­мақтастық комитеті аясында ық­палдастықты одан әрі терең­детуге дайын. Сондай-ақ, бю­ро отырысында мүдделі мемлекет­термен, соның ішінде Еуропа ел­дері парламент­тері­мен ынты­мақ­тастық жөнін­дегі топтардың жаңа құрамы бекітілді. Өз кезегінде Т.Христеа екі тараптың ықпалдастық келісім­дерін жүзеге асыруға белсене араласатынын айтты. Б.Ізмұхамбетов әңгіме барысында 22 наурызда Брюссельде болған лаңкестік шабуылға байланысты көңіл айту білдіріп, бұл қатермен күресте Қазақстан Еуропа елдерін толықтай қол­дайтынын жеткізді.