Ұлтымыздың және күллі түркі әлемінің тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейханов және «Алаш мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде атап өтілетін Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуы құрметіне арналған іс-шара Алматы қаласында тұсауын кесіп, оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов және елімізге белгілі ғалымдар, білім мен мәдениеттің көрнекті өкілдері қатысты.
Іс-шараның шымылдығын түре отырып, Ғ.Мұтанов Әлихан Бөкейхановтың азаматтық ұстанымы мен өмірлік мақсаты тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болғандығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде «ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университеттерінің профессорлары Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері күрескен тарихи кезеңге «Мәдени ренессанс дәуірі» деген баға бергенін, Әлихан Бөкейхановтың, Сұлтанмахмұтша айтқанда, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» ұлт қайраткері екендігіне баса назар аударды. Кезінде Әлихан Нұрмұхамедұлы «Алған білімін өз халқының өмірімен бірлестіре алған адам ғана бақытты, оның жиған білімі баянды», деген келелі ой айтқанын тілге тиек ете келіп, еліміздегі көшбасшы білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осындай ұлы тойдың басы-қасында болу мәртебесіне ие болғандығын атап өтті.
Г.Әбдіқалықова өзінің алғысөзінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, журналист және этнограф Әлихан Бөкейханов өзінің бар саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен дамуына арнағанын атап өтті. «Алаш» ұранды ұлт қайраткерінің ұлт-азаттық қозғалыс басшылығына келіп, ұлттық мемлекетті қайта жаңғырту қажеттілігі идеясының негізін қалап, мақсатқа жету жолдары мен негізгі міндеттерді айқындағанын айта отырып, кезінде Бөкейхановтың қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуын, оның әрі қарай дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ету мақсатындағы іс-әрекеттері ұлттық тарих шежіресіне алтын әріптермен жазылатындығын баса айтты.
– Ұлтымыздың аса көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметі бүгінгі және келер өскелең ұрпаққа үлгі. Бейбіт кезеңде күн кешіп отырған ұрпақтың бақытына бұйырған ел Тәуелсіздігі жолындағы ұзақ та тағдырлы күрестің маңызды белесі ол – ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысымен тікелей байланысты екені ақиқат. Бабалар аңсап өткен, өмірлік мақсаты тұтқан тәуелсіздіктің толайым жетістіктері мен батыл қадамдарын жүзеге асырып отырған бүгінгі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты аясында біз өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жағуға зор мүмкіндік алып отырмыз, – деді Гүлшара Наушақызы өзінің құттықтау сөзінде.
Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған Б.Байбек бабалар аманатының адал сақтаушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференцияның жұмысына қала жұртшылығы атынан сәттілік тіледі.
– Артында өшпес із қалдырған Бөкейханов тұжырымына сүйенсек, толық ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізетін жалғыз жол – ұлттық мәдениетті ел жадында, болмысында сақтай отырып, жалпы қоғамды заман талабына сай озық өркениеттер үлгісінде дамыту болмақ. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген халқымыз сабыр мен салиқалылықты ту еткен Елбасы саясатының арқасында елдік тұғырын нығайтып, бүгінде тамырын сонау терең ықылымдардан тартқан «Мәңгілік Ел» идеясына ұласты, – деген қала басшысы қазіргі таңда ұлт мәдениеті мен ел өркениетін дамытуға үлес қосып отырған қала жұртшылығы мен іскер топтардың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып өтті.
Конференция жұмысы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан қозғалыс көшбасшыларының мұрасын қалың көпшілікке кеңінен насихаттады. Азаттықты аңсаған бабаларымыздың ұлы мұраты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жүзеге асып, сындарлы саясат жүргізіп отырған Мемлекет басшысының ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясы кешегі арыстарымыздың ұстыны болған «Алаш» қозғалысының негізгі ұстанымы – қазақ халқының бостандығымен тығыз үндесіп жатқандығы айтылды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы «Ұлттың ұлы тұлғасы», Білім және ғылым министрлігі жанындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов «Ә.Бөкейханов және ұлттық тарихты зерттеу методологиясы», Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Әлихан Бөкейхан – Қазақ ұлттық қозғалысының көсемі» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Тәуелсіздікті көксеп өткен асыл азаматтың туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген іс-шара аясында «Алаш» қозғалысы туралы деректі фильм көрсетіліп, Әлихан Бөкейханов шығармашылығы мен «Алаш» қозғалысы туралы кітап көрмесі мен Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналының жалғасы болып саналатын жаңғырған «Айқап» басылымының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ