Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Қаба ауданынан батысқа қарай жүз шақырым қашықтықта құм арасында Қаратоқты деген көл бар. Өзінің сұлулығымен, көркемдігімен талайды тамсандырған Қаратоқты көлі – табиғаттың ғажайып көрінісі.
Көркем көл Қазақстан мен Қытайдың шекарасында жатыр. Ол Қазақстанның Күршім, Зайсан аудандарымен шектесетін шекараға жақын жерде. Осы көлге барып, оның суына аяғын салған адамдардың айтуынша, бұл – әлемдегі ең көркем жерлердің бірі. Оны бір ғана рет көрген адам қайта келіп, айнадай көлдің айдынын, тереңінен тарайтын ғажайып сәулесін көрмесе тұра алмайды. Көл жағасындағы ағаш жапырағы мен шөптер күз мезгілінде алуан түрге боялып, құлпырып шыға келеді. Осы кезде ағаш жапырақтары мен шөптер құм ортасындағы керемет көлді түрлі бояумен бояп, адамның көзін тартып тұрады.
Бұл жерде көгілдір тау да бар. Осы тау құм алқабымен керемет жарасып, көлдің сәніне сән қосып тұрғанын көруге болады.
Дастан ЖҰМАБЕКҰЛЫ
АСТАНА