• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

«Мейірім» мейіріміне бөледі

468 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясының шеңберінде «Аналар кеңесінің» ұйымдастыруымен  «Мейірім» атты аудандық қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға және мүм­кіндігі шектеулі  жандарға мейірімділік нұрын сеуіп, олардың таршылық көрмеуіне шарапатын тигізіп, қайырымдылық қастерлі қасиет екенін жеткізу. Қайырымдылық шарасына аудан орталығында шағын және орта бизнес саласында жұмыс жасап, игілікті істердің басы-қасында жүрген кәсіпкерлер тартылды. Аталған акцияда осынау игі шараға мұрындық болып отырған кеңес мүшелері мен жеке кәсіпкерлер 315 мың теңге көлемінде демеушілік жасап, қырыққа жуық отбасы су жаңа қысқы, жазғы киімдер­мен, тұрмыстық заттармен қам­тылды. – Кеңестің алғашқы нәти­желі жұмысы «Аналар мере­кесі» қарсаңында бастау ал­ды. Ардақты аналар мен мерей­той иелеріне деген шексіз құр­метімізді білдіріп, мерекелік сый-сияпаттар жасап, аяулы жандардың ақ батасын алдық. Ұлыстың ұлы күнінде «Жақсыдан тиер шарапат» атауымен кембағал жандарға мерекелік дастарқан жайып, бағалы сыйлықтармен қуантып, концерттік бағдарлама ұсындық. Бүгінгі «Мейірім» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жалғызбасты және көпбалалы аналарға қамқорлықтың үлгісі ретінде тұрмыстық заттар мен киім-кешектер үлестірдік. Бұл акцияға «Аналар кеңесінің» төрайымы Бақтыгүл Сейтқазиева 35 мың теңге, кеңестің мүшесі Бақытгүл Аташева 9 мың теңге, Ғалияш Досманова отбасының атынан 118 мың теңге, Рая Шайымова 9 мың теңге, Бораш Әбдіғапарова 7500 теңге, Ләй­ла Омарова 4 мың теңге, Қарлығаш Нұрымова 12 мың теңге,  Күлпан Байкөбенова 17800 теңге, Бақытбек Шоқанов 29740 теңге, Ерлан Қарин 12500 теңге,  Нұргүл Елеутова 7 мың теңге, Қуанышгүл Аманова 12100 теңге, Ақмоншақ Әшімова 4 мың теңге, Гүлсінай Бөрібаева 10500 теңге, Мөлдір Алматова 14 500 теңге, Қызылгүл Көбек 12 мың теңге көлемінде көмек көрсетіп, мәрттік танытты, – дейді «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары Кәм­пит Мұхамедзәкірқызы. Сондай-ақ, ол келешекте кеңес жұмысын одан әрі кең көлем­де жан­дандырып, көмекке зәру жандарға қол ұшын береміз деп сенетіндіктерін білдірді.  Гүлім ЫСМАҒҰЛ  Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Суреттерде: шарадан көрініс