• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімов қайтыс болды

926 рет
көрсетілді

АСТАНА. 16 сәуір. Бүгін Қазақстанның бірінші демографы, белгілі ғалым Мақаш Тәтімов ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. «16 сәуір күні таңертең Алматыда ұзаққа созылған науқастан кейін қазақстандық белгілі ғалым, этнограф, республиканың бірінші демографы, саясаттану ғылымдарының докторы, академик Мақаш Тәтімов қайтыс болды. Ол өзінің 76 жасқа толуына екі апта қалғанда өмірден өтті», - делінген хабарламада. Қайғылы оқиғаның орын алғанын марқұмның ұлы Мұхит Тәтімов расқа шығарған. Мақаш Байғалиұлы Тәтімов 1940 жылы 30 сәуірде Алматы облысы, Талғар қаласында туған. Ол В.И. Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық университетін (1966), Мәскеу экономикалық статистика институтының аспирантурасын (1969) бітірген. 1970–1993 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығында кіші, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып істеді. 1931–1933 жылдары «голощекиндік геноцидтің», 1937–1938 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында қаза тапқан қазақтар шығынын, тоталитаризм үшін «сенімсіз» халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуының саяси себептерін ашып көрсету жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ 1986 жылы оқиғаға қатысқан жастарды саяси-құқықтық ақтау үдерісіне қатысты. Халықаралық статистика деректеріне сүйене отырып, тұңғыш рет дүние жүзіндегі түркі тілдес халықтардың жалпы санын жариялады. 1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысын құруға қатысып, оның тең төрағасының бірі болып сайланды. 1993–1996 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті аппаратында ақпарат және талдау бөлімінің аға сарапшысы қызметін атқарды. Тәтімов көші-қон саясатын талдап жасаушылардың, шет жұрттағы қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы отбасы, әйелдер және демография саясат жөніндегі сабағаттық кеңестің (1992–1997), адам құқықтары жөніндегі комиссияның (1992 жылдан) мүшесі болды. 1997 жылдан Орталық Азия университетінің ректоры. «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Марқұмның жаназасы дүйсенбі, 18 сәуір күні сағат 11:00-де Орталық Азия университетінде өтеді. Қонақ асысы «Алматы-Холл» (Абылайхан – Жамбыл көшелерінің қиылысы) ресторанында сағат 14:00-де беріледі. Талғат Райымбек. Дерек, фото: egemen.kz.