Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы қайғыға ортақтасып, көңіл айтты. Нұрсұлтан Назарбаев С.Құбашевтың ұзақ жыл түрлі мемлекеттік органдарда қызмет істеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқанына тоқталып өтті. Атап айтқанда, ол бірнеше облыстық атқару комитеттерінің төрағасы, Гурьев және Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарып, басқару жұмыстарында шыңдалды.
«Ол Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, жас буынды тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. Сағидолла Құбашевтың жемісті қызметі жоғары марапаттармен атап өтілді», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев С.Құбашевтың жарқын бейнесі әрдайым қазақстандықтардың жүрегінде сақталатынын айтты.