Кеше Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімовтің қатысуымен басқосу болып өтті. Онда екі елдің қарым-қатынасындағы қазіргі ахуал, әртүрлі сала бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейту мәселелері сөз болды.
Іс-шара аталған ведомствоның бастамасымен қолға алынған «Жаңа мүмкіндіктер» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Жиында Ө.Бітімов Ауғанстанның тиімді географиялық жағдайға, логистикалық мүмкіндіктерге, тұтынушы нарығына және мол табиғи ресурстарға ие екенін айтып, осы артықшылықтар көптеген елдердің, соның ішінде қазақстандық кәсіпкерлердің де қызығушылығын тудырғанын жеткізді.
– Атап айтқанда, 1992 жылғы ақпан айында дипломатиялық қатынас орнатылғалы бері Қазақстан бұл бауырлас елге жан-жақты саяси, экономикалық және гуманитарлық жәрдем көрсетіп келеді. Екі елдің сыртқы істер ведомстволары арасында үнемі екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың түрлі мәселелері бойынша саяси консультациялар өткізіліп тұрады. Айрықша атап өтетін жайт, Ауғанстанда біздің қаражатқа Талухан – Құндыз – Ширхан – Бандар бағытындағы тас жол қайта жөнделіп, орта мектеп салынды. Сондай-ақ, Бамиан провинциясында аурухана құрылысы басталса, Саманғанда көпір салу жұмыстары жоспарлануда, – деді елші.
Сонымен қатар, елші екі ел арасындағы білім беруге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы мемлекеттік білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Соның аясында бүгінде жүздеген ауғанстандық Қазақстандағы оқу орындарында білім алуда.
«Бағдарлама бойынша 10 жыл ішінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарында 1000 ауғанстандық студентті оқыту жоспарланған. Оған барлығы 50 млн. теңге қарастырылды. Бүгінде 200 Ауғанстан азаматы оқуларын аяқтады. Олардың көпшілігі медициналық және құқық қорғау мамандықтарын игеріп шықты. Алдағы уақытта инженерлік және халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша мамандар даярланады», – деген Ө.Бітімов ауғанстандық студенттер Қазақстандағы білім сапасын жоғары бағалағанын атап өтті.
Ал сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі жөнінде елші: «9 жыл бойы аталған бағыт бойынша үкіметаралық комиссия жұмыс істеп келеді. Оның кезекті 8-отырысы осы жылдың қыркүйек айында Ауғанстан астанасы – Кабул қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Елдеріміздің іскерлік қауымдастықтары өзара тиімді қатынастарды дамытуға ынталануда. Қазақстан Ауғанстанда сұранысқа ие, халық жиі тұтынатын тауарлар өндіреді. Оның ішінде бидай, ұн, макарон өнімдері, тұрмыстық химия, медициналық формалар мен арнайы киімдер және құрылыс материалдарының маңызы жоғары.
Биыл 30 наурызда Кабул қаласында қазақстандық экспорт тауарларын Ауғанстан нарығына жеткізу мақсатында «Қазақстан» сауда үйі ашылып, арнайы форум өтті. Сондай-ақ, «Батырдус» деп аталатын бірлескен кәсіпорын жұмысын бастады. Осы ретте, екі ел арасында үнемі бизнес-пішімде іскерлік кездесулер өтіп тұратынын және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауғанстан сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара іс-әрекеттер уақыт өткен сайын нығайып келе жатқанын жеткізгім келеді. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның Ауғанстанға экспорттайтын тауарлар құны 300 млн. долларға жетті», – деді.
Ө.Бітімов екі елдің мәдени-рухани байланыстарын да назардан тыс қалдырмады. Оның сөзіне қарағанда, бұл сала да айтарлықтай деңгейде дамып келеді. «Қазақстандық делегация Ауғанстанда өтетін халықаралық іс-шараларға тұрақты қатысып тұрады. Оның жарқын бір мысалы ретінде 2014 жылғы Наурыз мерекесін айтуға болады. Одан бөлек, биыл 12-14 сәуір күндері өткен ортағасырлық әйгілі ақын, ойшыл Әлішер Науаидің 575 жылдығына арналған ғылыми симпозиумға біздің елдің өкілдері арнайы қатысты», – деген елші парламентаралық қатынастың да қарқыны көңіл қуантатынын айтты.
Ұзақ жылдар бойы халықаралық терроризм, діни экстремизм, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымы келбетінде өңірлік, сондай-ақ, әлемдік қауіпсіздік үшін қауіп-қатер ошағы ретінде танылып келген Ауғанстанда бүгінде жағдай едәуір тұрақталғанын да тілге тиек еткен дипломат: «Қазіргі таңда «Талибан» қозғалысының жандануы мен ДАИШ топтарының пайда болуы жергілікті халықты алаңдатып отыр. Дегенмен, ол жақтағы қазақстандық дипломаттардың қауіпсіздігі жоғары деңгейде екенін айта кетейін. Бұл тұрғыда ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Оған Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты мен барлық елмен жақсы қатынас орнатуы да кепіл болуда», – деді.
Сөз соңында елші Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастар елдеріміздің игілігі жолында қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта біздің мемлекет бұл елдегі жағдайдың бүгінгіден де жақсара түсуіне өз үлесін қоса беретініне қатысушылардың назарын аударды.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»