Мен – қазақстандық әзербайжандардың өкілімін. Біздің аталарымыз 1937 жылғы қуғын-сүргінде Қазақстанға келген екен. Содан бері отбасымыздың төрт ұрпағы осында өмірге келді. Әзербайжанда алыс туыстарымыз болғанымен, ең жақын-жұрағаттарымыздың бәрі осында. Біз Талдықорған аймағында тұрдық. Сондағы Көксу ауданының Балпық би кентінде өстік.
Біздің отбасымыздағы аға ұрпақ қазақ тілінде таза сөйлейтін еді. Өкінішке қарай, біздің буын қазақ тілін білмей қалды. Тіпті, өзіміздің әзербайжан тілін де сондай жақсы білмейміз. Сөйтіп, біз қазақ замандастарымыз сияқты, кеңестік солақай саясаттың құрбандары болдық. «Болашақта коммунизм болады, онда халықтар бір-ақ тілде сөйлейді» делінетін өмірмен еш байланысы жоқ ұрда-жық идеология дегенін істеді. Сондықтан, орыс тілінде ғана сөйлеуге тырыстық. Ал қазіргі ұрпақтарымыз қазақ және орыс тілдеріне де судай. Мәселен, менің қызым әзербайжан тілін шала білгенімен, қазақ, орыс тілдерінде таза сөйлейді.
Мен қоғамдық өмірде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсенді түрде араласқан адам емеспін. Бірақ, оның қажеттілігін өмірде сезініп, көзіммен көріп жүрген адаммын. Мұны біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімінің нәтижесі деп санаймын. Көпэтносты Қазақстан тұрғындары Ассамблея арқылы бір халық болып, бір ұжымға үйлесіп, бір үйдің отын жағып, суын ішіп отыр. Барлық этносқа да бейбітшілік, тыныштық, көршілерімен татулық, өзара түсіністік пен келісім ауадай қажет. Бұл – адамзат қауымының ежелден аңсаған арманы.
Татулық пен түсіністік болмаса, бейбіт өмір де алыстай түседі. Ондайды әлемнің барлық түкпірлерінен көріп жүрміз. Таңертең аман-есен жұмысқа кеткен адамдар үйлеріне басы бүтін, толық қайта алмай немесе қансырап, аяғынан зорға басып келіп жататын жерлер аз ба? Үйде қалған жандар далаға шыққандарымыз аман келсе екен деп жүректері дірілдеп отырады. Ал біз, құдайға шүкір деп айтайық, ондайдың бірін де білмейміз. Үйлерімізге қуанышпен келеміз. Бағалай білгенге осының өзі бақыт. Сол күнге бізді жеткізіп отырған Елбасымыздың бейбітсүйгіш саясаты және оны іске асырып жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Қоғамдық өмірде мен Коммунистік партияның идеологиясын дұрыс деп санаймын. 2001 жылдан бері Компартияның ісіне белсене қатысудамын. Ал 2004 жылдан бастап Алматы облысы обкомының, 2015 жылдан Алматы қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесімін. Мен Коммунистік партияның нағыз халықшыл, қарапайым халықтың жоқ-жітігін қолдайтын, қорғайтын жолын бүлдірген кеңестік тоғышар функционерлер деп санаймын. Әйтпесе, Коммунистік партияның түпкі мақсаты өте дұрыс еді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітсүйгіш мақсаты менің коммунистік көзқарасыма да сай келеді. Сондықтан, мен оның қадамдарын қолдаймын, қолымнан келіп жатса, оның ісіне көмек беруге де әзірмін.
Магеррам МАГЕРРАМОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты
АСТАНА