Ақтауда қонғалы келе жатқан әуе кемесінің ұшқышының көзіне лазер сәулесі түсірілген
Ақтау халықаралық әуежайына қонғалы жатқан «Эйр Астана» компаниясына тиесілі КС-313 ұшағында күтпеген оқиға болды. Ол жасыл түсті лазерлік сәулемен көзінің тұмшаланғанын хабарлаған.
– Ұшқыштың айтуынша, әуежай сыртындағы даладан түсірілген лазердің әсер ету күші өте жоғары болған. Бұл қауіпті әрекет. Өйткені, ондай жағдайда адам айналасын бірнеше секундқа дейін бағдарлай алмай қалады. Ұшақтың қону, ұшу сәтінде бұл секундтар өте маңызды. Соған орай, біз әуежай аймағындағы тұрғындардың жақсылап ойлануын сұраймыз, – дейді «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ атқарушы директоры Ерғазы Жолдасов.
Оның айтуынша, мұндай жағдай Ақтау әуежайында осымен екінші рет қайталанып тұр екен. Алғашқы оқиғада да «Эйр Астана» компаниясының ұшағына лазер сәулесі түскендіктен, әуежай басшылығы полицияға арыз жазғанмен, бұзақыларды табу мүмкін болмаған.
Тентектердің «ермегі» орасан апатқа ұрындырып жүрмесіне кім кепіл? Сондықтан, қауіпсіздік үшін әуежай маңында кең ауқымды шаралар қажет-ақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы