Кеше, 21 сәуір күні Грекияның Олимп тауы етегіндегі ежелгі Гера храмының ашық алаңында XXXI жазғы Олимпиялық ойындардың алауы тұтатылды. Осыған арналған салтанатты шарада грек актрисасы Катерина Лехоу жоғарғы абыз әйелдің рөлін атқарып, бағзы үрдіспен күн сәулесінің қызуы арқылы символдық мәні бар құтыға от жүгіртті.
Бұдан кейін алауды алып жүгіруге арналған дәстүрлі эстафета жолға түсті. Оны гректің 25 жастағы гимнасты Элефтериос Петруниас бастады. Эллада жерінде алты күн шарлайтын алауды грек спортшылары алып жүреді. Олардың арасында босқындар сапындағы бір спортшы болатыны да айтылып жатыр.
Эстафета алауы 27 сәуір күні Афина қаласында Рио-2016 Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің делегациясына салтанатты түрде табыс етіледі. Осыдан бастап Олимпиялық алау өзінің 100 күндік сапарына жол ашады. Ол Бразилия территориясына 3 мамырда табан тірейді. Бұдан әрі елдің аумағын ұзақ уақыт аралап келіп, барлық штаттардағы 500 елді мекенді басып өтеді. Тығыршықтағы от 5 тамыз күні ғана сапарын аяқтап, Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионына Ойындардың салтанатты жағдайда ашылу рәсімі кезінде жеткізіледі.
Оңтүстік Американың осы елінде жалау көтеретін Олимпиялық ойындар 5-21 тамыз аралығында жарыс көрігін қыздырады.
Олимпиялық алауды алып жүгіру дәстүрі бұдан 80 жыл бұрын, 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиялық ойындардың қарсаңында бірінші рет қолға алынған болатын.
«Егемен-ақпарат»