• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2016

БАҚ – жаһанды жақсарту жаршысы

668 рет
көрсетілді

Астанада өтіп жатқан ХІІІ Еуразиялық

медиа форумда

адамзатты толғандырған

өзекті мәселелер талқыланды

Әлемдік экономиканың ертеңі алаңдатады

Кеше Астанада ХІІІ Еуразия­лық медиа форум салтанатты түрде ашылды. Әлемнің әр шал­­ға­йынан келген делегаттарға жол­да­ған құт­тықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау ал­қалы жиын­ның мән-маңызын айрықша атап өтті. «Еуразиялық медиа форум қатысушыларын Қазақстан әр­дайым құшақ жая қарсы алады. Форум әлемнің жетек­ші үнқатысу алаң­­дарының бірі­не айналды. Онда қазіргі за­ман­­ның ең өзекті мәсе­лелері тал­­қыланады. Дамудың жаңа пара­дигмалары қалыптасып, бо­ла­­­шақтың сұлбасы жасалады. Бүгін­гі таңда әлем барша адам­зат­қа теңдессіз сын-қатерлер төн­­­дір­ген жаңа дәуірге аяқ басты. Жа­ңа әлемнің, бәріміздің ор­­­тақ бола­шағымыздың қандай бо­­ла­­­тыны біздің әрқайсымызға бай­­­ланысты. Мен «Әлем. ХХІ ға­сыр» атты мани­фесті ұсындым. Оның мақсаты – Жер бетінде соғыс атаулыны түп-тамырымен жою. Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жасампаздық сындарлы диалог салтанат құра­тын дәуір болуы тиіс. Сол себеп­ті, Еуразиялық медиа форумның алаңында қордаланға­н әлемдік проблемаларды ашық талқылап, теңгерімді шешімдер іздестіру бейбітшілік жолындағы жал­пы­әлемдік қозғалысқа қосы­лар баға жетпес үлес. Форум жұ­мы­­­сы­­ның нәтижесі, сіздердің жаңа идея­ларыңыз бен баста­ма­лары­­ңыз дүниежүзілік коммуни­ка­­ция­ның жаһандық үнқатысуды дамы­­туға зор серпін береріне сенім­­дімін. Форумның барша қаты­су­шыларына жемісті жұмыс пен бар жақсылықты тілеймін», – делінген Президенттің құттықтауында. Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізген Премьер-Ми­нистрдің орынбасары, ЕАМФ ұйым­­дастыру комитетінің төр­айы­мы Дариға Назарбаева ер­теңі нұрлы елордамызға ат са­был­­тып алыс-жақыннан кел­­ген­­­дерді қо­нақ­жай қазақ же­рін­де аман-сау көргеніне қуа­ныш­­ты екендігін біл­дірді. Одан әрі шешен салмақты сөзін бы­лай­ша са­бақ­тады. «Қалып­тас­­қан жағдайға байланыс­ты он екін­ші және он үшінші ба­сқо­су­ы­­­­мы­з­дың арасына екі жыл са­лып­­­­пыз. Бұл осы уақыт ішіндегі өр­кен­­ді өзгерістерді бағамдауға мүм­кіндік береді. Қараңыздаршы, біз­дің бас қаламыз қалай қарыш­тап да­мыды. Астана тәуелсіз Қазақ­­­­­­­стан жаңаруының символы­на ай­­­нал­ды. Ол – барлық қазақ­стан­­­дық­тар­дың маңдайға басар мақ­та­ны­шы. Қала қазір халықара­лық ЭКСПО-2017 көрмесін қа­был­дау­ға қызу дайындық үстін­де. Алып құрылыс кешенінде қан­­дай ауқым­ды жұмыстар жү­ріп жат­қа­нын өздеріңіз аралап көре­сіз­дер. Бұйыр­са, бұл қала­шық ару Аста­на­­ның жаңа жауһары бол­ғалы тұр. Көгіл­дір көкт­ем күн­дері Астанаға кел­ген қадам­дарыңызға сәттілік тілеймін!». Сөзінің соңында Дариға Нұрсұлтан­қызы алқалы жиынның төрін­де отырған Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзайға ар­найы шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс айтып, мұндай тұғы­ры биік тұлғалар Еуразия ме­диа фо­ру­мы­ның мәртебесін биіктететінін атап көрсетті. Шын жүректен шыққан құр­­метті қошеметпен қабыл­даған Хамид Карзай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық аренадағы бітімгерлік рөліне жоғары баға берді. «Ауғанстанның қайта қалпы­на келтірілуіне көп көмек көр­сет­кен Қазақстанмен қайта қауыш­қаныма аса қуаныштымын. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ескер­месе болмайды. Мына биік мін­берді пайдаланып, Қазақ­стан­ның мыңға тарта ауғанстандық студенттерге стипендия бө­ліп отырғанын айта кеткім келеді. Олардың 180-ге жуығы меди­цина­лық білім алуда. Ұзақ мерзімге оқудан қол үзіп қалған ел үшін бұл қайырымдылықтың бағасы өте қымбат», – деді Хамид Карзай ағынан жарылып. Ол, сондай-ақ, Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көтерілген көкейкесті мәселелердің алмаға­йып мынау заманда өте өзекті екен­дігіне айрықша назар аударды. Еуразиялық медиа форумның алғашқы мәжілісі «Әлемдік эко­но­миканың бүгіні мен ертеңі» та­қы­­рыбына арналды. Дәл туған күнінде конференция тізгінін ұс­та­ған америкалық продюсер Риз Хан ашық әңгіме алаңындағы пікір алмасулардың қаншалықты қызықты өрбитіндігі залдағы зия­лы қауымның белсенділігіне бай­ланысты екендігін ескертті. Оның сөзінің әрине, жаны бар. Өйткені, ой додасы қызған жерде ғана ақи­қаттың беті ашылады. Соны сезген отырыс модера­торы оңтүстікафрикалық, Си-Эн-Эн телеарнасының жүргізушісі Элени Гиокос ғаламдық эконо­­микалық дағдарыс, мұнай ба­ға­сының құлдырауы, дүние­жүзін дүрліктірген қантөгісті оқи­­ға­лар және басқа да «күйіп» тұр­ған күрделі тақырыптарды спи­керлердің ортасына тастап кеп жіберді. Сол-ақ екен аналар ағыл-тегіл ақтарылып қоя бер­ді. Қаузалмаған проблема қал­ма­­ған­дай. Әсіресе, алпауыт мем­лекеттер арасындағы көшбас­шыл­ыққа ұмтылу бәйгесінің барысы тілге тиек етілді. Саясаттың майын іш­кен сарапшылардың пайым­дауынша, державалар текетіресі әлі де тереңдей түседі. Бәзбір біл­гіштер Қытай азуын айға білеген АҚШ-ты ығыстыра бастағанын баяндауға бейіл. Ұзаққа созылған санкциядан сап тыйылған Иран, әлемдік мұнай бағасының құ­былуы­на тікелей әсер етуші Сауд Арабиясының сан қырлы сая­са­тының ақыры қайда апарып соқ­пақ? Әрекетсіз ОПЕК-тің қара алтын нарығында қалыптасқан түйін­ді шешуге қауқары жете ме? Ға­ламд­ық қаржы құрсауында шыр­­­мал­маудың жолдары қандай? Қанды қақ­тығыстарға тосқауыл қойыла ма? Тұйыққа тірер сұрақтар жетер­лік. Ал, солардың жауабын табу қиынның қиыны. Ресей Федерациясы экономика­лық саясат комитетінің мүшесі Дмитрий Мезенцев кез келген экономикалық өзгерістердің өзе­гінде адам тағдыры тұратын­ды­ғын, оған дәлел ретінде жи­нал­ғандар назарына әлгінде ұсы­ныл­­­­ған бейнероликтегі айдың-күн­­­нің аманында амалсыз отан­дары­­­нан безген босқындардың талай­­­сыз тағдырын, қасақана ұйым­­­дастырылған авиациялық апат­­тардың құрбандарын жоқтау­шы­лар­дың еңірегенде етектерін толтыр­ған көз жастарын кесе-көл­де­нең тартты. Оның ойынша, халық­аралық беделді ұйымдар Жер тұрғындарын ынтымаққа шақыр­­ған­мен, өңірлердегі қарулы қақты­ғыстар мен дау-жанжалдар толас­тар емес. Технология шарық­тау ше­гіне жеткенімен, адамдар арам пи­ғылдарынан арыла алмай әлек. Дохадағы кеңесте ОПЕК-ке мүше елдердің ортақ шешімге келе алмауы көп жәйтті аңғартса керек. Қазақстан басшысының баста­масы­мен құрылған Еуразиялық эконо­микалық одаққа үлкен үміт артылуда. – Қандай мәйекті мәселелер сіздің түн ұйқыңызды төрт бөледі? Модератордың өзіне туралап қойған сауалынан Хамид Карзай тосыл­мады. «Экстремизм, терро­­ризм, радикализм қасіреті әдет­­­тегідей Азияны қамтып қа­на қой­май, Еуропаға да жет­ті. Ала­пат жарылыстардан ауған­­дық та­лай боздақтардың қыр­шы­ны­нан қиыл­ғанынан да хабар­дар бо­лар­сыздар. Меніңше, біз әлем­дік державалардың бір-бірі­не се­нім­сіздікпен қарауы­ның зар­да­бын тартудамыз. Экст­ре­мизм мен терроризм – сола­қай сая­­сат­тың салдары. Оның ас­та­ры­­­нан бірың­ғай әлеуметтік не­м­есе діни се­беп­тер іздеудің аяғы жақ­сы­лық­­қа апар­майды. Дүбірге толы дү­­ние­де жекелеген елдер ғана ба­­қыт­ты немесе бақытсыз бола ал­­май­ды. Им­периялардың астам сая­саты ар­на­сынан ауытқымайды. Мәселен, АҚШ президенті сай­лауы ал­дын­да Ақ үй қожайыны бо­лу­­­дан үміт­керлер тарапынан әр­­­түр­лі уәде­лер берілуде. Бұл тек сая­­­си ойын­дар ғана. Әйтпесе, бая­ғы­­­дан қа­лып­тас­қан қасқа жолдан олар­­дың басқа жаққа бұрылуы екіталай». Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро әңгімесінің әлқиссасын: «Біз өзіміздің демократиямыздың дәрегейін мақтан тұтамыз», деп бастады. Одан соң ағылшындық сақа саясаткер доллар бағасының тұрақсыздығын түсіндірген сы­ңай танытты. Үзілді-кесілді пі­кірі мынадай: «Бұған бірде-бір қай­раткер, бірде-бір мемлекет ті­ке­лей әсер ете алмайды. Егер ОПЕК тарапынан сәтті стра­те­гиялық қадам жасалса, мұнай баға­сын көтеруге мүмкіндік туар еді. Соның нәтижесінде әлем­дік экономикаға әл кіріп, тәуе­кел деңгейі төмендеуі кәдік. Шын­туайтында, мұнайдың төңірегінде толған қиындықтар бой көрсетті. Осыған сырттай сараптама жасап көрейікші. Ұлыбритания – Еуроодақтағы мұнайды ең көп өндіретін ел. Қара алтын бұрын қазынаға қыруар қаржы құятын. Ал, қазір ше? Өкінішке қарай, британ тарихында бұрын-соңды болмаған ахуал қалыптасты. Шаруа­лары шатқаяқтаған мұнай ком­панияларына үкіметтен суб­сидия бөлінуде. Бұрын бәрі кері­сінше болғаны белгілі. Джек Строның пайымдауынша, Иранның ОПЕК квотасымен келісуі неғайбыл. Олар мұнай­дың баррелін 40 доллардан саудала­ғанның өзінде біршама пайда табады. Сондықтан, ирандықтар өнімді шектейтіндей себепті көріп тұрғаным жоқ». Алуан пікірлер алаңы болған­дықтан ба, аталмыш спикердің аузынан артық-ауыс пікір де шы­ғып кетті. Нақтылай түссек, қ­а­сиет­­ті Ислам дінін лаңкестік, экс­тре­мистік секілді сойқанды әре­­кет­термен байланыстыра сөй­ле­ге­ніне Ливанның және Сауд Ара­­бия­сы­ның елшілері орынды уәждерін айтты. Ал, Хамид Кар­зай болса, экст­ремизмнің де, тер­ро­ризмнің де киелі Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды, деп қысқа қайырды. Шетелдік шешендердің шетін ала отырған «Астана» ха­лық­ара­лық қаржы орталығының бас­­қа­ру­шысы Қайрат Келімбетов Қазақ­станның шикізатқа негізделген модель­ден экономиканы әртарап­тан­дыруға көшуге мүмкін­дік туа­­тынына үміт артатынын жария­лады. Қазақстандық қаржы ма­ма­­нының сөзіне сенсек, ғалам­дық эко­но­микалық өрлеуге жете­лей­тін факторлар онша көп емес. Есе­сіне екінші тенденция қылаң бер­ді. Жаһандық экономика тех­но­ло­­гия­­лық тұрғыдан жетілуге бет бұрды. Ағылшын тілінде кеңінен кө­сіл­ген Қайрат Нематұлы, ел эко­­­но­­­микасының еңсесін тіктеуге қа­тыс­ты ұтымды ұсыныстарын білдірді. Ашық ойлар алаңына айналған Еура­зия медиа форумының алғаш­қы мәжілісі осылайша өз мәресіне жетті.

Тілге тиек – Таяу Шығыс тағдыры

Сәуірдегі сәулелі сәттердің біріне кешегі Еуразиялық мед­иа фо­­румды жатқызуға болады. Қан­шама қонақты қанатының асты­на жинап, пайымды да пайдалы пікір алаңын ұйымдастырған елі­­міздің еңсесі тағы бір мәрте көтерілді десек, артық айтқан­дық бол­мас, сірә. Шақырылған қонақ­тардың әрқай­сына шеберлік сағаттары мен кез­десулер өткізу жүктелгені де мәлім. Саяси сах­на­ның сырына қанық сарап­шы­лар сын сағатта сүрінбеді. Мүдір­меді. Оны кешегі келелі кез­де­су­дегі тұжырымдарына қарап тұс­палдай берсеңіз болады. Ортаға ұсы­нылған тақырыпты көкпарға тасталған серкедей қылып жан-жағынан жабыла қозғағанда қайсы­сының пікірі басым түседі екен деп күтумен болдық. Дәл осындай әлем­ді әжептәуір әбігерге салып отыр­ған маңызды мәселелердің қатарында Таяу Шығыстағы ел­дер­дің тағдыры тұрғаны тайға таңба басқандай анық. Иә, Таяу Шығыстағы ахуал тұрақ­танған жоқ, әскери қақтығыс, лаң­кестік әрекет пен наразылық толқуы күн сайын Ауғанстаннан Йеменге дейінгі өңірді телегейдей шайқап теңселтуде. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жанжал өрши түсті. Бұл Израиль мен араб әлемі арасындағы ежелгі теке­тіреспен бірге күллі Таяу Шығыс­тағы онсыз да әлсіз саяси тепе-теңдікті бұзып, бейбітшіліктің келешегін күңгірттендіре түсуде. Халықаралық дипломатия Иранға қарсы санкцияның күшін жоюға көмектесті. Бірақ, Сирияда бес жылға созылған азамат соғысын ешқандай мәмілегерлік тоқтата алмады. Бұл елде содырлар өз күшін сақтап қана қоймай, өзге елдерге де, соның ішінде, Түркия мен Тунис­те тамыр жая бастағаны жасы­рын жағдай емес. Сириядағы қантөгіс ұрысты тоқтату жөніндегі келісім Батыс пен Шығыс арасын­дағы сындарлы үнқатысудың  бас­та­­масы бола ала ма? Осы және өзге де халықаралық ушыққан жағ­дай­­ларға байланысты маңызды мәсе­лелер талқыланған алқадағы жиын тізгінін «Russia Today» Таяу Шығыс бюросының басшысы Пола Слиер өз қолына алды. Таяу Шы­ғыста тамыр жайған мем­ле­кет­тердің тағдырына байланыс­ты та­қырыпты тарқата талдаған спикерлер қатарында Хамид Карзай, Мысырдан келген «Әл-Аһрам» медиахолдингі бас­қар­масының төрағасы Ахмед Әс Сайид Әл Нагар, Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Артур Денаро, Ливаннан келген Таяу Шығыс зерттеу және қоғаммен байланыс орта­лы­ғының президенті Хишам Жабер, сая­саттанушы, Ресей халық­ара­лық мәселелер кеңесінің сарапшы­сы Максим Сучков белсен­ділік танытты. Осылармен қатар, са­рап­­­шылар санатында Қазақ­стан Рес­публикасы Прези­денті жа­­нын­­­­дағы Страте­гия­лық зерт­теу­­лер институтының ди­рек­торы Ерлан Қарин қатысып, ұлт­аралық қақтығыстардың туу себептері мен оны тоқтату жол­дарына баса назар аударып, жан-жақты талқылады. «Бүгінгі таңда араб елдерінің ішкі саяси ахуалы әлемнің ал­пауыт державалары арасындағы қырғи-қабақ қақтығыстың өзегі­не айналып отыр. Көптеген мем­ле­кеттердің бұқаралық ақпарат құрал­дары араб елдерінің ішкі жағдайы туралы хабарларды үсті-үстіне түйдектете таратып жатыр. Әлем саясаттанушыларының зерт­те­улерінде араб елдеріндегі сая­си дағдарыстың себебі – ішкі сая­си-әлеуметтік, экономикалық жағдайдың ықпалы деген баға беруде. Сонымен қатар, мұнда сыртқы күштердің әсері де анық байқалады. Осы араб елдеріндегі ішкі төңкерістерге радикалды экстремистік топтармен қатар, шетел­дік азаматтардың да қаты­сы бар екені белгілі және ол ел ішін­дегі дау-жанжалдың орын алуына өз әсерін тигізбей қоймайды», – деді Таяу Шығыс зерттеу және қоғаммен байланыс орталығының президенті Хишам Жабер. Отырыстың алғашқы бөлімінде сарапшылар Сириядағы бүгінгі жағдайдың алдын алуға болар ма еді деген сауал төңірегінде де пікір алмасты. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Артур Денароның айтуынша, қа­зіргі таңда Сириядағы жағ­дай ба­қы­лаудан шығып кеткен. Тарихи ес­керткіштер, архитектуралық ны­­­сан­дар жермен жексен болуда. Спи­­кер­­лерді алаңдатқан келесі сауал – бұл жағдайға кімдер кінəлі? Сарап­шылар бəріміздің де кінəміз бар, дегенмен де бұл жағдайды ушық­тыруға үлес қосқандар да жоқ емес деп отыр. Нақты кімдер екенін дөп басып ешкім айта қой­мады. Мамандар Сириядағы соғыс­ты тоқтатудың мүмкіндіктері және Сауд Арабиясы мен Иран ара­сын­дағы жанжалды жоюдың кілті кім­нің қолында деген сауал­дар төңі­регінде де пікір таластырды. «Бүгінде баршамызды экстре­мизм мен лаңкестік алаң­датады. Лаңкестік тек Таяу Шығыс елдері мен оңтүстік Азияға емес, Париж бен Брюссельге, әлемнің басқа да аумақтарына тараған жаһандық қауіпке айналып үлгерді. Ойланбай жасалған олқылықтардың салда­ры­нан қаншама отбасы қайғы-қасіретке душар болды. Олардың соңында тентіреп бала-шағасы мен туғандары қалды. Қауіпсіздікпен қамтудың қарапайым жолы – әр мемлекеттің өз ұстанымын ашық айтуы. Мен Ауғанстанды басқарып тұрғанда әлем көшбасшыларын осыған жиі үндедім. Терроризм, экстремизм мен радикализм тек әлеуметтік жағдай мен дінге байла­нысты туындамайды. Меніңше, бұл қатерлердің өсуі – нашар сая­саткер мен нашар саясаттың сал­дарынан болады», – деді Хамид Карзай өз кезегінде. Жылдар жылжып, айлар ауыс­қан сайын замана көші де зыр­лап барады. Дамудың даңғыл жолы­на түсіп, қарқынды қадам жа­сап келе жатқан мемлекеттер қата­ры да қалыңдады. Ішкі нарығы тұ­рақ­­талып, экономикалық еңсе­сі тік­телген елдердің де саны арт­ты. Мәселе санда емес, сапада бол­­­ғаны дұрыс шығар. Сарапшы маман­­­дардың айтпағы да осы. Мате­­р­иал­дық шаруаның мәселесін шеш­­к­ен­мен, рухани құлдыраудың ал­дын­­да тұрған алпауыт елдер де жоқ емес. Атағын шатақпен шы­ға­­рып жат­­қан­дар да жетерлік. Заң­­ғар биік зауыт­тары болса да, үкі­­меті үрей­­лі, жұрты жұпы­ны ел­дер де бар­­шылық. Бір сөз­бен айт­қан­да, осын­­дай озық мем­л­е­кет­тер­дің оз­быр­­л­ыққа жол бер­мей, бауыр­мал­дық ба­ғыт ұстануын ұсы­ну кешегі форум­ның басты формуласы десек болады. – «Манифесте айтылған маңыз­ды міндет – киберқылмысты жою­мен айналысу. Өйткені, ол тер­рор­шылардың аса қауіпті қаруына айналуы мүмкін. Олар ғаламтор арқылы әлемді қорқытқысы келе­ді. Біз ондайға жол бермеуіміз керек», – деген «Chime for Change» басылымының бас редакторы Мариан Перлдің пікірі өз алды­на өзекті. Шынында да, жантүр­ші­герлік оқиғалар жаһанда толып жатыр. Интернеттен көргенін істеуге итермелейтін сұғанақ ой осын­дайдан пайда болса керек. Далаң­ды автоматпен шулатпай-ақ, санаңды ақпаратпен улап жатқан қазіргі уақытта ғаламтордың өзі ғаламшар үшін қауіпті қаруға айналып бара жатыр. Бір сағатқа созылған жиын­ның түйініне келетін болсақ, Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың Ядро­лық қауіп­­­сіздік жөніндегі IV сам­митте сөйлеген сөзі адам­зат алдына келешегі зор маңыз­ды міндеттерді қойып отыр­ғаны белгілі. Әскери қақты­ғыс, лаң­кестік әрекет пен наразы­лық толқуы күн сайын Таяу Шы­ғыс­тағы ха­лық­тар­ды ғана емес, бүкіл әлем­­ді тол­ға­ндырып отырған түйт­­кіл екені айдан анық. Шетел­дік сая­­­сат­керлердің сараптауына сүйенс­ек, әрқайсының сөз түйіні Н.Назарбаевтың әлем жұртшы­лығы­на жасаған үндеуімен үндес­тік тапты. Сонымен қатар, форум аясында Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай мен «Астана» ха­лық­аралық қаржы орталығының бас­қарушысы Қайрат Келімбетов Назарбаев Университеттің сту­дент­­терімен кездесіп, әртүрлі та­қы­рыпта әңгіме өрбітті.

Жаңа имидж – жарқын болашақтың кепілі

Медиа форум аясындағы үшін­ші мәжіліс мұнай елдерінің жаңа имиджіне арналды. Шараға қа­тысқан сарапшылар қазіргі энер­ге­ти­калық ресурстар нары­­ғын­­­­­дағы тұрақ­сыздыққа байла­ныс­­­ты бренд тиімділігін жаңа жағ­­дайда арт­­ты­ру жолдарын қа­рас­тырып, туризм мен қызмет көр­сету салалары бойын­ша та­­быс табу­дың тетіктерін сөз ет­­ті. Жиын­ды ашқан модера­тор, Қытай­­дың CCTV телеар­на­сын­­­дағы «Жаһандық бизнес» ба­ғ­­дар­­ламасының жүргізушісі Лей Ченг ханым қазіргі нарықты бренд стратегиясын дамытусыз елес­тету мүмкін емес екенін ай­тып, «Көп­теген елдер мұнай ба­ға­­сы құл­­ды­раған соң өзінің бо­ла­­шақ­қа арналған жоспары мен стра­тегиясын қайта қарап ж­атыр. Бәсекеге қабілетті болу және ин­вес­тиция тартуда брен­динг фак­торының маңызы зор. Сон­дық­тан, мұнай өндіруші елдер осы салаға баға арзандаған күннің өзінде назар аудармай тұра алмай­ды. «Қара алтын» құнының күрт төмендеуі энергетика ресурсымен қам­тамасыз ететін елдердегі бюд­жеттің кіріс бөлігінің кемуіне және шығынды азайтуға әкеп соқ­ты. Жаңа жағдайда бұл мемле­кет­тердің тиімді жолмен дамуы үшін тың идея, бағыт-бағдар, стратегия қалыптастырып, соларды іске асыру айрықша мәнге ие», – деді. Өз кезегінде Ұлыбритания­дан келген саяси мәселелер жөнін­дегі ке­ңес­ші Саймон Анхольт 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көр­ме­сін өткізетін Қазақстан үшін жетіс­тік имиджін нығайту­ға мол мүм­кін­дік туып отырға­нын жет­кізді. Оның сөзіне қараған­­да, Қазақстан ЭКСПО әлеуетін то­лық пайдаланып, елдік бренд қа­лып­тастыратын алғаш­қы ел болуы мүмкін. Бұл жөнінде С.Анхольт  «Жаһандық пікірталас тұр­ғы­сынан алғанда ЭКСПО айтар­­лық­­тай әлеуетке ие екені бел­гілі. Дегенмен, дәл қазір­­гі таң­да нақты әрі кең ауқым­ды қам­ти­т­ын шара­лар ретін­де Олимпиада ойын­дары, Әлем чемпионаты сынды спорт жа­рыс­­тарын айтуға болады. Ме­нің­ше, әлемде барша халықты бір жер­ге жиып, тек соған қатысты мә­­се­­ле­лер­ді талқылауға мүмкіндік бере­­­тін спорт тақырыбынан өзге ла­йық­­­ты формат жоқ. ЭКСПО-ны сон­­дай деңгейге жетті деп айта ал­май­­­мын. Сондықтан, Қазақстан осы ол­­­­қы­­­­лықтың орнын толтыруға күш жұмсаса, ұтылмайды деп ойлай­мын», – деді. Осыған орай Саймон мырза Қазақстанға ЭКСПО-ны өткізу бары­сында бүкіл әлемнің наза­рын аса маңызды мәселеге ауда­рып, сол бағытта нәтижелі сұх­бат­тасулар жүргізіп, аталған шара­да жетекші рөлді атқаруға кеңес берді. «Егер Қазақ­станның стра­тегиясы тұрақты энер­гети­ка сала­сында әлемге көмек көр­сету­мен бай­ланысты болса, ең ұтымды қадам ретінде есте қалады. Сол бас­­та­маның жемісті болуы үшін ЭКСПО аясында пікірлесуге зор мүмкіндік туып отыр», – деген сарапшы жаһандық деңгейде ой­лап, әрекет етудің нәтижелі бола­тынын еске салды. Сонымен қатар, С.Анхольт елдің имиджі оған жұмсалған қаржының есебінен емес, кері­сін­ше, жақсы экономикалық көрсеткіштер, әлеу­меттік мәсе­лелердің болмауы және сол мем­лекеттің бүкіл әлемнің дамуына үлес қосуы арқылы қалып­та­­са­тынына назар аударды. Бұл рет­­­те сарапшы ядролық қарудан өз ер­кі­мен бас тартқан біздің елімізді мы­­сал­ға алып, «Қазақстан өз имид­жін бейбітсүйгіш ел ретінде қа­лып­­­т­астыруда. Ядролық қару­дан бас тартудан бөлек, ел беде­лінің артуын­да күні кешегі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-та жариялаған манифесінің де рөлі ерекше. Жал­пы, биліктің халқына жасайтын ең жақсы сыйлығы – елдің жағ­дайын жақсарту және әлемдік арена­дағы салмағын арт­тыру. Ал тек өзінің ғана мүддесін көз­дейтін мем­лекеттер жеме-жем­ге келгенде құлдырауға ұшы­рай­ды. Сондықтан, әр нәрсеге әлем­дік сипат берген дұ­рыс. Сол кезде ғана имидж қа­лып­тасып, сауда-экономикалық көр­сет­кіш­тер артады. Сондай-ақ, ондай мем­лекет өзге елдердің сеніміне ие болып, онымен іскерлік байланыс орнатуға ниеттілердің қатары көбейеді», – деді. Мәжіліс барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Роман Василенко қатысушылардың наза­рын еліміздің жаһандық жауап­кер­шілігі зор мемлекет болуға деген ұмтылысына аударды және осы бағытта әлемдік қоғамдастыққа түр­лі бастамаларды ұсынып келе жат­қанымызды айтты. Өз сөзінде вице-министр Елбасы манифесінің жаһан­дық деңгейдегі қауіпсіздік мәселесінде нақты қадамдар атап көр­сетілген маңызды құжат еке­ні­не тоқталып, «Қазақстанның халық­аралық және ішкі саясаттағы ұс­т­анымынан оның халқының жағ­да­йын және әлемді жақсартуға көп күш жұмсайтын ел екенін көру­­ге болады. Бұл басымдықты Пре­­зи­­денті­міздің Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі соңғы самми­тте жа­рия­лаған манифесінен де байқай ала­мыз», – деді. Осы орайда Р.Василенконың форум мінберіне қазақтың ұлттық шапанын киіп шыққанын айрықша атап өткен жөн. Осылайша, ми­нистр­дің орынбасары жаңа имидж тақырыбына арналған мәжі­ліс­те ұлттық брендімізді наси­хат­тап, қазақ шапанының танылуы­на өзіндік үлесін қосты. Ою-өр­нек­пен көмкерілген шапанға ерек­ше қызығушылық танытқан шетелдіктер Р.Василенконы орта­ларына алып, естелік суретке түсу­ді де ұмытқан жоқ. Мұндай дип­­ломатиялық қадамға әдейі бар­­ғанын айтқан шенеунік, «Мә­жі­ліс­тің тақырыбы елдің имиджі туралы болғандықтан, форум­ға қаты­су­шылар алдында халқы­мыз­дың бір құндылығын болса да на­си­хаттауды жөн санадым. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, шетелдіктер қазақтың оюларына таңдай қағып, ерекше әсерге бөленуде. Яғни, менің бұл әрекетімді нәтижелі болды деуге толық негіз бар», – деді. Жиын тақырыбына орай бүгін­де қаржылық дағдарыстың құр­банына айналған Грекияның бұрын­ғы туризм министрі Ольга Кефалоянни өз елінің тәжіри­бесімен бөлісті. Оның айтуынша, елдік имиджге ешқандай дағдарыс әсер ете алмайды. «Барлығы ха­лық­тың болған жайды қалай қа­былдауына байланысты. 2012 жы­лы мен ми­нистр болып таға­йы­ндалған кезде біздің елде­гі жағдай ушығып тұр­ған еді. Сол кезде Афинаның беде­лі үшін алаңдағанымыз жасы­рын емес. Сондай жағдайда ең ма­­­ңыз­дысы халықтың сабырға келуі екенін айтқым келеді. Грекия мыңдаған жылдар бойы демо­кратия мен өркениеттің, мәдениет пен ғылымның ордасы болған мемлекет. Сондықтан, біз өз елі­мізді уақыттың классикалық үлгісі деп атаймыз», – деген О.Кефалоянни халықтың рухы мен жігері елдің имиджіне тікелей әсер ететініне тоқталды. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­­­­тық компаниясы төраға­сының орын­­басары Ербол Шорманов көрмеге дайындық жұмыс­тары­мен таныстырып өтті. Оның мәлім­деуінше, ЭКСПО-ны ойдағы­дай өткізу үшін барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Сондықтан, оның жо­ға­ры деңгейде өтеріне сенім мол. Сондай-ақ, Е.Шорманов бү­гін­ге дейін 81 мемлекет пен 14 ха­­­лық­­ара­­лық ұйым көрмеге қаты­са­тын­­дарын ресми түрде раста­ға­нын жеткізді. Одан бөлек, Ресей халықаралық мәселелер кеңесінің сарапшысы Максим Сучков та тақырып аясын­да өз ойымен бөлісті. Соны­мен қа­тар, шараға қатысқан сарап­шы­лар жетістік имиджін сақтау жол­дарын, мұнай бағасы төмен боп тұрғанда жағымды абырой-бе­делге жетудің қағидаларын, ел­дік брендинг және брендті түй­сі­ну факторларын тілге тиек ет­ті. Сон­дай-ақ, жиында эконо­ми­ка­лық құл­дырау тұсында бренд­тің ға­лам­­дық нарыққа шығу стра­те­гия­­сы­н қалыптастыру үшін мә­де­ни құн­ды­лықтар мен спорттағы же­тіс­тік­тер­дің өзін сәтті брендинг ре­тін­де пайдалануға болатыны айтылды.

Әйелдер құқығы бұзылмауы тиіс

Еуразиялық медиа форум барысында бірқатар шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Солардың арасында «Журна­листикадағы әйел тақырыбы» атты семинар өзінің тартымды өтуімен есте қалды. Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл (Франция) жүргізген бұл шеберлік сабағында қазіргі таңда әлемде гендерлік саясатқа қатыс­ты мәселелер кеңінен талқыланып жатқаны, әйелдерге байланысты тақырыптарды қызғылықты етіп ұсыну жолдары атап өтілді. Соны­мен қатар, шара кезінде қазір­гі замандағы әйелдердің түрлі мәселелері де жан-жақты сөз болды. Өзінің зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ортаға салған фран­цуз журналисі Мариэнн Перл бірқатар проблеманы атай отырып, онымен күресуге шақырды. Оның айтуынша, әлемнің көптеген елінде нәзік жандылар өз еркінен тыс жыныстық қатынасқа түседі әрі оларды әйел болғандығы үшін кем­сітеді. Бұған қоса, әйелдерге білім мен медициналық көмек алуға мүмкіндік берілмейді. Осы ретте Перл ханым әйелдер құқы­ғының бұзылуы жайында БАҚ арқылы айтудың аса маңызды екенін жеткізді. Сонымен бірге, Мариэнн Перл қазір әлемде әйелдерге төнген түрлі қауіп-қатердің бар екенін ашық айтатын уақыт келгенін, осы орайда БАҚ-тың үлкен қозғаушы күш екенін сөз етті. Одан әрі шешен әлемнің түкпір-түкпіріндегі әйелдер туралы сөз қозғап, өз құқығы үшін күн сайын күресіп жүрген жас қыздар мен егде тартқан әйелдердің өмірі жайлы әңгімелеп берді. «Мен әлемдегі әйелдердің мә­се­ле­лері ортақ деп санаймын, өйт­кені, ол бір ғана аймаққа немесе құр­лыққа тиесілі емес. Мұндай жайт­тар Францияда да, Америкада да, басқа да өзге елдерде болып жата­ды», – дейді Мариэнн Перл. Оның айтуын­ша, журналист адам­дар­дың өмірі жайлы айтқан кезде, кейіп­кердің өміріне өз ықпа­лын тигізеді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әйелдер құқығын қорғаудағы және лаңкестікпен күрестегі мақсат­ты жұмыстарына қатысты жылы лебі­зін білдірді. «Қазақстан терроршылардан  төнген қауіп-қатермен күресуді әрі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді бірінші орынға қойып келе жатқан ел ретінде танымал. Сіз­дердің елдеріңіздің бұл бағыт­тағы нәтижелі жұмыстары басқаларға үлгі болып отыр», – деді француз журналисі. Айта кетейік, Мариэнн Перл қызмет ететін Chaim for Change веб-платформасы бүгінде нәзік жан­дылардың құқығын қор­ғай­тын ғаламдық алаңға айналған құрылым.

Қуатты қару

Медиа форумның бұл күнгі соңғы мә­жілісі «Ақыл-ой мен жан-дүние үшін күрес. ХХІ ғасырдағы ақ­параттық қақтығыстың ерек­шелігі. БАҚ-тың бейбітшілік орнату мен жанжал туғызудағы рөлі» тақы­рыбына арналды. Мәжілістің модераторы ретін­де бірінші кезекте сөз алған ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей) қазіргі таңда ақпарат құ­рал­­дарының үлкен күшке айна­лып отырғаны, оның адамзат ал­дындағы жауапкершілігі жөнінде кеңінен тоқтала келіп, жиынға қатысушы спикерлерді ортақ әңгімеге шақырды. Жиында Bloomberg медиаком­паниясының атқарушы продюсері Тодд Баер (АҚШ), Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл (Франция), «Сколково» қорының вице-президенті Александра Барщевская (Ресей), Түркия премьер-министрі кеңсесі баспа және ақпарат бас басқармасының жетек­шісі Синан Күрүн, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі­нің хатшысы Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, ақпараттық кеңістікте болып жатқан түрлі жағдаяттар төңірегінде өз ойларын ортаға сал­ды. Нақтылай айтқанда, олар жаһан­дану заманында зиянды ақпа­рат­тық технологиялардың негізгі бағыттары, БАҚ-тың лаңкес­тікке қарсы күрестегі рөлі, ақпарат­тық кауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері, әлемдік жетекші бұқара­лық ақпарат құралдарының өзара тай­таласы жөнінде әңгіме өрбітті. Өз кезегінде Александра Бар­щев­ская ақпараттық соғыста әлеу­меттік желілердің ықпалы артып отырғандығына назар аударды. «Менің ойымша, ақпараттық соғыс қазіргі уақытта өзгеше кейіп­ке енуде. Бұл қақтығыстың қан­ша­лықты деңгейде қадағаланып отыр­­ғанын дөп басып айту қиын. Алай­да, біз мұндай ақпараттық қақтығыстарды қадағалауды үйре­ніп келеміз. Қазір адам сана­сына қатты әсер ететін ақпараттық тех­но­логиялардың қар­қынды дамуы кезеңінде тұрмыз. Бүгінде біз әлеу­меттік желілерге тереңірек ден­­деп барамыз, олардың ықпалы қазір БАҚ-тың ықпалынан да бір­неше есе жоғары», – деді Ресей өкілі. Оның айтуынша, қазір­гі уа­қытта интернетті 2 млрд. адам пай­даланады. Олардың 90 па­йы­зы әлеуметтік желілерді қол­данушылар. Ал Нұрлан Ермекбаев нақты талдау жасаудың аздығынан БАҚ лаңкестерге еріксіз қолдау жасап отырғанын атап өтті. «Қазіргі кезде БАҚ оншалықты реттелмеген құқықтық алаңда қыз­мет көрсетуде. Халықаралық қо­ғам­дастық лаңкестік пен діни экст­ремизмге әлі күнге дейін ортақ анық­тама бере алмай отыр. Осыдан ба­рып бұл мәселеге байланысты көп­теген сауалдар туындайды. М­әсе­лен, біз көп жылдардан бері лаң­кес­тік ұйымдардың бірыңғай тіз­імін жасай алмай келеміз. Жур­на­лис­тер лаңкестік ұйымдар мен олар­дың әрекеттері туралы жа­зар­да көптеген кедергілерге кез­де­седі. Мәселен, БАҚ өкілдері заң­сыз құрылымдардың қайсысы лаң­кестік ұйым, қайсысы діни экст­ре­мистік топ екенін анықтауда қиын­дық­тарға тап болып жатады. Біз бұдан психологиялық аспектінің жетіс­пеу­шілігін, БАҚ тарапынан талдау­дың аздығын аңғарамыз», – деді ол. Сонымен қатар, Н.Ермекбаев лаңкестердің БАҚ арқылы мем­лекеттік билік пен халық арасында үрей туғызуға мүмкіндік алып отыр­ғанына екпін берді. «Телеарналарда теракт жасаған адам туралы, оның өмірі мен осы әрекетке қалай барғандығы жары­са көрсетіліп жатады. Бұл лаңкестер үшін өте пайдалы. Өйткені, мұн­дай көрсетілімдер ниеті бұзықтар үшін тегін жарнама. Осы жағдай­лар жастарды лаңкестер қатарына қосылуға итермелейді. Кейбір репор­таждарда құқық қорғау ор­ган­дарының жұмыс әдістемелері мен тәсілдері егжей-тегжейлі көр­сетіледі. Осылайша біз өз так­ти­камызды лаңкестер алдында жария етеміз. Осының барлығы лаң­кестікпен күрес ісіне кері әсерін тигізеді», – деді Н.Ермекбаев. АҚШ өкілі Тодд Баер өз кезегінде БАҚ-тың адам санасын арбайтын əккі технологияларын орынды пайдалануға шақыра оты­рып, ақпараттық соғыстың әлем­ге қауіптілігін қаперден шығармау абзал екенін жеткізді. Қорыта айтқанда, бұл басқосу­да қоғамдық сананы билеу ісінде ақ­парат қуатты қару екені, оның бі­реу­­л­ерге тиімді табыс көзі болып отыр­­ғаны, БАҚ-тың терроризмге тө­теп берудегі рөлі жан-жақты сөз болды. Иә, Еуразиялық медиа форум­ның екінші күні өзекті мәселелер қоз­ғал­ған осындай жиындармен үлкен ма­ңызға ие болды. Форум жұмысы бүгін де жалғасуда. Талғат БАТЫРХАН, Жолдыбай БАЗАР, Еламан ҚОҢЫР, Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ