Еліміздегі заңнамаларды жетілдіру қазіргі таңдағы маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай кеше Әділет министрлігі мен Заңнама институты бірлесіп «Әкімшілік заңнаманы жетілдіру жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті қолдану практикасын қорытындылау нәтижелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Отырыста қолданыстағы әкімшілік заңнаманы дамытудың басымдықтары талқыланды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелері көпшілік назарына ұсынылды.
Жалпы, аталған заңдық құжат еліміздің маңызды кодекстерінің бірі саналады. Өйткені, ол ел азаматтары мен заңды тұлғалардың іс-әрекеттерінің барлық аспектілерін қамтиды. Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясының қабылданғанына да бір жылдай болып қалды және де ондағы уәкілетті органдар жұмысы мен азаматтар мен заңды тұлғалардың мүддесін қорғаудағы нормалар өзінің оң нәтижесін көрсетіп берді. Енді заңдық құжат жобасы биылғы жылдың қыркүйегінде Үкімет назарына, ал тиісінше қазан айында Парламент қарауына ұсынылуы тиіс. Оның жобасында жеті жүзге тарта айыппұлдардың көлемі төмендетілген. Әсіресе, ізгілендіру бағытында әкімшілік айыппұлдарды азайту көзделіп отырғандығы да ерекше аталды. Бұдан басқа, заң жобасында алдын алу шаралары көрініс тапқан.
Бүгінгі таңда айыппұлдары азайтылған құрамдарға қатысты мәселелер талқыланып жатқаны да белгілі болды. Ондай айыппұлдары төмендетілген құрамдар саны 58-ге жеткен. Жұмыс тобы солардың 48-ін қарап, бұл бағытта мүмкіндіктердің барлығын алға тартуда. Ал қалған 10-ы пысықталудан өткізілуде. Заңнама институтының директоры Аслан Түкиевтің пайымынша, Әкімшілік кодексте 1700 құрам тұрғанда, 58 құрам бойынша айыппұлдарды төмендету тіпті де күлкілі жағдай. Сондықтан да мүдделілік танытқан мемлекеттік органдар бұл мәселені тағы бір қарап шығуы тиіс. Тек, әзірге, бұл мәселеде ішкі істер органдары тарапынан ғана жол ережесін бұзушылыққа орай айыппұлдардың көлемін төмендетуге қатысты қызығушылық байқалған. Сондықтан да Әділет министрлігі өз тарапынан қажет деп тапқан жағдайда, кейбір құрамдар бойынша айыппұлдардың көлемін төмендету туралы шешім қабылдай беретін болады. Реті келгенде айта кету керек, мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан алдын алу жөнінде тек 18 құрам бойынша ұсыныс енгізіліпті. Әзірге соның 7-і қолдау тапса, қалған 11-і қаралу үстінде екен. Өйткені, онда айыппұлдарды өтеу баламалы сипатта бола ма, жоқ, әлде нақ сол қалпында қала ма, ол жағы нақтыланбапты. Әрине, 18 ұсыныс аталған кодекстегі жалпы құрамдардың 1 пайызына да жетпейді. Ізгілендіру бағытында 24 құрам ғана қамтылса, бұл да жеткіліксіз.
Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан баптар санкциясын әділдік принципіне негіздеу, өткізуде конфискациялауды алып тастау немесе баламалы ұсыныстар енгізу сияқты бастамалар көтерілуге тиістігі ерекше аталды. Сондай-ақ, өндірістік қысқарту институты өзінің тиімділігін дәлелдеген. Статистика мәліметтері көрсеткендей, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірістік қысқарту бойынша 4 миллиард теңге болатын 684 мың қаулы қаралған. Бұл жалпы көлемі 3 миллион қаулының 684 мыңы мемлекеттік органдардың араласуынсыз жүзеге асырылғандығын білдіреді. Олай болса бұл айыппұлдарын өздері төлеп келе жатқан ел азаматтары үшін де, мемлекеттік органдар үшін де тиімді. Осылайша азаматтарға өз жауапкершіліктерін сезіндіру тұрғысында қадам жасалып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»