• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Бітім – жалғыз жол, соғыс – құрдым

435 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние Сириядағы ұрысты тоқтату жөніндегі келісім де, соған байланысты БҰҰ аясында Женевада өтіп жатқан Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздің де шын мәнінде тоқтағаны айқын болып отыр. Оған Сирия әскерінің ұс­тамды оппозиция аумағына шабуыл жасап жатқаны, Сирия оппозициясының Келіссөздер жөніндегі жоғарғы комитетінің (КЖК) бас үйлестірушісі Риад Хиджабтың Сирия үкіметі тарапынан келісімнің бұзылуына байланысты оппозицияның келіссөзден кететіні жөніндегі мәлімдемесі айғақ. Хиджаб былай дейді: «Біз, Сирияны халықаралық қолдау тобы (СХҚТ) тарапынан сирия­лықтарды қырып жатқан жаққа қарсы шешімді шара қол­дануын күтеміз. Башар Асад билік­­те тұрғанда, ешқандай ше­шім бол­­майды. Өзіне қарсы сирия­лықтарды қыру – оның тек арманы». Қатқылдау әрі орынсыздау айтылғандай көрінеді. Келісімді бұзып, оппозицияға шабуылды бастаған солар, дейді тағы да Хиджаб. КЖК келіссөзге Сирия үкіметі ұрысты тоқтатып, елдің баруы қиын жеріндегі халыққа гуманитарлық көмек жеткі­зілгенде және тұтқынға алынғандар боса­тылған жағдайда ғана оралады. Еске сала кетейік, ұрысты тоқтату 27 ақпанда енгізілсе, Женевадағы келіссөз 14 наурыздан бастап жүріп жатыр. Оған Асад үкіметінің, оппозицияның, АҚШ пен Ресейдің, тағы басқа мүдделі елдердің өкілдері қатысуда. Арада айдан аса уақыт өтсе де келіс­сөздің нәтижесі көрінбейді. Ақыры ондағы басты тараптың бірі – оппозицияның кетуіне соқтырды. Оларсыз келіссөзде мән жоқ. Сірә, қырқысып жатқан екі жақтың келісуі мүмкін емес шы­ғар. Алдымен оларды қолдап отырғандардың келіскені жөн-ау. Сонда бұл соғыс жалғаса бермек пе? Жалғаспасын десе, сол қол­даушылар келісімге келуі керек. Ондай әрекеттер де бар. Өткен дүйсенбіде АҚШ президенті Барак Обама Ресей президенті Владимир Путинге телефон шалып, сөзің өтеді ғой, анау Башар Асадқа айтсайшы, оппозицияға шабуылын тоқтатсын дегенді айтты. Оның сөзіне құлақ асқан­дай болған Путин өз кезегінде «ұстамды» оппозиция терроршылар жақындаспасын деген талап қойды. Бір жағынан бұл талап та орынды көрінеді. Сөз саптауларына қарағанда, бұлардың қырқысқан екі жақты тоқтатуға шамалары жететін сыңайлы. Сириядағы азамат соғысында жеңетін жақ жоқ. Соғыс олардың екі жағын да жоқ қылып тынады. Бітімнен басқа жол жоқ. Сенімнен айырылсаң, өзіңнен көр Оңтүстік Америкада ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі мемлекеттің бірі (жер көлемі жөнінен де, халқының саны жөнінен де бесінші орында) Бразилияда саяси жанжал шарықтап тұр. Ел парламентінің төменгі палатасы президент Дилма Руссеффке импичмент жариялады. Бұл сирек кездесетін жайт. Әдетте, сенімнен айырылған басшы кетіп тынады. Әйтпесе, әупіріммен билік мерзімінің соңына жетеді. Ал Дилма Руссефф болса, осыдан екі жыл бұрын ғана президенттікке қайта сайланған. Кездейсоқ келген қайраткер болса, алғашқы мерзімінен кейін-ақ билікпен қоштасар еді. Сол 2014 жылғы сайлауда сен тұр мен атайын дейтіндей қарсыластарын жеңіп барып, демократиялық жолмен халықтың көпшілігінің сеніміне ие болған. Өткен екі жылда не өзгере қойды, сенімнен қалай айырылды? Бұл импичмент жұрттың бәріне сабақ болғандай бір жайды алға тартады: жасаған жақсылығың да, жамандығың да ұмытылмайды екен, алдыңнан бір шығады екен. Дилма Руссеффтің де алдынан шықты. Оған тағылып отырған басты айып – ол президент болып сайланғанға дейін 2000-2010 жылдарда Petrobras мұнай корпорациясын басқарған кезде жемқорлыққа жол беріпті. Тексерушілер анық­тағандай, бұл алып қуатты ком­панияның топ-менеджерлері келісімшарттар жасаған кезде онда  көрсетілген қаржының 3 пайызын өздеріне алып қалып, оны біреудің аузын алуға жұмсаған. 3 пайыз дегенмен, ол 3,8 миллиард долларды құрайды. Мұндай заңсыздықты компания басшысы болған Дилма Руссеффтің білмеуі мүмкін емес дейді оның қарсыластары. Ал қазіргі президент қарсы­ласып бағуда. Оған қатысым жоқ, сот арқылы дәлелдесін дейді. Әлі сот болған жоқ. Президент әкімшілігінің басшысы Жак Вагнер сол сот шешімін шығармай жатқанда, бұл мәселенің парламентте қаралуының өзін заңсыз санайды. Тіпті, мұны демократиялық жолмен сайланған президентке қарсы парламенттік төңкеріс деп есептейді. Бұл пікірді Дилма Руссефті жақтаушылар да қол­дайды. Ал президенттің өзі ақты­ғына сенімді. Қалай дегенде де, мәселе парламентте қаралып, 513 депутаттың 367-сі президентке сенімсіздік білдірді. Мұның өзі шоу-ойындай өтті. Дауыс беру алты сағатқа созылды. Барлық 513 депутат мінберге шығып, пікірлерін білдірді. Қарсылық дауыс 342-ге жеткенде, аспанға конфетти атылып, айқай-шу жаңғырығы басталды, әндер айтылды. Бұл бразилиялық карнавалды еске түсіргендей болды. Енді не болады? Импичмент мәселесі сенатта қаралуы тиіс. Ол мамырда өтуі мүмкін. Онда да сенімсіздік білдірілсе, Дилма Руссефф 180 күнге президенттен алынып, сот шешімі шыққанша, бұл қызметті вице-президент Мишель Темер атқарады. Ал сенат импичментке келіспесе, президент өз қызметіне қайта оралады. Ол оралмағанда, Темер жаңа сайлауға дейін билік тізгінін ұстайды. Бірақ бұл елде өте күрделі жағдай қалыптасып отыр. Сол вице-президент Темерге де айып тағылуы мүмкін. Ондай жағдайда, заң бойынша, прездиенттік қызмет төменгі палата спикері Эдуарду Куньяға жүктелуі тиіс. Бірақ ол да сау болмай отыр, оның үстінен де іс қозғалып жатыр. Бір қызық жайт, елдің бұрынғы президенті, бүкілхалықтық сый-құрметке бөленген Луис Инесуи Лула да Силваның да жемқорлыққа қатысы бар көрінеді. Ол қазір тұрып жатқан үш қабатты үйін ластау жолмен алған екен. Арада біраз уақыт өтсе де жамандық алдынан шығып отыр. Бұрынғы президент қамауға алынған. Өмірдің сабағы көп. Қолыңмен жасағанды мойныңмен көтересің. Ерте ме, кеш пе, жақсылығың да, жамандығың да алдыңнан шығады екен. Қолың ала болса, сенімнен айырыласың. Сонда астыңдағы тағың да құтқара алмайды. Бразилиядағы жағдайдың әлем­ді алаңдататын тағы бір жайы бар – биыл бұл елде Олимпия ойындары өтеді. Басшылары былығып жатқанда, Ойынның сәні келе ме, дейді жұрт. Қалайда абыройсыз іс болып жатыр. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист