Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсы VII жаһандық форумына қатысу үшін Бакуге жұмыс бабындағы сапармен барды. Сапар аясында Сенат Төрағасы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.
Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі тілектестігін табыс етті. Төраға Әзербайжан басшысын БҰҰ Өркениеттер альянсы «Инклюзивті қоғамдарда қатар өмір сүру: қатер мен мақсат» тақырыбындағы жаһандық форумын өткізуімен құттықтады. Сенат Төрағасы Әзербайжан басшысына Н.Назарбаевтың қарулы қақтығыстар мен соғыстарды түбірінен жоюды толық қамтитын бағдарлама әзірлеу ұсынылған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің мәтінін табыс етті.
Президент И.Әлиев форумға жоғары деңгейде қатысқаны үшін қазақстандық делегацияға алғысын білдірді және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара достық қатынастарды одан әрі нығайту жайында айтты. Ол Әзербайжанда көрнекті мемлекет қайраткері саналатын Президент Н.Назарбаевқа ізгі тілектестігін жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.