• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2016

«Бөбектегі» Наурыз тойы

386 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының «Шаттық» алаңында «Бөбек» қайырымдылық қорының Президенті Сара Назарбаеваның қатысуымен Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара өтті. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаева, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқы жөніндегі уәкілетті өкіл Зағипа Балиева, сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігі, Тұңғыш Президент қоры, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдары өкілдері, белгілі мәдениет қайраткерлері мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары болды. «Мәңгілік Ел – мәңгілік жалпы­адамзаттық құндылықтар» атты негізгі идеяға ие болған мере­келік іс-шараның барысында көктемгі мейрамның жарқын дәстүрлері – тарихи ретроспективада көрсетіліп, мерекелік бағдарламаны гала-концерт, та­рихи-мәдени композициялар, театрландырылған қойылымдар көркейте түсті. – Құрметті балаларым, кішкене достарым менің! – деді мерекелік салтанатты ашқан, өмірі мәңгілік адамзаттық құндылықтармен өрілген, жүрек жылуы мен нұрын барлық қазақстандық балаларға арнаған «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы. – Сіздердің шақыртуларыңызды үлкен ықыласпен қабылдап, Наурыз мерекесін бірге тойлағалы келдім. Астанадан да құрметті қонақтарымыз келген екен, барлықтарыңызды ізгілік пен жақсылықтың мейрамымен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, бәрімізге құт-береке әкелсін! Елімізге, хал­қымызға тыныштық, әр отбасына, әр балаға бақыт тілеймін! Одан кейін бөбектіктерді Наурыз мерекесімен еліміздің Бас мұғалімі – Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттық­тап, Сара Алпысқызының үлкен Отанымыз – Қазақстан үшін, оның болашақ иелері – балаларға жасап жатқан игі істерін атап өтті. «Бөбектің» жүргізіп отырған осы бағыттағы жұмыстары әлемнің кез келген және біздің еліміздегі білім беру жүйесіндегі негізгі діңгек болып саналады. Жаңадан бекітілген төрт жылдық Білім және ғылым дамуы бағдарламасында Сіздердің орындарыңыз ерекше. Сондықтан, министрлік атынан Сізге алғыс білдіре келе, алдағы уақытта адамға бала кезден адамгершілік, ізгілік құндылықтарын бойына сіңіріп өсудегі рухани-адамгершілік білім беруге арналған «Өзін өзі тану» авторлық жобаңыздың іске асуына «Бөбекпен» ынтымақтастықта, бар күш-жігерімізбен жұмыс істейтінімізді білдіргіміз келеді», деді министр. «Бөбектіктер» гала-концерт басталғанша қонақтарға «Ға­сырлар қойнауынан» атты бірінші ауылда  «Келін түсіру» дәстүрін көрсетсе, «Ұлы өзгерістер дәуі­ріндегі» екінші ауылда 80-жылдардағы октябряттар мен пионерлер отрядтары Алматы қаласының мың жылдығына арналған әндерден поппури орындады. Ал «Мәңгілік Ел» жолында» ауылы қазіргі өркендеп, дамыған Қазақстаннан көріністер көрсетіп, тұсаукесер рәсімін жасады. – Мен «Бөбекке» бірінші рет келіп отырғаным жоқ, – деді мерекеге қонақ ретінде шақырылған ғарышкер, «Халық Қаһарманы» Айдын Айымбетов. – Бұл орталық жаратылыстағы жұмбақ, тылсым сырларды, сондай-ақ, балалар шығармашылығын, талантын ашатын керемет орта. Сіздерге айтайын, мен үшін Ғарыш «Бөбектен» басталды десем болады. Өйткені, 2014 жылы осында орналасқан, ЮНЕСКО-ның Халықаралық астрономия жылына сәйкес 2009 жылы ашылған керемет обсерваторияда астрономиядан өткен республикалық олимпиадаға қазылық жасап, соңынан Нау­рыз мерекесіне қатыстым. Сон­да мені Сара Алпысқызына ғарышқа ұшпай қалған ғарышкер ретінде таныстырған еді. Сара Алпысқызы болса: «Айдын, айналайын, амандық болса, ғарышқа ұшасың!» деп батасын берген еді. Бір жылдан кейін ғарышқа ұштым. Сондықтан, мен үшін періштелер салтанат құрған «Бөбек» – құтты білім ошағы. Сол үшін Астанадан арнайы осы мерекеге құстай ұшып жеттім. Өз кезегінде қазақтың бұлбұл қызы, Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова мерекеден өте жақсы әсер алғанын жеткізді. «Мен өзі балаларды өте жақсы көремін, олармен кездесуге әрдайым қуанып келемін. Маған сондай мүмкіндік туғызып, балалардың мерекесіне шақырған Сара Алпысқызына мың да бір рахмет! Қарап отырсам, осы балалардың үлкен анасы, мамасы болу қандай керемет бақыт десеңізші. Сондықтан, ол кісіге аналық алғысымды білдіремін. Өйткені, еліміздің бірінші ханымы ретінде қол қусырып отырмай, өзінің мүмкіндігін пайдаланып мемлекетіміздің дамып, өркендеуіне үлес қосуда. Мәселен, «Бөбек» ашылғалы да ширек ғасыр болыпты. Қазірдің өзінде «Бөбекті» бітірген түлектер өз дәрежесінде білім алып, еліне пай­дасын тигізе бастады. Ал мына бүгінгі бөбектіктер солардың ізін басып, Қазақстанның гүлденуіне атсалысатынына сенімім мол», деді әнші апалары. Бөбектіктердің күшімен өт­кен гала-концертте ұлттық киім­дерін киіп, тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған өнерпаз балалар музыкалық композиция көрсетіп, би билеп, ән айтып, күй тартып, келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастады. Суреттерді түсірген Борис БУЗИН