• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Жекешелендірілген №1 автопарк қалалық әкімдікке қайтарылады

360 рет
көрсетілді

21 сәуір күнгі «Егеменде» «Кеңесіп пішпеген тон келте болар...» деген сын мақала жарияланды. Онда: «Облыс орталығының көшелерінен жаңадан пайдалануға берілді деген 36 автобус бағыттардан алынып тасталды. Өткен жылдың желтоқсан айында облыс ор­та­лығындағы №1 автобус паркі ЖШС жекешелендірілді. 2015 жылы жаз айларында «Павлодар қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысы кешенін жаңғырту» мақсатында Алматы көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының мамандары келіп, жобаны қолға алады. Алматылық ғалымдардың то­лық, дұрыс зерттеу жүргізбе­ге­ніне, олардың жасаған негізсіз оңтайландыру жүйесіне қазір халық наразы. Әкімдердің тапсырыстарын орындап, оларды тыңдап асығыс жұмыс жүр­гізді. Қоғамдық көліктермен қара­пайым халық жүретіндіктен оңтай­лан­дыру мәселесі бірінші, қала тұрғындарымен талқыланған жоқ. Маршруттық жүйені оңтайландыру шараларын жүргізіп, жобасын жасағандары үшін алматылық ғалымдарға 50-60 миллиондай қара­жат жұмсалған көрінеді. Ға­лымдар келіп, алдымен қала тұр­ғындарымен ақылдасып барып, қоғамдық тыңдаулар жүргізілуі қажет болатын. Павлодар Ал­маты сияқты үлкен мегаполис емес. Автобустармен, шағын авто­бус­тармен ғана жүретін қала тұр­ғын­дары қазір әрі-сәрі күйде. Ха­лық әбден үйреніп қалған, жолаушыларды тасымалдайтын шағын автобустардың бағыттары өзгерді. Күн аязда аялдама маңында жаңа авто­бустарды сағаттап күтуге мәж­­бүр болды. Алматылық көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының мамандары әкімдер берген шұғыл тапсырманы шала-шарпы орындағандарының кесірі тұрғындарға тиді», деп жаз­дық. Жазылған жайға оралсақ, об­лыстық әкімдік облыс орталы­ғындағы №1 автобус паркі 1 млрд. 179 миллион теңгеге сатыл­ды, яғни жекешелендірілді деп ха­барлаған еді. Енді автобус паркі мемлекеттің меншігіне кері қай­та­рылады. Қазір қалалықтар ав­то­парктің қайта оралатынына, бұрынғы бағыттардың қалпына келетініне қуанышты. Парктің жаңа қожайынына – «Қазақстан құрылыс компаниясы» ЖШС-ға негізгі талап – құрылғанына 50 жылдан аса уақыт болған байырғы кәсіпорынның басты бағытын сақ­тап қалу тапсырылған-ды. Жа­ңа автобустар сатып алу керек болды. Екі арада қарапайым халық зиян шекті. Алайда, автопаркті сатып алған қожайын қиын жағдайға тап болды, деді облыс әкімі Болат Бақауов журналистермен болған брифинг барысында. Сөйтсек, облыс әкі­мінің айтуынша, әлгі қожайын банк­терден несие ала алмапты. Ке­лі­сімшарт осылай бұзылған көрінеді. – Өзгерістер жолаушыларды әбігерге түсірді. Жергілікті тұр­ғындар қолайсыздық үшін қала әкімдігіне шағымдана бастады. Осы себепті бүгінде қала әкімдігіне паркті мемлекеттің меншігіне қай­тару туралы өтініштер түсуде. Келісімшарт бұзылған соң, паркке жаңа басшы тағайындалып, кәсіпорын мемлекеттік мекеме ретінде жұмысын бастайды, – дейді Болат Бақауов. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР