• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Делдалдардың дегені болып тұр

406 рет
көрсетілді

«Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады», деп халық тауып айтқан ғой. Әрине, жергілікті әкімдік азық-түліктің бағасын тұрақтандыруда үлкен жұмыстар атқаруда. Жамбыл облысында 33 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында 10 әлеуметтік дүңгіршек пен 1 коммуналдық базар ашылған. Облыс бойынша өткен жылы 345 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, 1,5 млрд. теңгеге жуық азық-түлік тауарлары өткерілсе, азық-түлік белдеуін құру мақса­тында Алматы қаласында 4 рет жәрмеңке өткізіліп, құны 420 млн. теңгені құрайтын 943 тоннадан астам ауылшаруашылық тауар­лары өткерілді. Сондай-ақ, Астана қаласында бір ай бойы ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіліп, жалпы құны 75 млн. теңгені құрайтын 480 тонна өнім Астана тұрғындарына 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. Қазір еліміз бойынша ең арзан нан – Таразда. Бүгінгі күні әлеуметтік бір бөлке нанның ба­ға­сы 50-55 теңге аралығында тұрақталды. Жыл басынан бері «Кәсіпкерлер қамқорлығы» акция­сы ұйымдастырылып, әлеуметтік көмекке зәру, қамқорлықты қажет ететін отбасылар мен зейнеткерлерге Тараз қаласындағы 5 азық-түлік дүкені мен 10 әлеуметтік дүңгір­шектерге 50 бөлкеден 350 грамдық нан беріліп, тегін таратылуда. Сонымен қатар, былтырғы жылы Тұрақтандыру қорындағы 1000 тонна қант – 175 теңгеден, 45 тонна өсімдік майы 230 теңгеден босатылды. Әйтсе де, жасыратыны жоқ, Жамбыл облысына солтүстік өңір­лерден жеткізілетін ұн бағасының жоғары болуына байланысты бірінші сұрыпты ұн мен одан өнді­рілетін нан бағалары өсіп отыр. Бұған тағы АҚШ долларымен сатылатын және елімізден экспортталатын бидайдың сырттағы сұранысқа сәйкес бағасы әсер етуде. Сондай-ақ, сүт өнімдері бағаларының жоғарылауына мал шаруашылығындағы маусым аралық кезеңде сүт өндірісінің төмендеуі себеп болуда. Әйтсе де азық-түлік бағала­рының көтерілуіне алыпсатар­лардың әрекеті көп әсер етіп жат­қанын ашық айту қажет. Осының нәтижесінде өндірушіден кеткен тауарлар дүкендерде 2 есеге дейін жоғары бағада сатылады. – Оның басты себептері сау­да-саттық саласындағы жекелеген кәсіпкерлердің тауарға қос­қан үстеме ақысына және сауда орындарын жалға алу құнына байланысты, – дейді Жамбыл об­лыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов. – Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарындағы кар­топтың көтерме бағасы – 40 теңге, бөлшек саудада килосы 50 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, пияз­дың көтерме бағасы – 30, бөлшек саудадағы бағасы – 45 теңге. Тіпті, сол картоп пен пияз «Смарт», «Жасмин» секілді үлкен сауда орталықтарында 70-80 тең­геден саудаланып жатыр. Дәл осындай жағдай еттің бағасына да қатысты. Мысалы, шаруалардың тірідей өткізген малдан алынатын еттің килосы 750-850 теңгені құраса, сауда орындарында 1050-1200 теңгені құрайды. Осыдан кейін өнімді өндіру­шіден гөрі арадағы делдалдар көп пайда таба ма деген ойға қала­тының анық. Яғни, саудада делдалдардың дегені болып тұр. Қалай айтсақ та, жергілікті әкімдік енді өндіруші мен тұтынушының арасын тікелей байланыстыратын жол іздеп, осы бағытта әрекет етсе дұрыс болар еді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы