Ұлт Жоспарына сай белгіленген «100 нақты қадам» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған. Расында да, өз атауынан көрініп тұрғандай, оның әрқайсысы нақты десе, дегендей. Әр түйіні мен түйірінде тұтастай кешенді түрде атқарылуға тиісті сан салалы істердің сұлбасы тұр.
Бұл жолы біз еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде өрелі өзгерістер жасауды айқындап берген 80, 81 және 82-қадамдар жөнінде сөз қозғағанды жөн көрдік. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовпен әңгімеміз осындай бағытта өрбіді.
– Қамидолла Мүтиғоллаұлы, әңгімеміздің артығы да, кемі де жоқ, 80-қадамнан бастағанымыз жөн секілді. Мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің қажеттілігі көрініс тапқан. Өңірдегі осы істің жай-күйіне қатысты не айтар едіңіз?
– Қандай сала, немесе жүйе болмасын бірінші кезекте қаржылық тұрғыдан орнықты болмаса, іргесі шайқала береді. Сондықтан, белгілі бір буында қаржыландыру мәселесінің толық шешімін табуы істің нәтижесіне тек оң әсерін тигізеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласына аталған жүйені енгізудің қажеттілігі де осыдан туындайды. Екіншіден, мұнда барлық мәселені тек қаржыға тірей берудің де жөні жоқ па деп қаласың. Бұлай дейтін себебім – әркімнің, әр азаматтың денсаулығы ең алдымен өзгеге емес, өзіне қажет. Міне, жауапкершіліктің көкесі осында. Өз денсаулығына салғырт қарау, аурудың алдын алуға мән бермеу, қандастарымыздың арасында жиі кездеседі. Бұл ағайындарымыздың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің аздығын, тіпті, жоқтығын көрсетеді.
Міндетті медициналық сақтандыру осы жауапкершілікті көтеруге септігін тигізе алады деген ойдамын. Оған жаппай көшудің тиімділігі, пайдасы мен көмегі дәл осы тұста да айқын байқалады. Үшіншіден, жаңа жүйені орнықтыру арқылы медицинада бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыруға жол ашылады. Бүгінгі күні салада бастапқы медициналық-санитарлық көмекті бірінші кезекте қаржыландыруға баса мән берілген. Бұл дұрыс та. Өйткені, театр киім ілгіштен басталса, медицина бастапқы көмек беруден басталады. Бұл орайда да сақтандырудың тигізер пайдасы мол.
Қазіргі күні облыстағы медицина ұйымдарында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшу жұмыстары жүргізілуде. Соған сай оны енгізу туралы «Жол картасы» жасақталды. Қай істің де бастау нүктесі болады. Бүгінгі таңда біз үшін бұл нүкте тұрғындар арасындағы түсінік пен ақпараттандыру жұмыстарының деңгейін көтеру болып отыр.
– Ал жекеменшік медицинаны дамыту және медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу мәселесін көрсеткен 81-қадамға қатысты не айтуға болады?
– Біз бұл міндеттерді шешу үшін, бірінші кезекте, облыстағы медициналық ұйымдарға шаруашылық жүргізу құқығы (ШЖҚ) дәрежесін беру қажет деген ортақ ұйғарымға келген болатынбыз. Бұл бағыт бойынша қазірдің өзінде үлкен істер тындырылды деп сеніммен айта аламыз. Бұған өңірдегі ШЖҚ-ға аударылуға тиісті ұйымдардың 85,3 пайызы осындай дәрежеге ие болып үлгергені айқын дәлел. Бұлардың бәрінде жоғары білімді, білікті денсаулық сақтау менеджерлері жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, шаруашылық жүргізу құқығындағы облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жекешелендірілді. Тағы бір айтайын дегенім, елімізде «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң бар. Міне, осы Заңға сәйкес облыстық балалар стоматологиялық орталығы «МедМаркет-Эксперт» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл арада мүліктік кешен ретінде оның бір жылдан кейін сатып алу құқығы сақталмақ. Бірақ орталыққа мемлекеттік бақылау жүргізу ісі тоқтатылмайды. Әрі мемлекеттік тапсырыс ұдайы беріліп тұрады.
– Сонда инвестордың басты атқаратын қызметі қандай?
– Олар негізінен материалдық-техникалық базаны одан әрі жаңғыртуға қаражат салады. Бұған қоса, сервистік қызметті жетілдіру жолдарын қарастырады.
– Жекешелендіріп кеткен балалар емханасының басшылығы 15 жасқа дейінгі балалардың құқығын шектеп жүрмей ме?
– Жоқ, олай болмайды. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің жекеменшіктегі медицина ұйымдарына да тікелей қатысы бар. Соған сай тегін стоматологиялық қызмет көрсету одан әрі жалғаса береді. Бұған қосарым, облыста денсаулық сақтау саласында мемлекет-жекеменшік әріптестігінің оң мысалдары баршылық. Атап айтқанда, облыс орталығы мен кеншілер қаласы – Ақсайда гемодиализ орталықтары іске қосылған. Бұларда жүзден астам адам тұрақты түрде ем қабылдап келеді. Орал қаласында инвестор өткен жылы орталық ғимаратын одан әрі кеңейту шараларын белгілеген еді. Соған орай қазіргі күні облыстық клиникалық аурухана аумағында оның құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қызмет жасайтын өзге нысандардың тізімдері де тиянақталды. Сонымен бірге, мұның қатарын сенімгерлік басқаруға берілетін нысандар да толықтыра түседі. Қазіргі кезде елімізде денсаулық сақтау мәселесінде мемлекеттік тапсырыс аясын одан әрі кеңейту қажеттігі айқын көрінуде. Бұл міндет бәрімізге де ортақ екені белгілі. Соған сәйкес облыста медициналық тапсырыс шеңберінде бірнеше жеке медициналық ұйымдар қызмет жасайды. Оның алдыңғы легінде «Медициналық орталық», «Жайық Дент стоматологиялық орталығы», «Нефрос Азия» ЖШС-лері мен «Талап» АҚ жеке медициналық ұйымы бар. Бұлардың бәрі де тегін медициналық көмек аясында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, әртүрлі дәрігерлік кеңестер береді.
– Бүгінгі күні елімізде бірқатар салалар мен жүйелерде аутсорсинг деген ұғым мен термин пайда болды. Оның мәнісін қарапайым тұрғындардың бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Бұған не дейсіз?
– Аутсорсинг белгілі бір ұйымның өз өкілеттілігі шеңберіндегі бірқатар қызметтер шоғырын жекеменшік субъектілерге ауыстыру деген ұғымды білдіреді. Айталық, медицина саласында стационарлық ем қабылдап жүргендерді тамақтандыру, кір жуу және күзет секілді қосымша қызмет түрлері бар. Оның бәріне араласа берсе денсаулық сақшыларының аурудың алдын алуға, профилактикалық шаралар жүргізуге және науқастарды емдеуге мүмкіндіктері шектелмей ме?! Сондықтан, бұған дейін облыстық медициналық ұйымдардың құзырында болып келген бұл өкілеттіліктер өзге жекеменшік ұйымдарға ауыстырылуда. Бүгінгі күнге дейін 43 медициналық ұйым осы бағытта жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, аутсорсинг аясында медициналық техникаға сервистік қызмет көрсету, орталықтандырылған стерилденген өңдеу және медициналық ұйымдар аумағын абаттандыру секілді істер қарастырылған.
– Осы орайда зертханалық қызметтер жүйесіне де өзгерістер енгізілетін шығар?
– Әрине. Қазірдің өзінде облыстағы 37 медициналық ұйым зертханалық зерттеулер түрлері бойынша үш орталықтандырылған жүйеге шоғырланып отыр. Мысалы, облыстық диагностикалық орталықта биохимиялық зерттеулер жүргізілсе, жұқпалы аурулар ауруханасында бактериологиялық зерттеу жұмыстары атқарылады. Ал өкпе ауруларын емдеу орталығы микроскопиялық тексерулерді жолға қояды деп белгіленді.
– Енді медициналық көмек көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу, бұл бағыттағы қызметтің сапасы мен қолжетімділігін көтеру жөніндегі 82-қадамға аяқ басқанымыз жөн секілді...
– Ойыңызды түсіндім. Бұл бағытта облыста айтарлықтай ілгерілеушілік бар екені анық. Атап айтқанда, бүгінде өз мамандарымыз ашық түрде жүрекке отау жасау жолын еркін меңгеріп кетті. Озық оталар қатарында – отоларингологиялық ауруларды ауыздықтау, тізе және жамбас буындарын протездеу секілді күрделі кеселдер де бар.
Өңірде денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың жүйелі түрде жолға қойылуы нәтижесінде орташа өмір сүру ұзақтығы жетпіс үш жасқа иек артып отыр. Соның ішінде ауыл тұрғындарына амбулаториялық және стационарлық медициналық көмектер беру ісінің сапалық көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. Олардың дәрі-дәрмектермен қамтылу деңгейі – 100 пайыз.
– Қамидолла Мүтиғоллаұлы, Ұлт Жоспарына сәйкес денсаулық сақтау ісінде белгіленген қадамдар жөнінде қозғаған нақты әңгімеңіз үшін сізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Орал