Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Мұратбай Жолдасбаев «Азия-Еуропа» парламенттік ынтымақтастығы форумының 9-шы отырысына қатысты. Шара Моңғолияның астанасы – Улан-Баторда өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
«Азия-Еуропа» парламенттік ынтымақтастығы аясында қазақстандық депутаттар Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары Миеэгомбын Энхболдпен кездесіп, екі елдің заң шығару органдарының ынтымақтастығын үдетудің келешегін талқылады.
Жалпы отырыс барысында Моңғолия Парламентінің төрағасы Зандаахуугийн Энхболд Моңғолия үнқатысуды дамыту және сауданы ұлғайтудағы өзара іс-қимылға, «Азия-Еуропа» форумы негізгі міндеттерінің бірі болып табылатын екі құрлықтың инвестициялық байланыстарына үлес қосуға ұмтылатынына назар аударды.
Конференция қорытындысы бойынша «Азия-Еуропа» парламенттік ынтымақтастығының декларациясы қабылданды. Онда қатысушы елдердің әлемдегі және аймақтағы өзекті мәселелер бойынша келісілген қадамдары көрініс тапты.
Шараға Үндістан, Италия, Пәкістан және Таиланд парламенттерінің төрағалары, 11 елдің, атап айтқанда, Австралия, Индонезия, Финляндия, Мажарстан, Польша, Вьетнам және Испания парламенттері төрағаларының орынбасарлары, сондай-ақ, 32 елден және Еуропарламенттен 156 делегат қатысты.