Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесін әлем парламентшілерінің халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі ауқымды конференциясына қатысушылар қолдайды.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева мен палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Құралай Қаракен халықтың қоныстануы және дамуына бағытталған ауқымды конференция жұмысына қатысты. Исэ-Симада (Жапония) өтетін үлкен жетілік – 2016 Саммитінің құрметіне арналған маңызды форум 26-27 сәуір күндері Токиода өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Пленарлық отырыста «Тұрақты даму мақсаттары дәуіріндегі ауқымды ынтымақтастықта парламент өкілдері мен парламенттік желілердің рөлі» тақырыбында сөз алған қазақстандық делегация басшысы Г.Исімбаева шараға қатысушыларды Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының басымдықтарымен, сонымен қатар, біздің еліміздің ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосып жатқан үлесімен таныстырды.
Манифестің мәтіні конференцияға қатысушыларға ағылшын және жапон тілдерінде таратып берілді. Халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі парламентшілердің Азия форумы басшылығына, Жапония Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Т. Ошимаға табыс етілді.
Манифест қағидалары форумға қатысушылардың қызу қолдауына ие болды. Мәселен, Жаңа Зеландиядан келген Парламент депутаты Трейси Мартин манифесте айтылғандардың қатты таңғалдырғанын және Қазақстан Президентінің бейбіт өмірге үндеуін бұдан да үлкен халықаралық аудиторияға жеткізуге дайын екендіктерін білдірді.
Жұмыс сапары барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Жапония Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Т.Ошимамен, ХҚДПАФ төрағасы К.Такемимен, Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі жапондық парламенттік лиганың жетекшісі Т. Кавамурмен жүздесіп, парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
ХҚДПАФ атқарушы комитетінің 80-ші жиыны қарсаңында Гүлмира Исімбаева аталған парламенттік форумның Вице-төрайымы қызметіне бекітілген болатын.
Айта кетерлігі, 2016 жылы Исэ-Симада (Жапония) өтетін Үлкен жетіліктің 42-ші саммитін аталған ұйымның Тұрақты даму мақсаттары қабылданғаннан кейінгі алғашқы Саммиті деуге болады. Бұл – қатысушы-елдер көшбасшыларының халықтың қоныстануы мәселелерін шешу үшін қабылданатын шаралардың маңыздылығын даму жөніндегі барлық халықаралық келісімдерді жүзеге асырудың бір бөлігі ретінде көрсетудің ерекше мүмкіндігі.
Саммит қарсаңында әлемнің түкпір-түкпірінен Парламент өкілдері Токиоға саммит көшбасшыларының атына халықтың қоныстануы мәселелерінің өзектілігі туралы хабардарлықты арттыру жөнінде ұжымдық үндеу дайындау үшін жиналды.
Аталған конференцияны халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі Жапония парламентшілері федерациясы ХҚДПАФ-пен бірлесіп ұйымдастырды. Жоғары деңгейдегі шараға 68 елден 100-ден астам делегат қатысты.