1913 жылы туған Айша Дәрібекова облыстық кардиологиялық орталыққа «Жедел жәрдемнің» көмегімен биылғы 20 сәуірде таңғы сағат 5-тен асқанда жедел миокард инфаркт диагнозымен шұғыл жеткізіледі. Содан кейін кейуананың өмірін сақтап қалу үшін арпалыс басталды. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлер емдік шараларға бірден кірісті.
Жан-жақты тексерудің нәтижесінде сырқаттың сыры да лезде анықталды. Жүрек-қан тамырларының ішіндегі түйіршектерді еріту мақсатында тромболитикалық дәрі жіберіліп, жедел түрде тамырішілік эндосваскулярлық жолмен қан тамырына стент қою отасы жасалды. Сөйтіп, облыстық кардиоорталық қызметкерлері 103 жастағы қарияның өмір жасын ұзартуға септігін тигізді.
Аталмыш кардиоорталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітов және орынбасары Гүлмира Әліпова журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында осы жайттарды тілге тиек етті. БАҚ өкілдерін пациентпен жүздестіріп, операция блогына кіргізді.
– Қазір қауіптің беті қайтқаннан соң Айша Дәрібаеваның денсаулығы бірқалыпты. Көңіл күйі де көтеріңкі. Біздің ауруханада бұрын 95 жастағы науқасқа операция жасалған болатын. Енді, міне, 103-ке келген әжеге жасалған ота да ойдағыдай өтті. Біз эндоваскулярлық стенттеу отасын жасауда науқастың жасына ешқандай шектеу қойылмайтынын баса айтқымыз келеді, – дейді бас дәрігер.
– Құдайдың мұнысына да шүкір! Дәрігерлерге аналық алғысымды айтамын. Өркендері өссін! – дейді ғасырдан ұзақ жасаған әже.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ
Оңтүстік Қазақстан облысы