• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Ел мақтанышы кімдер екен?

748 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­­хана­да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ел мақтаныштары» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш рухани ордаға жинал­ған қауым мен көрме қонақтары тәуелсіз еліміздің дамуына ерен еңбек сіңірген танымал тұлғалардың фотобейнелерін тамашалау бақытына ие болды. Бұл фотокөрмені Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің, Астана, Алматы қалалары, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхана мен «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігі бірігіп ұйымдастырып отыр. Көрмеде Халық қаһарманы, Қазақстанның Еңбек Ері атақтарына ие болған тұлғалардың, Олимпиада чемпиондары, мәдениет пен эко­номика сала­ларындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаттары және өнер майталмандарымен қоса, зиялы қауым өкілдерінен құралған бір­қатар азаматтардың суреттері қойылған. Мәсе­лен, Халық қаһармандары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, Бақытжан Ертаев, Мұхтар Алтынбаев сынды ағаларымыз да бар. Адам – күрделі туынды. Онға жуық кәнігі фотографтар мен фототілшілердің қас-қағым сәтті қырағы шеберлікпен шынайы әрі еш боямасыз табиғи қалыпта түсіріп алған сурет­тері көрме қонақтарының көңілінен шықты деуге толық негіз бар. Атап айтсақ, Асылхан Әбдірайымов, Оңғарбек Алқаров, Мұхтар Холдорбеков, Тұрар Қазанғапов, т.б. Оның ішінде жас болса да өзіндік қолтаңбасымен елге танылып жүрген біздің әріптесіміз Ерлан Омаровтың да шоқтығы биік фотосуреттері қойылған екен. Мұндағы бір ерекшелік, бұл фотосуреттер бұрын-соңды жарияланбаған және көрмеге тұңғыш рет қойылып отыр. Жобаның түпкі мақсаты – болашақ ұрпаққа арнап еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде болған мемлекеттік, қоғамдық және рухани маңызы бар оқиғалардың фотошежіресін жасау екен. Ізгі ниетке ақ жол тілейміз. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ