• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Үш тілді үздік үйрену үшін

522 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанда қанатқақты жоба қолға алынды Елбасы Жолдауында «Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар» деуі бүгінгі сәт сайын құбылатын қоғамға қажетті оң өзгерістер мен жаңалықтарды жатсынбаудың, қайта уақыт жүлгесімен жеткен жақсылыққа бейімделе білудің де пайдаға асатынын айтқаны деп түсіндік. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде жүзеге асырыла бастаған үштілділікті дамыту үдерісі жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айжан САДЫҚОВАМЕН әңгімелескен едік. – Айжан Ерханқызы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласында білім берудің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетінін айтты. Осы орайда Шығыс өңірінде көптілділікті, нақты айтқанда үштілділікті дамытудың Кешенді жоспары қабылданғаны мәлім. Бұл жобаның маңызы неде? – Қай кезеңде де көп тіл білетін азаматтар мемлекеттің төл мәдениетімен қатар, әлем мәдениетін танитын, халықаралық достық пен бірліктің артуына кепілді күш салатын азаматтар болмақ. Сондықтан, өзінің өміршеңдігімен көпшіліктің қолдауына ие болған үштұғырлы тіл бағдарламасының келешекке берері мол. Әсіресе, қабілеті жоғары, дарынды балалардың мектеп қабырғасында өздері оқып жүрген пәндердің мазмұнын шет ел тілдерінде еркін жеткізуі және оны түсіне білуі – үлкен жетістік. Мектептегі білім беру мазмұнын жаңар­ту­дағы мұғалімнің атқаратын маңызды рөлін ескере отырып, есепті кезеңде облысымызда педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша арнайы бекітілген оқу жос­парына сай ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға отандық және шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр. Оған жергілікті бюджеттен қомақты қаржы қарастырылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білім саласында қызмет еткеннің бәрі Қазақстанның келешегіне қызмет етеді» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Бұл ұлағатты сөз ең алдымен мұғалім қауымына ерекше жүк артып отыр. – Облыс әкімі Даниал Ахметов өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде бірлі-екілі сөз сөйлеп, ән шырқағанына риза болып отырудың заманы өткенін, тілді меңгеруде нақты нәтижелерге көшу керектігін баса айтқан болатын. Яғни, тілді оқыту шараларының ерекшелігі неде? – Президент бес институттық реформа мен «100 нақты қадамда» мектептер бәсекеге қабілетті болуы үшін білім саласында сатылап, ағылшын тілінде оқытуға көшу керектігін тағы бір нақтылады. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысында аталған үштұғырлы тілді енгізу міндетін жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша, былтыр 11 маусымда 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Бұл ретте облыстың білікті педагогтарынан арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру институтының облыстық филиалы мен өңір мектептерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен озық білім беріп жүрген жаңашыл мұғалімдері енген-ді. Кешенді жоспардың басты мақсаты оқу­шылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруіне орай ұйымдастырушылық, әдістемелік, қаржылық жағынан жағдай жасай отырып, олардың тілдерді еркін игеруіне жол ашу болса, міндеті көп тілді оқыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында отандық және халықаралық тәжірибелерді меңгеру, көптілділікті енгізу барысында нақты оқу-әдістемелік құралдарды шығару және тағы басқа шаруалар болып табылады. 2015-2019 жылдары толығымен жүзеге асыру көзделіп отырған жоспар негізінен үш кезеңде орындалмақ. Яғни, бірінші кезең – 2015-2016, екінші кезең 2016-2017, ал соңғы, үшінші кезең 2018-2019 оқу жылдарында іске асатын болады. Аталған шаруалардың жүйелі орындалуы үшін тілдерді оқыту сағаттарын көбейту, бірыңғай оқулықтар сатып алу, пән мұғалімдерін қайта даярлау курстарынан өткізу, аталған пәндер бойынша оқу-әдістемелік кешенін жасау, заманауи сандық білім ресурстарымен қамтылуы үшін мектептерді интернет жүйесіне қосу және пәндік салада (физика, химия, информатика, биология, тарих және қазақ әдебиеті) үштілділікті оқытуға көшу бойынша кадрлық және әдістемелік жағдай жасау басқа да көптеген жұмыстар қолға алынып отыр. Атқарылған іс нақты нәтиже-қоры­тынды арқылы көрінетіні белгілі. Республика бо­йынша үштұғырлы тілді меңгеру жөнінен қанатқақты облыс ретінде алынып отырған өңіріміздегі бұл кешенді жос­пардан да үлкен нәтиже күтілуде. Сонымен, 2019 жылы облысымызда білім беру саласындағы тілдік пәндер мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігі өседі, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша бірыңғай оқу-әдістемелік кешені енгізіледі және оқушылардың бірнеше тілде сөйлеуі бо­йынша тілдік білімділігі қалыптасады деген үміт мол. – Үш тілді үздік меңгеруге қандай кепілдік беріледі? – Жан-жақты қамтуды қажет ететін және төрт жылға негізделген бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыру мақсатында қаражат қарастырылып отыр. Жалпы, былтырдан бері қолға алынған бұл кешенді жоспар бойынша көптеген жұмыс жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы қараша айында Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім ака­демиясының ғылыми-зерттеу орталығынан, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ білім бағдарламалары орталығынан және «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуді дамыту департаментінің ғалымдарынан құралған сараптау комиссиясы облысқа арнайы келді. Олар өңірде қолға алынған үштұғырлы тілді меңгеру мәселесімен егжей-тегжейлі танысып, өз ескертпелерін жасады. Сондай-ақ, жұмыс қорытындысында бұл бағыттағы шаруалар бастамасына оң бағасын берді.  Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»  Шығыс Қазақстан облысы